Мемлекет басшысы «Әкімшілік әділет және оның құқық үстемдігін қамтамасыз ету ісіндегі рөлі» атты халықаралық форумға қатысты. Онда ол әкімшілік істер бойынша сот тәжірибесі туралы айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Әкімшілік істер бойынша сот тәжірибесі мемлекеттік аппарат жұмысының сапасын айқындайтын сынақ болды. Оның нәтижесі сотқа деген сенімнің арта түскенін көрсетті. Әкімшілік әділет рөлі нығайып келеді. Кейбір азаматтар соттардың шешіміне наразылықтарын білдіріп, өз үміттері ақталмағандарын алға тартады. Бұл бұған дейін де болған, қазір де кездеседі. Мұндай шағымдардың көбі өкпе-ренішке немесе біржақты пікірге құрылады. Бірақ қандай жағдай болса да мұндай пікірлерді тексеріп, әділ шешім қабылдау керек. Сондықтан жаңа Конституцияда әкімшілік сот төрелігін сот ісін жүргізудің дербес нысаны ретінде бекітудің маңызы зор», деді Президент.
Мемлекет басшысы күн тәртібінде сотқа шағымданудың қасаң моделін сот ісін жүргізу тәуекелдерін стратегиялық басқаруға ауыстыру қарастырылып отырғанын айтты. Үкімет қазірдің өзінде тиісті ережелерді әзірлеген.
«Енді орталық және жергілікті деңгейде әкімшілік актілер мен рәсімдердің бірізділігін қамтамасыз ету қажет. Бұрын келіп түскен шағымдар мен өтініштерде қаралған мәселелер қайтадан соттағы дау-дамай нысанасы болмауы керек. Әкімшілік тәжірибенің жүйелілігі мен тұрақтылығын қамтамасыз ету қажет. Жария құқықтық сипаттағы дау-дамайды әкімшілік сот төрелігі деңгейіне беру бойынша ауқымды жұмыс атқарылып жатыр. Былтыр бұл қосымша құқықтық-нормативтік актілердің заңдылығын қарайтын істерді қамтыды. Бұған дейін мұндай дау-дамайға қатысты шешім азаматтық іс жүргізу нормаларына сәйкес қабылданып келген», деді Қ.Тоқаев.
Қасым-Жомарт Тоқаев: Мемлекет пен қоғам тұтастығын нығайту – алдыңғы қатардағы міндеттің бірі
Еске сала кетейік, Мемлекет басшысы елордада «Әкімшілік әділет және оның құқық үстемдігін қамтамасыз ету ісіндегі рөлі» атты халықаралық форумына қатысты.