• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Сұхбат 08 Маусым, 2023

Айгүл Кемелбаева: Өнер Құдайдың құдіретін тануға бастайды

1082 рет
көрсетілді

Айгүл Кемелбаева – әдебиетсүйер қауым ерте күннен таныған, қаныққан есім. Таяуда әдебиетпен тыныстап, әдебиетпен қоректенген, тұтас ғұмырын оқу мен жазуға арнаған қаламгермен әңгімелескен едік.

– Шығармаларыңыздан Алтайдың этномистикалық сарыны байқалады. Бұл тәрбиеден, туған топырақтан келген рухани құнар тәрізді. Бізге бей­мә­лім туған жер аурасы туралы не дер еді­ңіз?

– Ата-бабам жайлаған жер – ғұлама Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясында суреттелген Шыңғыстау өңірі. Асқақ Алтай тауы біздің елден 700 км-дей арырақ жатыр. Кіндік қаным тамған жер – Қарауыл, өскен ортам – Құндызды ауылы. Шежірелік сарын, топонимдер прозамда мол кездеседі. Бір шығармадан екінші, үшінші, төртінші шығармаға көшіп отыратын ортақ кейіпкерлерім бар. Бұл әдісті атақты Бальзак Джеймс Куперден үйренген. Мұны қазақ әдебиетінде мен қолдандым. Бір шығармаға сыймаған тақырып, идея, оқиғалар басқа туындыға көшетіні – табиғи нәрсе. Жасанды ештеңесі жоқ. Тұтас алса, жазбаларымның мазмұны біртұтас қазақ кеңістігін қамтиды, оқиғалары Алтай, Атырау, Сарыарқа, Қаратау, Сыр, Еділ-Жайық, Алатау арасында өтеді.

– «Қоңырқаз» әңгімесін 22 жасы­ңыз­да жазыпсыз. Қолға қалам алуға себеп болған қандай күш?

– «Қоңырқаз» атты әңгімем көзі қарақты жұрт назарына жиі түсетіні рас. Қапияда көктен құйылған сәуледей толқып, сел жүріп, нөсер жауғандай экстаз күйде жазылған соң энергетикасы бөлек. Бір күнде жазылды, өңдеп жарытпадым, даяр мәтін оп-оңай туа салды. 1987 жылы 7 қазанда. «7» саны қосарлы тұр. 1988 жылы Алматыға «Жігер» фестиваліне Ме­деу аға Сәрсеке Семей Жазушылар одағы филиалынан мені қатысушы қылып жі­берді. Ұшақ бағасы 18 сом тұрғаны әлі есімде. Сол жолы әңгімемді «Қазақ әдебиеті» газетіне, «Жұлдыз» журналына шығара алмай кеткенмін. Бір-бір қолжазба сол редакцияларда қалды. Бір жазушы, аруағын шулатып, атын айтпай-ақ қояйын, «Бесіктен белің шықпай жатып классик атанғың келді ме?» деп ұрсып қоя бергені есте қалды. Бес жыл бұрын республикалық жабық конкурста жарқ етіп атым шыққан жас автор болған соң, әрине, ішімде өкпе-реніш кетті. 1989 жылы Мәскеудің М.Горький атындағы Әдебиет институтына оқуға түсерде «Қоңырқаз» және бір повесімді орыс тіліне аудартып қабылдау комиссиясына жібердім. Сонда белгілі жазушы Роллан Сейсенбаев суреткерлік талантымен, еларалық беделімен, ағалық қамқорлықпен шығармашылық конкурстан мені өткізіп жіберді. «Қоңырқаз» – «Қазақ әдебиеті» газетінде араға жеті жыл салып жарық көрді. «7» саны киелі ғой. Жуықта ғана алғашқы екі повестен соң туған «Қоңырқаз» – тыр­нақалды әңгімемнің неліктен тар­тымдылығын, мистикалық сырын сезгендей болдым. Оқырман қауымға бір жосын әсер ететіні, оның бақсылық инициациясы, көне жаратылыстану, тірі табиғатты ардақтау болар. 2018 жылы жазған «Ақсақ құлан» атты аңыздық-вариациялық әңгімемде бұл идеяның ұшығын дәруіш-бақсы образымен былайша берген екенмін: «Бұрын тоғай кезген бұлан, тақырда ойнақ салған құлан, суда ойнаған алабұға, қайың жапырақтан су ішерде сайраған бұлбұл құс мен едім ғой!».

