Биыл дзюдодан Қатардың астанасы – Дохада өткен әлем чемпионатының аса ауыр салмақ дәрежесінің финалында франциялық Тедди Ринер мен бейтарап елдің туы астында өнер көрсеткен ресейлік Инал Тасоев күш сынасқан еді.
«Жан алысып, жан беріскен» айқастың негізгі уақыты тең аяқталып, бәсеке голден-скорға ұласты. Ережеге сәйкес осы кезеңде алғашқы ұпайды кім алса, жеңіс соған берілуге тиіс. Осы орайда алғырлық танытқан Тасоев ұтымды әдіс жасады. Алайда оның бұл әрекеті төрешілер назарынан тыс қалды. Іле-шала Ринер қарсыласының осал тұсын тауып кетті. Нәтижесінде, Францияның даңқты дзюдошысы бас жүлдені олжаласа, Ресейдің мықтысы күміс медальды қанағат тұтты.
Арада біраз уақыт өткеннен соң Халықаралық дзюдо федерациясы (IJF) бейнетаспаны қайта қарап шығып, қазылардың өрескел қателікке бой алдырғанын мойындады. Осылайша, әділдік орнап, Инал Тасоевқа да алтын медаль табыс етілді. Соған сәйкес ол әлемдік рейтингтегі ұпайларын да түгендеп алды. Сөйтіп, қазіргі кезде +100 кило салмақ дәрежесінің чемпиондық атағын бір емес, екі балуан иеленіп отыр. Дәл осындай жағдай бұрын-соңды дзюдо күресі тарихында болмаған.
Естеріңізге сала кетейік, 25 жастағы Солтүстік Осетияның тумасы командалық сайыста екі рет әлем чемпионатының қола жүлдегері атанып, Еуропа ойындарында топ жарды. Жекелеген жарыста Инал Тасоевтың құрлық чемпионы, құрлықтық ойындардың күміс жүлдегері, Дүниежүзілік әскерилер ойындары мен әскерилер арасындағы әлем біріншілігінің жеңімпазы деген атақтары бар.
Ал 34 жастағы Тедди Ринер Бейжің және Токиода алауы тұтанған Олимпия ойындарында қола алса, Лондон мен Рио-де-Жанейрода бас жүлдені қанжығасына байлады. Жапонияның астанасында ол Франция құрамасының сапында командалық жарыста алдына жан салмады. Сондай-ақ «Қонжық» әлемнің 12 дүркін (11 рет жекелеген сайыста, 1 рет командалық бәсекеде) және Еуропаның бес дүркін чемпионы деген атаққа қол жеткізді. Өзінің атақ-даңқы жағынан бүгінгі таңда Теддимен жер-жаһандағы бірде-бір дзюдошы теңесе алмайды.