Шалғайдағы елді мекендер медицинаға көп жүгіне бермейді. Оған бірден-бір себеп – тұрмыстың шырғалаңы. Осы ретте Жетісуда жылжымалы медицина кешені қызмет етеді. Ол ауыл-аймақты тегістей аралап, әрқайсысында бір ай бойы тұрғындарды қабылдайды.
Бүгінде аталған кешен Сарқан ауданында. Халыққа мамандандырылған медициналық көмектің қолжетімділігін жақсарту үшін қолға алынған игілікті іске тұрғындар дән риза. Бір жыл ішінде медициналық кешен барлық елді мекенді аралауды мақсат тұтып отыр.
«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ Жетісу облысы бойынша филиалының мәліметінше, кешен барлық қажетті диагностикалық аппаратпен жабдықталған: рентген, ультрадыбыстық, стоматологиялық электрокардиограф, көз қысымын өлшегіш және басқа зертханалық жабдықтар. Терапевт, гинеколог, хирург, кардиолог, стоматолог, ультрадыбыстық дәрігер, окулист, невропатолог сияқты білікті мамандар тобы шалғайдағы елді мекендердің тұрғындарына сапалы медициналық көмек пен кеңес береді.
«Жылжымалы медициналық кешен ауыл тұрғындарының басым бөлігін қамтуға және көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Ауруды ерте анықтауға, оларды кең көлемде емдеуге және жалпы халықтың денсаулығын жақсартуға көмектеседі. Шалғайдағы елді мекендердің тұрғындарына ультрадыбыстық, флюорография, ЭКГ сияқты зерттеулерді аудан орталығына бармай-ақ жүргізуге болады. Халық үшін бұл – үлкен артықшылық», дейді невропатолог дәрігер Жаңабек Каналбеков.
Жалпы, практика дәрігерінің кабинетінде пациент тексеріледі, қан айналымы, тыныс алу, эндокриндік, ас қорыту жүйесі ауруларының, қан және гемопоэз органдарының, сондай-ақ басқа да органдар мен жүйелердің қауіп факторлары анықталады, қажетті емдеу тағайындалады, салауатты өмір салтын насихаттау және қалыптастыру бойынша профилактикалық іс-шаралар жүргізіледі. Ал созылмалы инфекциялық емес аурулары бар динамикалық бақылаудағы адамдарға медициналық кешеннің зертханалық-диагностикалық ресурстарын пайдалана отырып, динамикалық мониторингін реттейтін нормативтік-құқықтық актілерге сәйкес білікті медициналық көмек көрсетіледі.
Функционалдық диагностика кабинетінде: іш қуысының, қалқанша безінің ультрадыбыстық зерттеуі, интерпретациямен жүректі электрокардиографиялық зерттеу жүргізіледі. Акушер-гинекологтің кабинетінде әйелдердің нысаналы тобын бастапқы тексеру, Пап-тест, ісік патологиясын анықтау үшін сүт бездерін тексеру жүргізіледі.
Зертханалық диагностика кабинетінде қандағы глюкоза, холестерин деңгейін анықтау, қан триглицеридтері бойынша зерттеулер жүргізеді, биохимиялық зерттеулер: жалпы, тікелей билирубин, аланинаминотрансфераза, аспартатаминотрансфераза, креатинин, мочевина, жалпы ақуыз, калий, натрий, зәрдің жалпы клиникалық талдауы жасалады. Рентгенограмма кабинетінде туберкулезді, өкпе ісіктерін және басқа да созылмалы ауруларды диагностикалау мақсатында тексеру жүргізу үшін цифрлық флюорограф пайдаланылады.
«Біздің ауыл аудан орталығынан алыс орналасқан. Мен көпбалалы анамын және осындай жылжымалы медициналық пунктте тексеруден өту өте ыңғайлы. Үйден алыс кетпей, іш қуысының ультрадыбыстық зерттеуін жасаттым, одан әрі емделуге жолдама алдым», деп ойымен бөлісті Қарабөгет ауылының тұрғыны.
Естеріңізге сала кетейік, жылжымалы медициналық кешенде тексеруден өту үшін дәрігердің жолдамасы қажет емес. Бұл кешенде медициналық көмек тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және сақтандырылған азаматтарға міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі шеңберінде тегін көрсетіледі. Айта кетейік, Сарқан ауданында 40-қа жуық елді мекен бар. Тұрғындарға орталық аудандық ауруханадан басқа 7 дәрігерлік амбулатория, 4 фельдшерлік-акушерлік және 14 медициналық пункт қызмет көрсетеді.
Сақтандыру мәртебесі мен медициналық қызметтердің сапасына қатысты сұрақтар туындаған жағдайда емхананың пациенттерді қолдау қызметіне, сондай-ақ әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына fms.kz ресми сайты, 1414 байланыс орталығы, Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы мен Telegram-дағы SaqtandyryBot байланыс арнасы арқылы жүгінуге болады.
Жетісу облысы