Бұл Форумға үлкен үмітпен келіп отырмыз. Африка құрлығы үшін өткен ғасырдың 1980-жылдарына дейінгі кезеңді мемлекетаралық қарым-қатынас, әріптестік тұрғысында «жоғалған уақыт» деуге болады. Қара құрлықтың көптеген елі милитаристік басқару жүйесіне жүгінді, соғыс-жаугершілік бағытын ұстады. Көп жылдар бойы осы қауіп-қатерлі режім үстемдік етті. Тек 90-жылдарға қарай жағдай жақсара бастады. Сөйтіп, әлемдік озық үлгілі басқару үлгісіне арқа сүйеген бірқатар ел «жоғалған уақыттың» есесін қайтаруға құлшына кірісті.
Қазіргі таңда Африкаға ең алдымен, тұрақтылық пен ынтымақтастықты ұстану, дамыту керек. Эфиопия елінің мемлекетаралық ынтымақтастықты қалыптастыру, дамытудағы әлеуеті қандай? Кезінде Эритерия елімен арада жасалған бейбіт көршілік туралы келісімшарттың әлі күнге сақталмай, орындалмай келе жатқаны белгілі. Басқа да бірқатар ел арасында дау-жанжалдар, кикілжіңдер жиі орын алып тұрады. Бұл мәселелерді әлбетте өзара бейбіт диалог, келісім арқылы шешуге болатын еді. Бірақ біз қақтығыстарға жол беріп алдық, әлі де сол «әдеттен» арылмай келеміз.
Судан елі тәуелсіздікке жету жолында біраз қан төкті, түрлі төңкеріс болды. Тоғыз айдан астам уақытқа созылған соғыс бүгінде аяқталған сыңайлы. 2019 жылғы көтерілістен кейін 26 жыл ел билеген президент Омар әл-Башир тағынан түсті. Содан соң демократиялық үлгідегі үкімет құруға талпыныс жасалды. Бірақ бұл қадам сәтсіз аяқталды. Қарулы Күштер генерал Абдел Фаттах әл-Бурханға, ал жедел әрекет ету Күштері қызметкерлері генерал Мохамед Хамдан Дагалоға мойын ұсынып, ел екіге жарылып отыр.
Бізде бұл жөнінде Йемен елінің тәжірибесі бар. Тоғыз жыл Йемен халқы соғыс, қақтығыстан азап шекті. Бұған ешкім араласқан жоқ. Йеменде болған жағдай Суданда да қайталануы мүмкін.
Біздің Премьер-министр Абий Ахмед Али араағайындық рөлін атқарып, соғыстың жылдам аяқталуына септігін тигізді. Қазірде жекелеген аумақтарда ірілі-ұсақты дау-жанжалдар әлі де болса жалғасып келді. Эфиопияның ресми ұстанымы – ел азаматтарының демократия, өркениет талаптарына мойын ұсынуына, дамудың осы сатысына көшулеріне мүдделі. Судандықтардың өз проблемаларын өздері шешуіне барынша мүмкіндік жасайды. Суданда бейбітшілік орнатуға, ел өмірін демократияландыруға барлық халықаралық қауымдастық мүшесі, оның ішінде бүкіл Африка елдері, Араб лигасы да ынта танытып отыр.
Ендігі бір мәселе – геосаяси жағдайға байланысты Қытай Халық Республикасы тарапынан Африка елдеріне тартылып жатқан инвестициялар. Қытай инвесторлары қазір де құрлықтың көптеген елінде жемісті еңбек етіп жатыр. Атап айтқанда, Нигерия, Сенегал, Танзания, Кения, Оңтүстік Африка, т.б. елдерде экономиканың барлық дерлік саласы бойынша Қытай елінің қатысуы анық байқалады. Африка құрлығының ерекшелігіне бағытталған, өзара тең қарым-қатынас, мүдделестік тұрғысында жүргізіліп жатқан жұмыстар: жол төсеу, тұрғын үй, әлеуметтік мекемелер салу, ішкі инфрақұрылым, бір сөзбен айтқанда, экономиканың барлық секторын қамтиды. Жұмыстарды Қытай компаниялары қаржыландырып отыр.
Біздің нарық кез келген елге ашық. Тендерлер ашық жүргізіледі. Бүгінде Қытаймен қоса, Үндістан, Түркия, Жапония, бірқатар Еуропа елі – Испания, Португалияның құрылыс компаниялары да жұмыс істеп жатыр.
Осы форумға 10 кәсіпкер келді. Олар қай салаға қаржы салуға болады, Қазақстан Эфиопия үшін не бере алады – осы бағытта өзара пайдалы, әріптестік әңгімелер жүргізеді, серіктестік қарым-қатынастар орнатады деп сенемін. Біздің елде тау-кен, өндіріс саласы, пайдалы қазбаларға барлау жүргізу, табу ісі, сондай-ақ ауыл шаруашылығы – ашық нарық алаңы.
Климаттың өзгеруі әлемдік деградацияға алып келе жатқаны белгілі. Жер тозып, су ресурстары азайып жатыр. Біз – ауыл шаруашылығымен тікелей байланысты елміз. Сондықтан «Жасыл ел» бағдарламасын қызу қолға алып жатырмыз. Жаңартылған энергия, жел, күн энергиясын, қатты отындарды тиімді пайдалану, орман аумағын кеңейту шараларын жүйелі жалғастырамыз.
Африка – мемлекет емес, үлкен құрлық, ол жерде 55 мемлекет орналасқан, әрқайсысының өзіндік ерекшелігі, айырмашылығы бар. Ал оларды ортақтастыратын басты белгі – бір-біріне деген жанашырлығы, ынтымағы.
Мулату ТЕШОМЕ,
Эфиопияның экс-президенті