– Көзге жиі жас аласыз ба?

– Жоқ. Бала кезден еркін өскенмін. Үй ішінде ұрыс-керіс дегенді білмей тәр­биелендім. Анам мұғалім, мінезі өте жұм­сақ, биязы адам болатын. Аузынан жаман сөз шықпайтын. Біздің ауылдың адам­дары бұл сұхбатымызды оқыса, менің шындыққа қиянат қылмағанымды растайды.

– Егер ғайыптан құдіретті сиқыр­шыға айналсаңыз, ең алдымен нені өзгертер едіңіз?

– Сиқыр мен магия ертегі емес, нағыз шындық. Ғылыми әдебиетпен біршама таныс адам адамзат тарихы тек бірін-бірі жаулау, қанды соғыс­тардан тұрмайтынын, оның алхи­мия­лық ізденістермен, құпия қолжаз­балар, эзотерикалық құ­былыстар және үздіксіз магиялық озбырлықтар екенін ұғынар еді. Шекспир сомдаған Гамлет: «Достым Горацио, дүниеде біздің даныш­пандардың түсіне кірмеген көптеген нәрселер бар» деуі метафизикалық, фи­зикалық заң­дылықтарды, сөз құдіретін терең білгенінен айтылып тұр. Тұрмыстық магия өмірде жиі болады екен. Бұрын мән бермейтін, жоққа санап сенбейтін қиғаш, көлеңкелі нәрселер өміріңді улағанда, болары болып, боя­уы сіңгенде барып амалсыздан мұны түйсінесің. Қара сиқырға құрбан болмау үшін рух, жан тазалығы аса маңызды. Бұл сана-сезім жоғары тербелісте болса, төменгі вибрацияның қара тозаңына алдырмайтын күш-қуатқа ие боласың деген сөз.

Егер сиқыршы болсам, Никола Тес­ла­ның ғарыш сәулелерін пайдалану идеясы сияқты Қазақстан, Кіндік Азия, Қара теңіз, Каспий аумағын, түркі мемлекеттерін біртұтас жүйемен көрінбейтін элек­тро­магнитті сәулемен қоршап тастар едім. Тіпті әлемдегі әр мемлекет осылай алдырмас қамал жасап алса, бір-біріне рұқсатсыз сұғынбас еді. Никола Тесланың идеясын оқымай тұрып-ақ мұндай қиял миымда туғанына қайранмын. Сонда геосаясат, сыртқы озбыр қара күштер, жасанды интеллект, ірі халықтардың саны аз ұлттарды жұтып алуға құлшынысы бізге соқыр үрей тудырмас еді.

Жан-жануарлар дүниесін бөлек бір тайпалар тәрізді санаймын. Әр облыс­тан ірі кеңістікті адам аяғы баса алмайтын тылсым жерлер жасап, таулар мен өзен-көлдердің, аңдар мен құстардың, өсім­діктердің жеке меншігіне, өсіп-өнуіне дара қалдырар едім. Көшпелі өрке­ниеттің ареалына лайықтап көп жерлерді экологиялық таза мекен ретінде елсіз қалдырса несі бар? 20 жыл бұрын жарық көрген «Мұнара» романымның «Соңғы жолбарыс» атты екінші жартысында бұл айқын идея бар. Айналамыз табиғат шырайы құлпырып тазарғанда – сана дағдарысы, жалпақ елді құрдымға сүйрейтін теріс құбылыстар, ластық-нас басқандық ұзақ тұрмайды.

