• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Отбасы 07 Маусым, 2023

Әрбір отбасы қолдаусыз қалмайды

2515 рет
көрсетілді

Балалы отбасыларды әлеуметтік қолдау іс-шараларын тиімді ұйымдастыру ұдайы назардан түспейді. Бұл бағыттағы жұмыстардың жай-жапсары жөнінде Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте хабарланды.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрлері Ербол Оспанов пен Назгүл Сағындықова аталған тақырыпта журналистердің сұрағына жауап беріп, біраз мағлұматпен бөлісті.

– Мемлекет басшысы жақында қол қойған Әлеуметтік кодекс әрбір отба­сының әл-ауқатын арттыруды және нығайтуды көздейді. Президенттің тапсырмасы бойынша 1 қаңтардан бастап Отбасының цифрлық картасы (ОЦК) немесе барлық отбасының дербес деректер қоры іске қосылды. Оны енгізудің негізгі мақсаты – әрбір отбасының мемлекеттік қолдау жүйесіне тең қол жеткізуін қамтамасыз ету. ОЦК Smart Data Ukimet ақпараттық-талдау жүйесінде жүзеге асырылып, мемлекеттік органдардың дерекқорларымен үйлестірілді. Smart Data Ukimet деректерді жинайды және өңдейді, содан кейін отбасының әл-ауқатын 5 санат бойынша анықтайды. Бағалаудың негізгі критерийлері – жиын­тық табыс, әлеуметтік өмір сүру жағ­дайы, денсаулық, жұмыспен қамту, білім беру мен әлеуметтік көмекке қажет­тілік және т.б. Отбасының әл-ауқатын авто­матты түрде анықтағаннан кейін ОЦК проактивті форматта азаматтарға тиесілі мемлекеттік қолдау іс-шараларын ұсынады. Бүгінгі таңда 20 мыңнан аса азаматқа мемлекеттік қолдау іс-шаралары тағайындалды, – деді Е.Оспанов.

Оның айтуынша, ана мен баланы әлеуметтік қолдау көп деңгейлі әлеу­меттік көмек және әлеуметтік сақтан­дыру жүйесі арқылы жүзеге асады. Қазір­гі уақытта балалы отбасыларға рес­­пуб­ликалық бюджет есебінен мемле­кет­тік жәрдемақының 5 түрі және Мем­лекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры­нан әлеуметтік төлемдердің 2 түрі төленеді. Биыл жалпы сомасы 1,8 трлн теңгеге 3,5 млн отбасы үшін әлеуметтік төлемдер қарастырылған. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда 25%-ға көп. 2023 жылдың 4 айында әлеуметтік жәрдемақылар немесе төлемдер 2 млн 653 мың отбасына тағайындалды.

Сондай-ақ отбасының әрбір мүше­сінің табысы белгіленген кедейлік шегі­нен төмен болған жағдайда мемлекет атаулы әлеуметтік көмек, ал 1 жастан 6 жасқа дейінгі әрбір балаға қосымша кепілдендірілген әлеуметтік топтама ұсынады. Биыл 1 қаңтардан бастап осы көмекті алушылардың өтініші бойынша әлеуметтік топтама әрбір балаға 1,5 АЕК мөлшерінде қосымша ай сайынғы төлем түрінде заттай түрден ақшалай фор­матқа ауыстырылды (2023 жылы – 5 175 теңге). Бұл – Әлеуметтік кодексте көзделген балалары бар отбасыларға әлеуметтік қолдауды күшейту жөніндегі іс-шаралардың бірі. 1 ма­мырдағы жағдай бойынша АӘК-ті 500 мыңға жуық адам алып жатыр, төлемдердің орташа көлемі балаларға берілетін ақшалай төлемді қосқанда 15,4 мың теңгені құрады. Өткен жылы бір адамға АӘК-тің орташа айлық көлемі 6,5 мың теңгені құрады.

Өз кезегінде Назгүл Сағындықова мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларды әлеуметтік қолдау іс-шаралары туралы айтып берді.

