Ми импланты сал ауруына шалдыққан адамның физикалық қозғалысын реттейтін ми жүйесін басқару арқылы жүріп-тұруына мүмкіндік береді. Ғылымның бұл жетістігі туралы «Nature» журналында жаңа зерттеу жарияланды. Ғалымдар құрылғы арқылы жүргізілген экспериментте жақсы нәтижеге қол жеткізген.
Ми импланты медицинадағы ғылыми жаңалық болып отыр. Дегенмен бұл зерттеудің тек алғашқы нәтижелері әрі ғалымдар құрылғыны әлі жетілдіру қажет деп санайды.
Герт-Ян Оскам 2011 жылы апатқа ұшырап, сал болып қалған. Ал осы ми импланты арқылы ол қайтадан төменгі денені басқаруға мүмкіндік алды. Ол 12 жыл бойы жүре алмаған. Қазір жаңа құрылғының көмегімен қайта жүре бастады.
«Nature» журналында жарияланған зерттеуде швейцариялық зерттеушілер Оскамға миға әсер ететін импланттарды орнатқан. Құрылғы арқылы Оскам тұрып, жүріп, көтеріле алады. Имплантты орнатқаннан кейін бір жылдан астам уақыт өткен соң, ол осы қабілеттерін сақтап қалған және имплантты алып тастағаннан кейін де оның физикалық қозғалысы қалпына келе бастаған.
Оскамға имплантация жасаған Лозанна университетінің неврологі Джоселин Блох: «Басында бұл мен үшін нағыз ғылыми фантастика болды, бірақ бүгін ол шындыққа айналды», дейді.
Соңғы он жылдықта жұлын жарақаттарын емдеуде бірқатар ғылыми-технологиялық жетістікке қол жеткізілді. Мәселен, 2016 жылы доктор Куртин жетекшілік еткен ғалымдар тобы сал ауруына шалдыққан маймылдардың жүру қабілетін қалпына келтірген болатын, ал кейін сал ауруына шалдыққан ер адамға қозғалысын қалпына келтіруге көмектесті. 2018 жылы ғалымдар сал ауруына шалдыққан адамдарға қайтадан жүруге көмектесетін электрлі импульстік генераторлар арқылы миға пәрмен беру әдісін ойлап тапты.
Оскам алғаш процедуралардан өткеннен кейін оның жүру қабілеті біртіндеп қалпына келе бастаған. Бірақ алғашқы тәсіл барлық жағынан сәтті бола қойған жоқ. Ол құрылғы арқылы қозғалғанда бәрібір миы мен денесінің екі бөлек жұмыс істейтінін айтқан.
Ал жаңа зерттеудің нәтижесінде құрылғы адамды емес, адам құрылғыны басқара алады. Ғалымдар оған жасанды интеллектінің мүмкіндігін пайдалану арқылы қол жеткізген.
Доктор Джексон сала ғалымдары ондаған жыл бойы миды жұлын стимуляторларына қосу туралы теориялар құрғанын, бірақ бұл олардың мұндай жетістікке бірінші рет жеткенін айтты. «Мұны айту оңай, бірақ оны жасау әлдеқайда қиын», дейді ол. Бұл нәтижеге жету үшін зерттеушілер алдымен Оскамның бассүйегі мен омыртқасына электродтарды имплантациялаған.
Құрылғы жасанды интеллект арқылы адамның ойы мен әрекетін сәйкестендіруге қабілетті. Зерттеушілер ми имплантын жұлын имплантына қосу үшін арнайы алгоритмді қолданған. Құрылғы адам денесінің әртүрлі бөліктеріне электр сигналдарын жіберіп, қозғалыс тудырады. Алгоритм әрбір бұлшық еттің жиырылуы мен релаксациясының бағыты мен жылдамдығындағы өзгерістерді сезе алады. Ми мен омыртқа арасындағы сигналдар әр 300 миллисекунд сайын беріледі.
Зерттеушілер ми-омыртқа интерфейсін жаяу жүру және тұру сияқты негізгі әрекеттерге жақсырақ сәйкестендіру үшін жетілдіре түскен. Осының нәтижесінде Оскамның жүрісі ширап, баспалдақтар мен пандустарда салыстырмалы түрде оңай шығып-түсе бастаған. Сонымен қатар бір жылдық емдеуден кейін құрылғының көмегінсіз қозғалыстарының айқын жақсарғаны байқалған.
Алайда зерттеушілер ми имплантының мүмкіндігі шектеулі екенін айтады. Ол адамның барлық ойын түсініп, қозғалыс тудыра алмайды. Сондай-ақ дененің жоғарғы бөлігінің қозғалысын қалпына келтіру мүмкіндігі жоқ және сал ауруын толық емдей алмайды. Сондықтан ғалымдар оның мүмкіндіктерін жетілдіруді көздеп отыр әрі қолданысқа берілгеннен кейін оның барлық пациентке қолжетімді болуын қамтамасыз еткісі келеді.