– «Тырнақ» әңгімесінде «Құдайдың жарығы адамды алып жүреді. Тек со­қыр, мылқау, антұрған сәулеге ермей қа­сарысады» деген құнды идея қозғайсыз. Өмір соқпағында өз ер­кіңізден тыс құпия күштің әсерімен бұрылған жол­дарыңыз болды ма?

– Жазушылық феномен – құпия күштердің әсеріне мүлтіксіз бағынудан әрі табиғи үйлесімді, құдай жаратқан көркемдікті сүюден туады. «Мәжнүн жүрек» атты эссемде (2007) сопылық ілімде аңызға айналған Мәжнүн бейнесі адам емес, адамның Тәңіріні, Алла Тағаланы іздеген асыл жүрегінің тұл­ғалануы деп зерделеп жазғанмын. Құ­пия күштің әсері мен туған сәттен бас­талған. Қарапайым мысал, үлкен әпкем орыс, неміс балалары барған бала­бақшаға барып, Қарағанды жақта, кеншілер кентінде туып өскен, мен туарда үй-ішіміз елге көшкен. Әу бастан ана тілімді шала білетін болсам қайтер едім, жа­зушының басты құралы тіл, уызынан жарып өскенге ештеңе жетпейді.

– Сізге ұнайтын жазушылар тізі­мінде Айгүл Кемелбаева бар ма?

– Әрине, онсыз бекерге сандалмай, басқа мамандыққа басы бүтін ауып кетпеймін бе? Әдебиетке адасып келген, өтірікке малданған, симулякрге ба­­ғынышты, қулығын ақыл санаған, біреуді арқаланған жан мен емес. «Азат басың болсын құл, қолдан келмес іске ұмтыл!» деп қарғаның бүркітке еліктеуін мысқылдап Абай Крыловтан мысал аударған, нағыз философиялық формула ғой.

– Өміріңіздегі тосын оқиға туралы айтып бересіз бе?

– Талай мәрте көктен күткен дүние жерден табылған құпия мезеттерге қайран қалғанмын.

– Әдеби байқауларға жиі қаты­сасыз. Әділетті шешім үшін қуанған кезіңіз көп пе?

– Әділет дегенде сыншы Зейнолла Серікқалиевті еске аламын. Марқұм Зейнолла ағаның бір емес, екі бірдей жабық бәйгеде авторын білмей тұрып, сүйегіне біткен дегдарлық, тектілік, адалдығына бағып, екі мәрте қолдағанын айтайын. 2002 жылы «Сорос-Қазақстан» қоры ұйымдастырған, идеялық өзегін Мұрат Әуезов берген «Қа­зіргі заманғы қазақстандық роман» жабық бәйгесінде қазылық жасап, жоба идеяларын екшеп, қатал сыннан өткізген сол кісі болды. Алғашқы қолдауын атымен білмейді екенмін. 2022 жылы көктемде қазіргі қазақ әдебиетін жұртқа танытып жүрген белгілі жазушы, әдебиеттанушы Жүсіпбек Қорғасбек «Үркер» хабарына шақырған. Сол жерде үлкен жа­зушы, Мемлекеттік сыйлықтың лау­реаты Кәдірбек Сегізбаев ағадан естідім. Зейнолла ағаның аруағы риза болсын, жақсылығын айтпай кетуге болмас, жаратылысы адал, парасат иелерін аса қадір тұтамын. 1983 жылы «Жалын» баспасының балалар әдебиетіне арналған республикалық жабық конкурсында машинкада басылмай, қара тушьпен жазылған қолжазбамды бір кісілер оқымаймыз, жарысқа қатыстырмау керек деп бас тартқан екен. Ірі байқауда хатшы болған Кәдірбек Сегізбаев бастап, Зейнолла Серікқалиев, Әбілмәжін Жұмабаев, төраға Шериаздан Елеукенов туындымды арашалап, қорғап қалыпты. Бірден аласталмай, қызу таласқа түскен әдеби үдерісте маған бақ сынау мүмкіндігіне рұқсат берген ақын-жазушыларға қа­рыздармын. Осы бәйгеден соң барып мені таныған өз ағаларым Сапар Байжанов, Сұлтан Оразалин, Ырысхан Мұсаұлының бауыр­малдығын көп көрдім. Онсыз қоғам түбірімен өзгерген өліарада жазуға мүмкіндік болмай қалар еді. Жазушылар одағын басқарған уа­қытта Нұрлан Оразалин ағаның үл­кен жақсылығына, талантты жастарға қамқорлығына алғысым шынайы. Ол кезеңде біздің буыннан бірқатары еңсесін тіктей алмай, отбасын асырау үшін тырмысып, жазуды атымен тас­тап кетпес үшін азға қанағат етіп, қаламақысыз, жүдеп-жадап, іштен тынып қор болып жүргенбіз. Қазір кітапқа төленетін қаламақы саясаты оңдалып келеді. Өткен қыстағы «Айбоз» ұлттық бәйгесінің қаз басқан қадамы адал өткеніне алғысым шексіз. Құдайға шү­кір, поэзиядан мына сен, прозадан мен жарып шықтық, бізге үлкен әдебиетке қиянат жасады деп ешкім дау айта алмайды.

