Жыл өткен сайын ішкі әуе қатынасында жаңа бағыттар ашылып, халықаралық рейстер де жаңғырып келеді. Жуырда Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев 2025 жылға дейін елден Токио, Сингапур, Шанхай және Нью-Йорк бағыттарына әуе рейстері ашылатынын хабарлады. Бұл – жоспар. Оны орындау үшін авиация саласындағы компаниялар халықаралық талаптарға сай жұмыс істеп, мамандардың даярлығына, сапаға, қауіпсіздікке көбірек көңіл бөлуге тиіс. Көңіл жабырқататыны, бізде саладағы мамандардың, соның ішінде ұшқыштардың жасы ұлғайып барады. Бірақ бұл – ұшқыш болуға ниетті жастар жоқ дегенді білдірмейді.
Авиациядағы маман тапшылығы
Жақында өткен Үкімет отырысында азаматтық авиацияны дамыту жайы қаралды. Онда индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев ішкі нарықтағы автиаотынның тапшылығына байланысты әуе компаниялары жаңа халықаралық рейстерді ашу жөнінде сұранысты қанағаттандыруға қауқарсыз болып отырғанын айтты. Сонымен қатар білікті мамандардың тапшылығы және әуе көлігі инфрақұрылымына қатысты бірнеше мәселе саланы өркендетуге кедергі келтіретінін білдік. Марат Қарабаевтың айтуынша, бүгінде азаматтық авиацияда 20 мыңға жуық адам еңбек етеді. Бірақ, 2025 жылға қарай авиация саласының мамандарына сұраныс еселеп артуы әбден мүмкін деген болжам бар.
«Қажетті маман тапшылығы мәселесін шешу мен студенттеріміздің еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін Ғылым және жоғары білім министрлігімен бірлесіп, еуропалық стандарттарға көшу арқылы азаматтық авиация саласына кадр даярлау жүйесін түбегейлі реформалап, оқу үдерісін ИКАО-ның озық стандарттарына сай жолға қою мәселесі қарастырылып келеді», дейді М.Қарабаев.
Жоғарыда елдің авиация саласында 20 мыңға жуық адам еңбек ететінін айттық. Оның ішінде ұшқыш, инженер, менеджер тағысын тағы мамандарды қосқанда үлкенді-кішілі 107 мекемеде жұмыс істейді екен. Салада 53 әуе компаниясы қызмет көрсетеді. Оның 8-і күнделікті жолаушы тасымалына араласады. Басқасы ауыл шаруашылығын, маусымға қарай ұшатын чартерлік рейсті жандандырса, бұл қатарға VIP жолаушы таситын компанияны да қосамыз. Елде 25 әуежай бар. Оның жетеуі – жергілікті шағын аэропорт. Алматы, Ақтөбеде авиажөндеу зауыты бұрыннан жұмыс істейді. Сосын, аэронавигация, яғни әуе қатынасын бақылайтын компанияның да мамандарын есепке қосамыз.
Авиацияға маман даярлайтын Орталық Азиядағы Азаматтық авиация академиясы – Алматыда. Академия ұжымы қазір жоғары және орта білімді мамандарды да оқытады. Кеңес өкіметі тұсында авиация саласында 6 жоғары оқу орны болған. Ақтөбедегі училищеде ұшқыштар даярлаған. Егемендік алғаннан кейін, 1995 жылы Азаматтық авиация академиясы құрылып, 2000 жылы бірінші түлектерін шығарды. Содан беріге дейінгі аралықты есептесек, академия 23 жылда 7000 түлек даярлапты. Олардың шамамен 80%-ы авиация саласында еңбек етіп жүр. Бірақ қазір салада 20 мың жұмысшы еңбек ететінін ескерсек, салыстырмалы түрде білікті маман аз екенін байқаймыз. Бұл – Авиациядағы мамандардың орта жасы 50-ден асатыны туралы деректі растайды. Қысқасы, кадрлар қартайып барады. Бұрын Азаматтық авиация комитетінің мамандары әуе компанияларының және саладағы басқа да мекемелердің жұмысын тыңғылықты тексеріп, өздері қадағаласа, қазір бұл міндет басқа мекемеге жүктелген. Комитет үкімет пен авиация арасында байланыс орнатып, саладағы саясатты жүзеге асырады. Біз авиация саласына маман даярлау ісіндегі өзекті мәселерді Азаматтық авиация академиясының ректоры Бекен Сейдахметовтен сұрап білдік.
– Еліміз өркендеп келеді. Мұны сан саладағы жетістіктерге қарап аңғару қиын емес. Әуе компаниялары да халықаралық талаптарды барынша сақтап отыр. Елдегі ірі «Air Astana», «SCAT» әуе компаниялары жолаушыларға заманауи Boeing, Airbus ұшақтарымен қызмет көрсетуде. Біз ИКАО (Чикаго конвенциясы) деп аталатын Халықаралық Азаматтық авиация ұйымының талаптарына сай жұмыс істеуіміз керек. Еліміз 1992 жылы аталған ұйымға қосылды. Сондықтан әуе қауіпсіздігіне комитет, үкімет жауапты. ИКАО-ның 19 бағыт бойынша құжаты бар. Бірінші бағыттың өзінде 100 стандарт, 650 құжатқа сәйкестік қаралады. Мұнда авиация саласына маман даярлау, оқу орталығына қойылатын талаптар, білім беру жүйесі түгел қамтылған. Осы талаптар Әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы заңда жазылған. Заң да халықаралық талаптарға орайластырылып, жаңартылып жатыр. Әуе компаниялары халықаралық талаптарды міндетті түрде сақтайды. Сол үшін де біз оқу бағдарламаларын барынша жетілдіріп жатырмыз. Осы бағытта алға қойған жоспарымыз көп. Мақсатымыз – авиация саласының үздік тәжірибелерін енгізіп, сәйкесінше сапалы маман даярлау, – дейді Б. Сейдахметов.
