• RUB:
    4.88
  • USD:
    443.44
  • EUR:
    480.51
Басты сайтқа өту
Жәдігер 07 Маусым, 2023

Отырардың тарихи құбырлары

307 рет
көрсетілді

Отырар ежелгі заманнан-ақ қала­сында ғылым мен мәдениет, сауда өндірісі, даласында егін, мал шаруашылығы қатар дамы­ған әлемдік мәдениеттің ірі орта­лық­тарының бірі болған. Ежелгі жазба деректерде: «Отырардың аумағы ұзындығы мен еніне қарай шамамен бір күндік жер болған». Яғни Отырар сол кезде 200 гектардай жерді алып жатқан.

Отырарға іргелес орналасқан оты­­рықшы-егінші қоныстар кеңейе бас­таған. Қаланың өзі де қолөнершілер тұрағы – рабадтың есебінен дами түс­кен. Құрылысы жүйелі жүргізіле баста­ған­дықтан онда біркелкі үйлер бой тү­зе­ген. Су құбыры, канализациялық жүйесі жөнге келтірілген. Қаланың орта­лығы да, ірге­лес рабаттары да қамал қор­ған­мен қор­шалған. Егіншіліктің дамуы да қалалар санының артуына байланысты болды. Қала сыртындағы егін егуге жарамды жерлер игеріле бастады. Арық каналдар арқылы суару жүйесі дамып, жетілдірілді. VII-VIII ғасырларда Оты­рар ал­қа­бында Арыс өзенінің суына негіз­дел­ген суландыру жүйесі салынған. Бұл кезеңнің бас каналдарының арналары, кейінгі кезеңдікіне қарағанда жерден биік орналасқан жал болып қал­ған. Суландыру жүйесі қалдықтары Оты­рардың солтүстігінде, Пышақшытөбе ма­ңында жақсы сақталған.

Керамикалық құбырлардың қазба барысындағы көрінісі

Отырар қаласында жүргізілген ар­хеологиялық қазба барысында көп­теген тұрмыстық бұйымдардың қал­дықтары табылып жатады. Солар­дың қатарында басым бөлігі саздан жа­сал­­ған керамикалық бұйымдар. Осы та­былған керамиканың бай жинақ­та­ры сол заманда тек табыс көзі ғана емес, сонымен қатар көркемөнер туын­ды­сы болған. Осындай заттарды жа­са­ған Отырардың құмырашылары Сыр­да­рия­ның орта ағысында орналасқан бас­қа да қалалардың мақтанышы болған­ды­ғы тарихтан белгілі. Отырар қала жұрттарындағы 2021 жылы табыл­ған ол­жалардың ішінен музейіміздің қо­рын толықтырған су құбырлары ерекше көзге түседі. Қаланың орталығы­на осы саз­дан жасалған керамикалық құбыр­лар ар­қы­лы ауыз су жеткізгеніне археология­­лық қазба жұмысы барысында анықтал­ған магистралды құбырлар жүйесі дәлел бола алады. Керамикалық құ­бырлар ауыз суды жеткізумен қатар қа­­ла­ның орталығындағы лас суларды, жа­уын-шашын қалдықтарын да сыртқа шығару қызметін атқарған. Құбырлар­мен қатар науа тәрізді су тартуға арнал­ған арықшалардың да археологиялық қазба барысында кездесіп жатуы осыны меңзеп тұрғандай. Тұрғын-үйлер­дің санитар­лық жүйелері де толыққан­ды жұмыс істе­гендігі осы археологиялық қазба барысы­нан белгілі. Моншаның маңында жүр­гізілген қазба барысын­да анықталған жерасты галереясы, онда­ғы тартылған су құбырлары қала­лық мәдениеттің жоғары болғандығын дәлелдейді.

Керамикалық бұйымдарды қайта желімдеу жұмыстары

Реставраторларымыз археология­лық зерттеулердің нәтижесінде анықтал­ған керамикалық құбырларды қайта қалпы­на келтіру жұмыстарын жүргізген болатын. Мұндағы мақсат – музейге келу­ші көрермендерге заттың толыққан­ды піші­нін көрсету, оның алдағы уақыт­та сақ­талуын қамтамасыз ету болатын. Ты­ным­сыз еңбектің нәтижесінде қат-қабат топырақтың астында қаншама ға­сыр көміліп жатқан құбырлар қайта жаң­ғырғандай күйге енді. Табылып жат­қан керамикалық құбырлар көлемі жағы­нан әркелкі. Біз қайта қалпына келтірген құбырлар қызғыш түсті саздан күйдірілген. Ауыз бөлігі сүйірлеу, түбі кеңдеу келеді. Яғни бір-біріне кигізуге ыңғайлы түрде жасалған. Ұзындығы 80 см, ауыз бөлігінің диаметрі 18,5 см. Тү­бінің диаметрі 28 см. Қабырғаларының қалыңдығы 1,5 – 2 см.

Керамикалық құбырдың реставрациядан кейінгі көрінісі

Реставрациялық жұмыс бірнеше ке­зеңмен жүргізілді. Қалпына келтіру жұ­мысын бастамас бұрын реставрациялық және консервациялық жұмыстардың жолдары мен әдіс-тәсілдері талқыланып, реставрациялық Кеңес отырысының ­хаттамасы жасалды. Толыққанды зерттеу жұмысы жүргізіліп, соның нәтижесі бо­йынша қалпына келтіру әдісі анық­талды. Қалпына келтіру жұмыстары бұл салада затты жүйелі түрде зерттеу­ге және қал­пына келтірудің маңызды шешімдерін қарастыруға бағытталды.

Заттың табылған кездегі жай-күйін толыққанды бейнелеу мақсатындағы ғылыми сипаттамасы жазылды. Зат­тың материалына, жасалу техникасына талдау жасалып, зақымдалу себепте­рін анықтау мақсатында зерттеулер жүргізілді.

Керамикалық құбырларды тұздан тазарту жұмыстары жүзеге асты. Топы­рақтың астында ұзақ жатқандықтан температуралық-ылғалдылықтың күрт өзгеруінен бетінде кристалдық түзі­лім­дер пайда болғандықтан, жуу және булау арқылы тұздан тазалау жұмыстары атқарылды.

Жоспарлы қалпына келтіру жұ­мыс­тары кезінде су құбырының сынған бөліктері қайта желімделіп, сақталма­ған бөліктерінің орны гипс­пен қайта қал­пына келтірілді. Гипс бөліктерінің түсін бастапқы қалпына барынша жақындату, ұқсату мақсатында саздан жасалған сұйықтықпен сырланды.

Қалпына келтіру жұмысы бары­сын­дағы барлық кезең суретке түсі­рі­ліп, кезеңдер атқарылған күні бойынша құжатталды.

 

Бауыржан СҰЛТАНМҰРАТОВ,

«Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығының бөлім меңгерушісі