• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 07 Маусым, 2023

Балалар ауруханасы ашылды

285 рет
көрсетілді

Жуырда Қарағандыда жаңа облыстық балалар клиникалық ауруханасы есігін айқара ашты. Көп жылдан бері құрылысында кедергілерге тап болған аурухана тәулік бойы 200 баланы қабылдап, ем-дом жасауға қауқарлы. Мұнда барлығы 450 дәрігер ем жүргізеді. Жабдықтары озық. Сонымен қатар аурухана қатары травматология-ортопедия, нейрохирургия және жақсүйек-бет хирургиясы бөлімшелерімен толыға түсті. Аурухана директорының айтуынша, бұған дейін ондай науқастар мүмкіндік жоқтықтан Астанаға, я болмаса Х.Мақажанов атындағы клиникаға жіберілетін.

«Бұдан былай енді өзіміз емдейміз. Екі нейрохирург пен бір жақсүйек-бет хирургі Израильге, Германияға оқуға барады. Олар жаңа аппараттармен жұмыс істеуді үйренеді», дейді аурухана директоры Арғын Бидайбаев. Ал дәрігерлерді оқытуға бюджеттен арнайы қаражат бөлі­ніп отыр.

Денсаулық сақтау басқармасы басшысы Бибігүл Төлегенова ол соманың 200 млн теңге көлемінде екенін атады. Дәрігерлердің біліктілігін шыңдау мұ­нымен шектелмейді. Алдағы уақытта осында шетелдік дәрігерлер арнайы ша­қы­рылатын болады. Олар біздің маман­дарға шеберлік сыныптарын өткізеді. Осылайша, балаларды емдеу дами түспек.

Жалпы, ауруханада маман тапшы­лы­ғы жоқ. Басқарма ауруханада 128 педиатрдың, 136 медбикенің толық­ты­ғын жеткізді. Аурухана көпсалалы бол­ғандықтан, онда жоспарлы ем, шұғыл кө­мек секілді бар­лық қызмет көрсетіледі.

«Жабдықтардың барлығы заманауи. КТ бар, МТР күзге қарай келеді. Жапо­ниядан арнайы әкелінген жеті төсек бар. Ол күйік шалған балаларға арналған. Күйік шалған балалар жиі түседі. Бұл төсек баланың терісі мен сүйегі ойылмауына ыңғайланған әрі бактерияларды зарарсыздандырады. Бірінші қабатта да, төртінші қабатта да реанимациялық палаталар бар. Операциялық палаталар дербес желдетумен қамтамасыз етілген. Бұл «таза жүйе» деп аталады.

Ауруханада оқыту сыныптары да қа­рас­тырылған. Бір жылдары педиатрия бойынша оқыту тоқтап қалған болатын. Қазір ол қайта қолға алынды. Оқыту сы­нып­тарында Қарағанды медицина ­уни­­вер­ситетінің педиатрия факульте­­тін­де білім алатындар оқитын болады», ­дейді Бибігүл Төлегенова.

Құзырлы орындардың мәлімдеуін­ше, аурухана маңына Пришахтинскідегі пери­на­талдық орталық та көшіріледі. Бас­­қарма биыл жаңа перинаталдық орта­­лық жобасын сәтті қорғаған. Жаңа жоба 12 перинаталдық орталық жобасы­ның қатарында. Оның құрылысы 2025 жылға межеленген. Ал 14 гектар жер Қара­ған­ды медицина университеті кли­ни­ка­сы­ның құрылысына бөлініпті. Кли­ника ­құ­жаттары Денсаулық сақтау минис­тр­лігі­не ұсынылған екен. Қорытынды шық­са, құрылыс келер жылы басталады.

 

Қарағанды