Қорғаныс министрлігіне қарасты әскери бөлімдердің оқу-жаттығу жиындары қысқы және жазғы топтарға бөлінеді. Қысқы жиындарды сәтті аяқтаған әскери қызметшілер енді жазғы оқу кезеңіне кірісті.
Қазір қорғаныс ведомствосының барлық әскери бөлімінде жауынгерлік дайындық сабақтары өтіп жатыр. Оған Қарулы Күштердің жеке құрамы толық тартылып отыр. Негізгі мақсат – жауынгерлік әзірліктің түрлі деңгейін енгізу кезінде әрбір әскери қызметшінің іс-қимыл тәртібін пысықтауға арналған.
Әскерлердің тұрақты орналасу пункттерінде, полигондарда, әуе айлақтарында, бастапқы позицияларда және теңізде жүктелген жауынгерлік міндеттерді орындауға дайындық мәселелері іс жүзінде пысықталып жатыр. Десанттық-шабуылдау әскерлері бөлімшелерінің ықтимал қауіп-қатерлерге ден қою дайындығын тексеру мақсатымен әскери-көліктік авиация ұшақтарымен белгіленген ауданға жеткізу жүзеге асырылды.
Барлық іс-шара жергілікті атқарушы органдармен, аумақтық қорғаныс бөлімшелерімен, басқа да әскерлер және әскери құралымдармен өзара тығыз іс-қимылда өткізіліп жатқанын айта кету керек. Сабақтар жауынгерлік міндеттерді орындау кезінде әрбір әскери қызметшінің тәжірибелік дағдыларын жетілдіруге бағытталған.