«The Hockey News» сайты өткен айда Финляндия мен Латвияда ұйымдастырылған әлем чемпионатында айрықша көзге түскен жеті ойыншының есімін атады.
Солардың қатарында Қазақстан құрама командасының қорғаушысы Әділ Бекетаев та бар. Ол 1998 жылдың 23 сәуірінде Солтүстік Қазақстан облысында дүниеге келді. Бойы 194 сантиметр, салмағы 88 кило. Қандасымыз кезінде Нефтекамскінің «Торосы» мен Өскеменнің «Торпедосының» жастар командасында өнер көрсетті. 2018 жылы Бүкілресейлік хоккей лигасында (БХЛ) ойнаса, 2021 жылы Астананың «Барыс» клубының жейдесін киді. Әділ арасында «Номадтың» да намысын қорғады. Биылғы маусымда «Барыстың» сапында 64 рет мұзайдынға шыққан ол 21 ұпай жинады. Соңғы екі жылда Бекетаев ұлттық командамыздың құрамында әлем чемпионатының элиталық дивизионында айшықты ойын өрнегімен көзге түсті.
Жоғарыда аталған сайттағы мақала авторының пікірінше, солақай стильде ойнайтын дарынды қазақ қорғаушысына жуық арада Ұлттық хоккей лигасының (ҰХЛ) скауттары назар аударуы әбден мүмкін.