Теннистен еліміздің бірінші, әлемнің төртінші ракеткашысы Елена Рыбакина Парижде мәресіне жеткен Ролан Гаррос турнирінде үздіктер қатарынан көріне алмаса да, күні кеше жаңарған Әйелдер теннисі қауымдастығының (WTA) рейтингінде үшінші орынға көтерілді.
Отандасымыз жүлде қоры 49 600 000 еуроны құраған теннис турнирін сырқатына байланысты үшінші кезеңнен аяқтауға мәжбүр болса да, бұл оған рейтингте жоғарылауына еш кедергі болмады. Өйткені бұған дейін рейтингте үшінші орында тұрған АҚШ өкілі Джессика Пегула биылғы Ролан Гарроста былтырғы ұпайын қорғай алмай (ол 2022 жылы ширек финалға дейін жетсе, биыл үшінші кезеңде жеңілді), бесінші сатыға түсіп қалды. Ал Ролан Гарростың биыл үшінші мәрте топ жарған польшалық Ига Швентек – бірінші, Беларусь өкілі Арина Соболенко екінші орнын сақтап қалды. Юлия Путинцева 58-ден 51-ші сатыға жоғарылады.
Париждегі доданың ерлер арасындағы сайысында үздік шығып, «Үлкен дулыға» санатындағы жеңіс санын 23-ке жеткізген сербиялық Новак Джокович рейтингте испаниялық жас талант Карлос Алькарасті ығыстырып, бірінші орынға көтерілді. Алькарас – екінші, ресейлік Даниил Медведев үшінші сатыға жайғасты. Ерлер арасындағы еліміздің бірінші ракеткашысы Александр Бублик ATP рейтингінде 47-орынға тұрақтады.