– Толстой «Тәңірі тектес сезім шы­рағы алғаш рет көкірегіңде жарқ етіп тұтанған киелі шақтағы, әу бастағы, адал шақтағы мына өзіңе сен» дейді. Сіз алғашқы пәк шырағыңызды өмір­дің қым-қуат соқпақтарынан қорғап, бү­гінгі күнге жеткізе алдыңыз ба? Ал­ғаш әдеби сыйлық алған 18 жа­стағы Айгүл мен қазіргі Айгүлдің ара­сында қан­шалықты айырмашылық бар?

– Батырхан, өзің өткендегі бір сұхбатыңда «Әдебиет – өтелген өмірмен өлшенеді» дедің ғой, өте биік түсінік, бұл тағдырды таңдау, мұның астары тұң­ғиыққа тартып кетеді. Құдай бұйырт­қан шығармашылық жазмышты ризашылықпен қабыл алу әрі мұқият иемдену керек. Қазір псевдоинтеллектуал­дар мен өтірік коучтар көбейген. Олар адалдық туралы көсіліп айта қоймайды, еңбек етпей оңай баюды уағыздайды. Жалған уағыз. Шығармашылық қуат, құпия жарық өлімсіреп барып біржола сөнбеу үшін рухани азып-тозудан сақтанып, жүрек көзіне сәуле құятын адалдықтан әсте айрылмау керек. Абай­ша: «Тіл жүректің айтқанына көнсе, жалған шықпайды». Не істеп, немен ай­налысқаныңды сырттан бағып отыратын жұмбақ құбылыс бар. Атауын айту шарт емес, дін мен философия саралайды. Бізді интуиция, түйсік, таза психология құтқарады. Сөз өнерінде фальсификация жасаудан жирену керек, болмасаң да болғансып көріну маған жат. Әдебиетте жасандылық ең әуелі өзін-өзі алдаусырату ғой.

– Фолкнер нобельдік лекциясында жазудың мұраты жөнінде «Адам­заттың өткен тарихтағы бар қазына – даңқ, сес-айбарын қайта оя­тып, адамның тізе бүк­пеуіне қол ұшын беру» дейді. Осы пі­кірмен келі­сесіз бе? Сізді қолға қа­лам ұстауға итер­ме­лейтін мұрат қан­дай?

– Фолкнерден соң Хемингуэй бұл сөзді сәл құбылтып, «Адам жеңеді» деп айтқан. Замандас қос классик – Фолкнер барған сайын толысып жазуы зорая түскен, Хемингуэйдің ғажап таланты кеми берген. «Климанджаро қарлары» атты повесте жазушы сол құсасын бейнелеп жазған.

