• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Төтенше жағдай 11 Маусым, 2023

Мемлекет басшысы Үкіметтің төтенше жағдайларға дайындығын сынға алды

254 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Абай облысындағы төтенше жағдай кезінде жіберілген қателіктер туралы айтты, деп хабарлайды Egemen.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

«Қостанайда болған өрт кезінде мен азаматтық қорғау және атқарушы билік органдарының төтенше жағдайларға нақты дайындығына тексеру жүргізуді тапсырдым.

Орман және дала өртін сөндіру үшін өртке қарсы техникалық құрал-жабдық қорларын қалыптастыру тапсырылды. Дайындық деңгейі төмен екені анықталды. Атап айтқанда, материалдық-техникалық жарақтандыру көрсеткіші – 69%, функционалдық инфрақұрылым көрсеткіші – 63%. Жалпы, орталық және жергілікті атқарушы органдардың төтенше жағдайларға дайындығы – 70% (Төтенше жағдайлар министрлігі – 75,1%, Экология және табиғи ресурстар министрлігі – 59,5%, жергілікті атқарушы органдар – 70,2%). Үкімет дайындық көрсеткіштерін төтенше жағдайларға тиісті дәрежеде төтеп беретін деңгейге жеткізуі қажет», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы жаздың ыстығы енді басталғанын ескертіп, ондай кезде өртке төтеп беру үшін дайындық сақадай сай болу керектігін еске салды. Осыған байланысты Үкімет шұғыл шара қабылдау керектігін де алға тартты. 

«Әлемде бірде-бір мемлекет көп кәсіби өрт сөндірушіні ұстап тұра алмайды. Еріктілер отрядтарын тарту тәжірибесі кеңінен қолданылады және оларды оқытады, құрал-жабдықтармен қамтамасыз етеді, сақтандыру шаралары қарастырылады. Бізде де бұл нормалар заң жүзінде қарастырылған. Біз бұл ресурсты белсенді пайдалануымыз керек», деді Мемлекет басшысы. 

Сондай-ақ Президент орманға барып, қауіпсіздік ережелерін бұзған азаматтарды қылмыстық жауапкершілікке тарту керектігін қадап айтты.

«Орман алқаптарына келіп, қауіпсіздік ережелерін бұзған азаматтарды қылмыстық жауапкершілікке тарту керек. Олар от жағып, оны өшірмей кетеді, бұл қайғылы жағдайға алып келеді. Осымен жиналыс аяқталды. Дереу іске кірісу қажет», деп қорытындылады ел Президенті.