– Әлеуметтік кодекс аясында биыл 1 шілдеден бастап мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған ата-аналарға берілетін мемлекеттік әлеуметтік жәр­дем­ақылардың, арнаулы мемлекеттік жәрдемақылар мен жәрдемақылардың көлемі орта есеппен 14,5%-ға ұлғай­ты­лады. 2023 жылға арналған респуб­ликалық бюджетте мүге­дектігі бойын­ша жәрдемақы төлеуге – 379 млрд теңге, мүгедектігі бар баланы тәрбие­леп отырған ата-аналарға жәрдемақы мен арнаулы мемлекеттік жәрдемақыға – 71,7 млрд теңге, асыраушысынан айыры­лу жағдайы бойынша жәрдемақыға 113,8 млрд теңге бөлу көзделді. Жалпы, 1 шілдеден бастап төлемдер көлемін ұлғайтуға республикалық бюджеттен қосымша 41 млрд теңге бөлінді. Мүгедектігі бар адамдар, оның ішінде балалар да протездік-ортопедиялық көмекпен, сурдо-тифлотехникалық құралдармен, кресло-арбалармен, санаторий-курорттық емдеумен, міндетті гигиеналық құралдармен, жеке көмекшінің (тек ересектерге арналған) және ымдау тілі маманының қызметімен қамтамасыз етіледі. Жыл сайын мүгедектігі бар адамдарға 400 мыңға жуық тауарлар мен қызметтер ұсынылады. Бұл мақ­саттарға жыл сайын 71 млрд теңгеден аса қаржы бөлінеді, – деді Н.Сағындықова.

Сондай-ақ 2023 жылдың 1 шілдесінен бастап мынадай қосымша қолдау іс-шара­лары жоспарланған екен. Атап айтқанда, жөргектердің көлемін күндігіне 2 данадан 4 данаға дейін ұлғайту; қанатқақты режімде дәрігерлік-консультациялық комиссияның қорытындысы бойынша ақыл-ой кемістігі бар балаларға санаторий-курорттық емдеу қызметтерін көрсету (сүйемелдеуге арналған шығындар күніне 11 мың теңге жолдама құнының 70%-ын құрайды); мүгедектігі бар балаларды майланған катетермен қамтамасыз ету.

Мүгедектігі бар балаларға туындаған әлеуметтік проблемаларды еңсеру және қоғам өміріне араласу мүмкіндіктерін тең жағдайда қалыптастыру мақсатында стационар, жартылай стационар, үйде күтім жасау жағдайларында арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсынылады. Қазіргі уақытта әлеуметтік қорғау жүйесінде тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға арналған стационарлық үлгідегі 4 әлеуметтік қызмет көрсету орталығы, психоневрологиялық патологиясы бар балаларға арналған 16 орталық жұмыс істейді. Жартылай стацио­нар жағдайында және үйде арнаулы әлеу­меттік қызмет көрсету баланың отбасымен бірге болуына бағытталған. 75 күн­дізгі ұйым­да 3,5 мыңға жуық бала қыз­мет алады. Сондай-ақ 1,3 мыңға жуық балаға 18 оңалту орталығы жағдайында арнау­лы әлеуметтік қызметтер көрсетіледі. Елі­міз­де барлығы 215 үйде әлеуметтік көмек бөлімшесі жұмыс істейді, онда 10 мың­нан аса бала қамтылған. Жартылай стацио­нар­лық және үйде қызмет көрсетудің мемле­кеттік ұйымдарымен қатар арнаулы әлеуметтік қызметтерді 10 мыңнан аса адам­ға, оның ішінде мүгедектігі бар 6 мың­нан аса балаға 182 үкіметтік емес ұйым ұсынады.

Бұған қоса «Қамқорлық» бастамасы аясында 2023 жылы «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ, «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен аутизм спектрі және басқа да менталдық бұзушылықтары бар бала­ларға арналған 8 күндізгі орталығын ашу жос­парланған. Осындай орталықтар 2 жә­не 3 сәуірде Шымкент және Павлодар қала­ларында, жақында Талдықорған және Өскемен қалаларында да ресми ашылды.