Тбилисиде 18 жасқа дейінгі теннисшілер арасында өткен ITF Juniors J60 турнирінде Әмір Омарханов бас жүлдені олжалады.
Әмір небәрі 15 жаста. Соған қарамастан, түрлі халықаралық додаларда өзінен ересек ойыншыларды ұтып, көпшіліктің қошеметіне бөленіп жүр. Бұған дейін талантты ойыншы «ITF Juniors» санатындағы турнирлерде төрт рет топ жарды. Әмір Қарағандыда туып-өскенімен, қазіргі кезде Чехияның ең үздік теннис академияларының бірінде шеберлігін шыңдап жүр. Қап тауы бөктерінде қарсылас шыдатпаған өрен ақтық сында әзербайжандық Канан Гасимовті 6:1, 6:3 есебімен ойсырата ұтты. Бір кереметі, қандасымыз турнир барысында бәсекелестеріне бірде-бір сетте ұтылған жоқ. Сонымен қатар жұптық ойында да алдына жан салмады. Ақтық сында болгариялық Иван Найденов екеуі Қазақстанның өкілдері Ілияс Маратұлы мен Виталий Зацепиннен басым түсті – 6:3, 6:4.