• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Спорт 07 Маусым, 2023

Даян шеберлері дараланбады

2514 рет
көрсетілді

Әзербайжанның астанасы – Бакуде таэквондодан ерлер мен әйелдер арасындағы әлем чемпионаты аяқталды. Бұл жарыста Қазақстанның 16 өрені бақ сынады. Каспий теңізінің арғы жағалауына сапар шеккендер қатарында бұған дейін де көптеген дүбірлі додада табысты өнер көрсетіп, үлкен тәжірибе мектебінен өткен сақа спортшылар да аз болған жоқ. Өкінішке қарай, сол мықтылардың бірде-біреуі жеңіс тұғырына көтеріле алмады.

Қазақстан таэквондосының іргетасын Түркияда дүниеге келіп, Германияда тұр­ған қандасымыз Мұстафа Өзтүріктің қалағанын барша жұрт жақсы біледі. Ол біртуар тұлға Бексейіт Түлкиевпен бірге осы өнердің құлашын кеңінен жайып, көсегесін көгертуге сүбелі үлес қосты. Бір­­ақ ұлағатты ұстаздардың өмірлері кел­те болды. Мұстафа Қабенұлы 1995 жылы 40 жасында, Бексейіт Әбдезұлы 1998 жылы 43 жасында фәниден бақиға ат­танды. Алаштың арыстай азаматтары қапияда қаза тапқаннан кейін респуб­ликалық федерациясының тізгінін Шам­сат Исабеков ұстады. Іскер басшы осы қызметте отырған 13 жылға жуық уақыт аралығында ауқымды шаруалар атқарып, спорттың бұл түрінің өркендеуіне барынша атсалысты.

Өткенге зер салсақ, әлем чемпио­на­ты­­ның алғашқы жүлдесіне жерлес­теріміз 1999 жылы қол жеткізген екен. Канаданың Эдмонтон қаласында жалауы желбіреген жарыста 84 кило салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен 20 жастағы Шымкенттің шымыр жігіті Әділхан Сағындықов қола медальді мойнында жарқыратты. Оған дейін Бангкокта алауы тұтанған Азия ойындарында жеңіс тұғырына көтерілген Сұлтанмахмұт Шоқпытовтың шәкірті Үйеңкі жапырақтар елінде ирандық Маджид Афлаки мен түркиялық Ясин Ягизден ғана қалып қойды.

2003 жылы Германияның Гармиш-Партенкирхен қаласында атыраулық Лия Нұркинаның бағы жанды. 67 кило салмақта сынға түскен ол кореялық Ли Хон Хи мен хорватиялық Сандра Шаричті алға жіберіп, үшінші сатыға табан тіреді. Кейіннен Лия Дүниежүзілік универсиада мен Азия чемпионатында дәл сол межеден көрінді.

2007 жылы Бейжіңде ұйымдас­ты­рылған дүбірлі додада Мақсұт Нарбаев жаттықтырған Қазақстанның ұлттық құрамасы өз тарихындағы ең зор табысына қол жеткізді. Қытайға аттанған үш даян шеберлері олжаға кенелді. Бұл жа­рыста Аслан Батықұлов (54 кило), Ар­ман Шылманов (84 кило) және Назгүл Тәжігүлова (51 кило) қола медальдарды қоржынға салды. 2009 жылы қайта сол Шылманов Данияның Копенгагенінде үшінші сатыға жайғасты. Жалпы, ауыр және аса ауыр салмақ дәрежелерінде өнер көрсеткен бұл жігіттің ел спортына сіңір­ген еңбегі зор. Ол – Бейжің Олим­пиадасының қола жүлдегері атанып, Азия ойындарында үш рет үшінші орынды иеленді, құрлық чемпионатында 1 алтын, 2 күміс және 2 қола медаль еншіледі. Теміртауда туып-өсіп, кейіннен Атырауға қоныс аударған Арманның бұл жетістігін әлі күнге дейін еліміздің бірде-бір таэквондошысы қайталай алған жоқ.

