Астанада өтіп жатқан форумның әлемдік мән-маңызы ерекше. Бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы ашық әңгіме алаңы дағдарыстарды еңсеру үшін бүкіл әлемнің күшін біріктіріп отыр.
Осы тұрғыда Экономикалық және әлеуметтік кеңестің негізгі мақсаты – барлық елдерде «қуатты, инновациялық және нақтылы іске асырылатын саяси басшылықты» қамтамасыз ету екенін баса айтқым келеді. Әлемнің түкпір-түкпірінен келген дипломаттар, БҰҰ өкілдері мен сарапшылар геноцид, этностық тазарту, әскери қылмыстар мен адамзатқа қарсы қылмыстардың алдын алу шараларын жан-жақты талқылады. Геноцид белгілі бір ұлтқа, нәсілге немесе дінге жататын адамдар тобына қарсы бағытталған әрекеттерді білдіреді. БҰҰ жаһандық дағдарыстар, соның ішінде қақтығыстар мен азық-түлік пен энергия бағасының өсуі аясында мұндай қатыгездіктің қаупі арта түсті деп біледі.
Жағдайды COVID-19 пандемиясының салдары және климаттың өзгеруі қиындатып жіберді. Осы тұрғыда бүкіл адамзатқа ортақ негізгі құқықтар мен бостандықтарды қорғаудың рөлі ерекше. Оларды жүйелі жүзеге асыру үшін халықаралық үнқатысуды күшейтіп, осындай өзара тиімді форумдарды жиі өткізіп тұру керек.
Лачезара СТОЕВА,
Болгарияның БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілі, БҰҰ Экономикалық және әлеуметтік кеңесінің төрағасы