Абай 24-сөзінде: «Біздің қазақтың достығы, дұшпандығы, мақтаны, мық­тылығы, мал іздеуі, өнер іздеуі, жұрт тануы ешбір халыққа ұқсамайды» деп өкі­­нішпен кейіп айтты. Ол өткен заман, одан бері екі ғасыр ауды. Енді түзел­сек болар. Қазақ болудың астарын жарты әлемге айқара таныту асыл мұрат, халқымыздың ешкімге ұқсамайтын ұлт­тық дүниетанымы маған аса қымбат. Мен қазақтың тектілігі, өзін-өзі сақтау түйсігі, даналығы, бауырмалдығы, кісілігі біржола жоғалмағанын жазамын.

– Балаларыңыз шығармашылық жолыңызды жалғады ма?

– Қыздарымның шығармашылық жолды таңдауына аса құлықты болмадым. Кітап оқудың қасиетін сезсе болғаны, материалдық дүниеге құл көп наданның бірі болмасын, зерделі, білімді болса жетеді, кәдімгі қарапайым бақытты жандар болса деп ойладым. Бірақ екі қызым да өз қалауымен өнер жолына түсті. Бал­нұр кинорежиссураны бітірді. Қысқа метражды фильмдері бар. Сценарийді өзі жазады. Логикасына, фильмдерді талдауына үнемі сүйсінемін. Негізінен жазуға икемі бар. Алайда оның жазушы болғанын қаламаймын. Белгілі режиссер Серік Апрымовтың «Ауыл» фильм­інің көмекші режиссері болды. Ол кісі жастардың арасынан қазақ тілін жетік білетіндерді іздестірген екен, кинорежиссураны бітірген балалардың көбі орыс тілді болып шыққан. Соның алдында қызым бір жобаға қатысқан болатын, сол арқылы тапқан.

Балнұр мектепте оқып жүргенде бала­ларға арналған бір байқауға қатыс­қысы келген. «Қазпошта» жариялапты, сыйға ноутбук беріледі екен. Бала ғой, ол маған: «Мама, сен жазып берші» деп қалды. Мен «Жоқ, жазып бермеймін, өзің жаз, болмайды!» дедім. Олай жасасам теріс жолға түсіп кетер деп ұқтым. Яғни, біреудің ой еңбегін иемденуге икем болады. Қызым тыйымды бірден түсінді. Кішкентайынан екеуін ұсақ-түйекте де өтірік айтпауға үйреттім. Бір зат бүлінсе одан трагедия жасамаймын. Шынын айтса болды, екеуі де артық әңгімені қабылдамайды. Анам өзімді қалай өсірді, балаларыма мен де солаймын.

 2019 жылы 14 наурызда Қазақ ұлттық өнер университетінің сценография факуль­тетінің 5-курс студенті Назеркенің жеке сурет көрмесі өтті. Көрмені Юнус Эмре атындағы түрік мәдени орталығының бас­шылығы ұйымдастырып, Түркияның елшісі Невзат Уянык мырза ашып берді. «Хан Шатырда» өткен көрмеге қойылған 37 сурет түрлі-түсті Faber-Castell қарын­даш­тарымен салынды. Назерке Түркия әлемін бейнелейтін 37 суретті салуға 9 ай жұмсады, студенттік оқуымен қоса түн ортасына, кейде таңға дейін табанды, тия­нақты жұмыс істегені бөлмесіне кіре қалған сәтте көз алдымда өтті. Қызым İstanbul Gelişim университетінің магис­тратурасын графикалық дизайн бойынша оқып бітірді. Ол – кәсіби суретші-иллюстратор. Жас ақын Бауыржан Қарағызұлының жырмен жазылған «Кер құла атты Кендебай» ертегісіне иллюс­трация салды.

