Футболдан Қазақстан кубогі жолындағы жарыстың ширек финалдық сайыстарының қарымта кездесулері өтті.
Шымкентте «Тұран» «Астананы» қабылдады. Алғашқы голды 29-минутта қонақтар сапындағы замбиялық легионер Дембо Дарбо соқса, 75-минутта Зикрилло Сұлтаниязов таразы басын теңестірді – 1:1. Бірінші матчта елордалықтар 2:0 есебімен жеңіске жеткен еді. Сол себепті де «Астана» жартылай финалға жолдама алды. Петропавлдағы «Жастар» стадионында жергілікті «Қызылжар» мен Шымкенттің «Ордабасы» күш сынасты. Бұл бәсекеде жалғыз голды 73-минутта Младен Веселинович салды. Бірақ алғашқы ойындағы жеңісінің арқасында оңтүстік өкілдері келесі кезеңге шықты. Алматыда тең нәтижеге қол жеткізген «Атырау» өз алаңында «Қайратты» 2:1 есебімен ұтты. Кездесу барысында Нсунгуси Эффионг дубльдің авторы атанса, Ян Труфанов бір мәрте мергендік танытты. «Тобыл» Қарағандыда «Шахтерден» 0:1 есебімен жеңілгеніне қарамастан, қос матчтың қорытындысы бойынша қостанайлықтар өз жоспарын жүзеге асырды.
Жартылай финалда «Астана» мен «Ордабасы» және «Тобыл» мен «Атырау» күш сынасады. Бұл ойындар 28 маусым мен 8 шілдеде өтеді.