• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Медицина 07 Маусым, 2023

Шалғайға – дәрігерлік көмек

273 рет
көрсетілді

Шалғайдағы елді мекендер медицинаға көп жүгіне бермейді. Оған бірден-бір себеп – тұрмыстың шырғалаңы. Осы ретте Жетісуда жылжымалы медицина кешені қызмет етеді. Ол ауыл-аймақты тегістей аралап, әрқайсысында бір ай бойы тұрғындарды қабылдайды.

Бүгінде аталған кешен Сарқан ауданында. Халыққа мамандандырылған меди­ци­налық көмектің қолжетімділігін жақсарту үшін қолға алынған игілікті іске тұрғындар дән риза. Бір жыл ішінде медициналық кешен барлық елді мекенді аралауды мақсат тұтып отыр.

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ Жетісу облысы бойынша филиалы­ның мәліметінше, кешен барлық қажетті диаг­нос­тика­лық аппаратпен жабдықталған: рентген, ультра­дыбыстық, стоматологиялық электрокардиограф, көз қысымын өлшегіш және басқа зертханалық жабдықтар. Терапевт, гинеколог, хирург, кардио­лог, стоматолог, ультрадыбыстық дәрігер, окулист, невропатолог сияқты білікті мамандар тобы шалғайдағы елді мекендердің тұрғындарына сапалы медициналық көмек пен кеңес береді.

«Жылжымалы медициналық кешен ауыл тұр­­ғын­дарының басым бөлігін қамтуға және көр­се­тілетін қызметтердің сапасын арттыруға мүм­кіндік береді. Ауруды ерте анықтауға, оларды кең көлемде емдеуге және жалпы халықтың денсау­лығын жақсартуға көмектеседі. Шалғайдағы елді мекен­дердің тұрғындарына ультрадыбыстық, флюорография, ЭКГ сияқты зерттеулерді аудан орталығына бармай-ақ жүргізуге болады. Халық үшін бұл – үлкен артықшылық», дейді невропатолог дәрігер Жаңабек Каналбеков.

Жалпы, практика дәрігерінің кабинетінде пациент тексеріледі, қан айналымы, тыныс алу, эндо­криндік, ас қорыту жүйесі ауруларының, қан және гемопоэз органдарының, сондай-ақ басқа да органдар мен жүйелердің қауіп факторлары анықталады, қажетті емдеу тағайындалады, салауатты өмір салтын насихаттау және қалыптастыру бойынша профилактикалық іс-шаралар жүргізіледі. Ал созылмалы инфекциялық емес аурулары бар динамикалық бақылаудағы адамдарға медициналық кешеннің зертханалық-диагностикалық ресурстарын пайдалана отырып, динамикалық мониторингін реттейтін нормативтік-құқықтық актілерге сәйкес білікті медициналық көмек көрсетіледі.

Функционалдық диагностика кабинетінде: іш қуысының, қалқанша безінің ультрадыбыстық зерттеуі, интерпретациямен жүректі электро­кар­диографиялық зерттеу жүргізіледі. Акушер-гинекологтің кабинетінде әйелдердің нысаналы тобын бастапқы тексеру, Пап-тест, ісік патологиясын анықтау үшін сүт бездерін тексеру жүргізіледі.

Зертханалық диагностика кабинетінде қан­дағы глюкоза, холестерин деңгейін анықтау, қан триглицеридтері бойынша зерттеулер жүргізеді, биохимиялық зерттеулер: жалпы, тікелей билиру­бин, аланинаминотрансфераза, аспартатаминотрансфераза, креатинин, мочевина, жалпы ақуыз, калий, натрий, зәрдің жалпы клиникалық талдауы жасалады. Рентгенограмма кабинетінде тубер­кулезді, өкпе ісіктерін және басқа да созылмалы ауру­ларды диагностикалау мақсатында тексеру жүр­гізу үшін цифрлық флюорограф пайдаланылады.

«Біздің ауыл аудан орталығынан алыс орна­ласқан. Мен көпбалалы анамын және осындай жылжымалы медициналық пунктте тексеруден өту өте ыңғайлы. Үйден алыс кетпей, іш қуысының ультрадыбыстық зерттеуін жасаттым, одан әрі емделуге жолдама алдым», деп ойымен бөлісті Қарабөгет ауылының тұрғыны.

Естеріңізге сала кетейік, жылжымалы меди­цина­лық кешенде тексеруден өту үшін дәрігердің жолдамасы қажет емес. Бұл кешенде медициналық көмек тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және сақтандырылған азаматтарға міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі шеңберінде тегін көрсетіледі. Айта кетейік, Сарқан ауданында 40-қа жуық елді мекен бар. Тұрғындарға орталық аудандық ауруханадан басқа 7 дәрігерлік амбулатория, 4 фельдшерлік-акушерлік және 14 медициналық пункт қызмет көрсетеді.

Сақтандыру мәртебесі мен медициналық қыз­меттердің сапасына қатысты сұрақтар туындаған жағдайда емхананың пациенттерді қолдау қыз­метіне, сондай-ақ әлеуметтік медициналық сақ­тан­дыру қорына fms.kz ресми сайты, 1414 байланыс орта­лығы, Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы мен Telegram-дағы SaqtandyryBot байланыс арнасы арқылы жүгінуге болады.

 

Жетісу облысы