Назеркенің сурет өнеріндегі тұсауын кескен – белгілі жазушы Жүсіпбек Қор­ғасбек. «Ақжелкен» журна­лының 2018 жылғы №4 санында «Берлин күнделігі» туралы жолсапар эссем жарық көрді. Сонда алғаш рет Назеркенің 9 жаста салған «Қызыл телпек», «Етік киген еркек мысық», Астанада «Ба­лалар сурет мектебі. ЮНЕСКО клубы» атты мектепте қосымша сурет өнерін оқи бастағанда ұстаздары үйрет­кен, бағалы металды қорытып, кесіп жасаған «Аю» күміс мүсіні жария­ланды. Бұл суреттердің Германия тақы­рыбына қатысы бар, ағайынды Яков пен Вильгельм Гриммнің қос ертегісіне салған иллюстрация, Берлиннің логотипіне арналған аю бейнесі мен үшін шығармашылық тартылыс күшін танытқандай болды. Ұқсас құбылыстар бірін-бірі тартады. Жер бетінде көзге көрінбес рухани байланыс үнемі салтанат құрады. Өнер – біртұтас құдірет.

Нобель сыйлығының лауреаты түрік жазушысы Орхан Памуктың «Менің атым – Қызыл» атты романы бейнелеу өнері, шығыс миниатюрасы туралы тұң­ғиық таным-дерекке құрылған. Әл-Бұхаридің хадисінде айтылған сөз: «Қиямет қайым күні пұт жасаушылар жазаға тартылады». Суретшілер емес, пұт жасаушылар делінген. Пұтқа табыну зор күнә саналады. Пұтқа табыну мен сурет өнерінің арасы жер мен көктей, өзара қабыспайтын ұғымдар. Бейнелеу өнері – ғажап биік өнер! Ислам дінінде сурет өнеріне еш қарсылық жоқ. Орхан Памуктың романының лейтмотиві осы.

– ...Жалығу сезімі бола ма?

– «Майя» атты повесімде мен осы тақырыпты терең қозғадым. Ол 1994 жылы жазылды, Мәскеудегі Әдебиет институтында диплом қорғау жұмысым болды. Жалығу мен депрессияны шатас­тырмау керек. «Сплин. «Ішінде кеткен құсасы...». Микеланджело Ан­тониониден Нұрлан Мәукенұлына дейін» атты эссемде («Жұлдыз», №4. 2012) мен бұл тақырыптың түп себебін ашуға ерек­ше тырыстым. Да­рынды адамдар қорғансыз болады, оларға көп сұқтанудан, күншілдердің наласынан энергетикалық қорғанысы әлсірейді. Мақсатым жас таланттарды қорғануға үйреткім келді. Себебі өзім сол кеселден көп қиналдым.

– Жиі оқитын ақыныңыз бар ма?

– «Абай және әлем әдебиеті» деген сериялы эсселер жазып жүргеніме біраз болды. Классик атаулыға қызығамын. Кім шын дарын, соның бәрін де жақсы көремін. Қазіргі заманғы жас қазақ ақын­дарының ішінен интеллектуалдық қуаты сезіліп тұратын бір топ келді. Ұлт болған соң әдебиет өркендей беруі заңды құбылыс.

– Өнер өнер үшін деген ұғымға келісесіз бе?

– Өнер тек өнер үшін емес. Онда ол адамдарды алалауға бастайды. Мысалы, оқымай-ақ қабылдауға болатын бейнелеу өнері мен театр өнерінің құдіреті ерекше. Әліпті таяқ деп білмейтін, сауат­сыз адамның өзіне эстетикалық таным сыйлайды. Сондықтан ерте заманда биік өнерді қара халықтан жасырған кезең де болған. Өнер Құдайдың құдіретін тануға бас­тайды, рух дүниесінің материал­дық дүниеден басымдығын сез­діреді.

 

Әңгімелескен

Батырхан Сәрсенхан,

«Egemen Qazaqstan»