Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев суға батқан баланы құтқарып қалған Ақтөбе қаласындағы №13 мектептің оқушысы Қолқанат Баққұлды марапаттады.
Оқыс оқиға 1 маусым күні болған. Қолқанат Елек өзеніне батып бара жатқан баланы құтқарып, алғашқы медициналық көмек көрсетіп, аман алып қалды. Министр батыр оқушы мен оны тәрбиелеген ата-анасына алғыс білдірді.
– Адамды ажалдан құтқару – үлкен ерлік. Мектеп оқушыларының арасында өзгелерге үлгі боларлық өжет, ержүрек, батыл балалардың барын мақтан етеміз. Осындай азаматтарды тәрбиелегені үшін ата-аналары мен мұғалімдеріне алғыс айтамын, – деді Ғ.Бейсембаев.
Қолқанаттың ата-анасы да баласының ерлігін ескерусіз қалдырмаған министрге ризашылығын білдірді.
– Балаларымыздың қайырымды, қамқор, патриот болып өсуіне күш салдық. Рухы биік ұрпақ тәрбиелеуге тырыстық, ұлымыздың бұл әрекетін мақтан тұтамыз, – деді оқушының әкесі Ерболат Рзиев.
Педагогтердің айтуынша, Қолқанат – мектептегі үздік оқушылардың бірі. «Қазақстан тарихы» пәні мен шет тілдеріне қызығушылығы басым. Сонымен қатар мектептің волейбол командасының құрамында ойнайды.
Еске сала кетейік, биыл сәуір айында Оқу-ағарту министрі Атырау, Қарағанды, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстарынан келген 11 оқушыны ерлігі үшін марапаттап, ата-аналарына алғыс білдірген болатын. Мұндай іс-шара дәстүрлі түрде жалғасады.
Күннұр БОЛАТБЕК,
Л.Н.Гумилев атындағы
ЕҰУ студенті