2013 жылы отандық федерацияның басшылығына олигархтар келді. Сол кезде олар «қаражатты үйіп-төгеді, даян шеберлерінің еш алаңсыз даярлануына барынша жағдай жасалады, соның арқасында біздің спортшылар түрлі-түсті медальдарды үйіп-төгіп алады» деп пайымдадық. Бірақ мұнымыз бекер екен. Соңғы 10 жыл уақыт аралығында жерлестеріміздің шамасы екі жүлде алуға ғана жетті. Атап айтсақ, 2017 жылы Оңтүстік Кореяның Муджу қаласында шымылдығы түрілген дүниежүзілік додада Қайрат Сарымсақовтың өнеріне тәнті болдық. 74 кило салмақта күш сы­насқан қандасымыз ресейлік Максим Храмцов пен өзбекстандық Никита Рафа­ловичтен кейінгі үшінші орынға тұрақтады. Дәл сол Қайрат 2019 жылы Ұлы­британияның Манчестер қаласында жалауы желбіреген жарыста қайта қола медальді қанжығасына байлады. Тұ­манды Альбионда италиялық Симоне Алессио алтын алса, иорданиялық Ахмад Абугауш күміспен күптелді. Міне, 1993-2023 жылдар аралығында 15 рет ұйым­дастырылған әлем чемпионатында Қазақ­станның даян шеберлері бар-жоғы сегіз жүлдеге ғана қол жеткізе алды. Оның бар­лығы да қола медаль. Әрине, бұл көрсет­кішке «көңіл толады» деп айта алмаймыз.

Бакудегі додада таэквондошыларымыз барлық 16 салмақ дәрежесінде күш сынасты. Яғни 16 спортшы жарыс көрігін қыздырды. Өкінішке қарай, олардың бірде-біреуі жеңіс тұғырына көтеріле алған жоқ. Ең тәуір нәтижеміз – Рита Бәкішева (46 кило) мен Жансел Дениздің (73 кило) ширек финалға дейін жетуі. Шешуші тұста Рита хорватиялық Ле­на Стойковичке, Жансел ресейлік По­лина Ханға есе жіберді. Ал өзге өрен­де­ріміз қалың топтың арасында қалып қойды.

Ерлер мен әйелдерді қоса алғанда жалпыкомандалық есепте Оңтүстік Корея (3 алтын+1 күміс+0 қола) мен Түркияның (3+0+3) қарқыны өте күшті болды. Олар алдыңғы екі орында өзара бөлісті. Үшінші және төртінші сатыға Хорватия (2+1+3) мен Франция (2+0+0) жайғасты. Бейтарап команда ретінде жарыс жолына шыққан Ресей спортшылары (1+1+5) үздік бестікті түйіндеді. Сондай-ақ ТОП-10 команданың қатарына Ұлыбритания (1+1+2), Иран (1+0+2), Кот-д’Ивуа́р (1+0+1), Мажарстан (1+0+0) және Италия (1+0+0) қосылды. Тіпті, іргеміздегі Өзбекстанның өзі атал­ған жарыстан төрт жүлдемен оралды. Оның біреуі күміс, үшеуі қола. Ал біз болсақ, Бакуден басымызды салбыратып қайттық.

 

2023 жылғы әлем чемпиондары

Ерлер: 54 кило – Парк Тай Джун (Оңтүстік Корея), 58 кило – Пэ Джун Се (Оңтүстік Корея), 63 кило – Хакан Речбер (Түр­кия), 68 кило – Брэдли Синден (Ұлы­британия), 74 кило – Марко Голубич (Хорватия), 80 кило – Симоне Алессио (Италия), 87 кило – Канг Санг Хьюн (Оңтүстік Корея) және +87 кило – Шейк Саллах Сиссе (Кот-д’Ивуа́р).

Әйелдер: 46 кило – Лена Стойкович (Хорватия), 49 кило – Мерве Денчил (Түр­кия), 53 кило – Нахид Кияничандех (Иран), 57 кило – Луана Мартон (Ма­жарстан), 62 кило – Лилия Хузина (Ресей), 67 кило – Магда Вит Энен (Фран­ция), 73 кило – Альтея Лорен (Франция) және +73 кило – Нафия Куш (Түркия).