Әуе қатынасы халықаралық талапқа сай болуға тиіс
Елдің авиация саласы ИКАО-ның талабына сай 82% жұмыс істеп отыр деген мағлұмат бар. Аталған халықаралық ұйым әуе компанияларын, ұшқыштарды, аэронавигацияны, аэропорттарды бәрін-бәрін бөлек қадағалайды. Мұның бір бағыты халықаралық талапқа сай маман даярлауға қатысты. Кадр даярлауға байланысты 90 сұрақ болса, оның нақты 20-сы академияның жұмысына қарайды. Демек осы талаптың жүйелі орындалуына да ел үкіметі назар аударады.
– Бүгінде біз ИКАО-ның өзімізге жүктелген талабына сай маман даярлауымыз қажет. Аталған ұйымға 192 мемлекет қарайды. Соның ішінде біз де әуе қатынасын Еуропа стандарттарына сай үйлестірмесек болмайды. Біз 2016 жылдан бері осы талапқа сай болуымыз керек деп межелі міндет қойдық. Біздегі әуе компаниялар Еуропа талабына сай жұмыс істейді. Бұл дегеніңіз біз де академия түлектерін халықаралық талапқа сай даярлауымыз керек дегенді ұқтырады. Енді академия не істеп жатыр, деген сұраққа тоқталайық. Біздің құжаттарымыз, оқулықтарымыз Еуропа тәжірибесінен алынған. Студенттерді талапқа сай оқытамыз. Бірақ «Air Astana» әуе компаниясы ұшқыштарды даярлау үшін сол Еуропа одағының аудитына өту туралы талап қояды. Ал оған өтуге бірінші уақыт, екінші қаражат керек, – дейді академия ректоры.
Осы мәселе кеше немесе бүгін туындамағаны белгілі. Мысалы, 2012 жылы еліміз Еуропа талабына сәйкес маман даярлау керек деп алға үлкен мақсат қойды. Содан оқу орнының басшылығы 2015 жылы академияның материалдық-техникалық базасын жаңғыртуға Үкіметтен 3,5 млрд теңге қаражат сұраған. Көп ұзамай академияның жоғын түгендеуге 1,7 млрд теңге қаржы бөлінген. Оған оқу-жаттығуға арналған 7 ұшақ алыныпты. Оның алтауы – бір моторлы, біреуі – екі моторлы ұшақ болса, осыған қоса Boeing, Airbus жаттығу тренажерлері де бар. Енді араға 7 жыл салып осы мәселе қайта қаузалып отыр. Себебі бүгінгі даярлаған ұшқыштарды «Air Astana», «SCAT» әуе компаниялары мойындамайды. Ол үшін академия Еуропаның ұшу қауіпсіздік аудитін өтіп, сертификат алуы керек. Негізі, академия басшылығы осы мәселені 2019 жылдан қайта қозғаған. Тіпті сол жылы академияның даму бағдарламасы бекітілген. Халықаралық талаптарды орындау жайын академияның директорлар кеңесі, Ғылым және жоғары білім министрлігі де қолдап отыр екен. Енді академия басшылығы Үкіметтен осы талапты орындауға 4 млрд теңгеге жуық қаражат сұрап отыр. Осыған қоса академияның өзі де 640 миллион теңге қаржы қарастыруға ниетті. Себебі аудиттен өту үшін академияға шетелдік компания жәрдемдесуі қажет. Қазір осы бойынша келісімдер жүргізіліп жатқан көрінеді. Яғни бір шетелдік компания академияны аудит өтуге 2025 жылға дейін дайындайды. Енді академия сұрап отырған қаржы қайда жұмсалады деген сұрақ туады. Түлектердің біліктілігі халықаралық талаптарға сай болуы үшін академияға кемі инструменталды үш ұшақ керек екен. Академияның балансындағы қазіргі ұшақты тізгіндеген ұшқыштар визуалды, яғни төңіректегі жағдайды көзбен бақылап ұшады. Ал әуе компанияларына күндіз де, түнде де ұшатын ұшқыштар керек. Оны екінің-бірі оңайлықпен басқара алмайды. Түлектерді осы ұшақты басқаруға машықтандыратын оқу-жаттығу ұшақтары бар. Академияның сұрап отырғаны – осы. Сосын, академияға аэродром қажет. Өйткені қазір ұшқыштар ұшу практикасын Таразда барып өткізіп, сонда дайындалып жүр.
Екінің бірі ұшқыш бола алмайды
Авиация академиясының оқытушылары аэродромға бірінші барған түлектерді 40 сағат үйретеді. Ұшақ басқаруға қабілеті бар жастың әлеуеті 20 сағат ұшқаннан кейін-ақ белгілі болады екен. Ұшқыш болуға ұмтылатын жастар көп. Оның ішінде жоғары жалақыны көздеп немесе мамандықтың беделіне қарап келетіндер де баршылық. Бірақ академия ұшқыштардың сапасын арттыру үшін былтыр ұшқыш болуды көздеген жастардың ішінен Ұлттық бірыңғай тестілеуден 100-ден жоғары балл жиған түлектерді қабылдаған. Олар тестілеуде физика-математика бағытын таңдауға тиіс. Сонымен қатар ағылшын тілін жақсы біліп, медициналық комиссиядан да сүрінбей өтуі керек. Осы екі өткелден аса алмай, орта жолда қалғандар да жоқ емес. Яғни Авиация академиясына екінің бірі оқуға түсе алмайды. Әрине, алғашында академия үлгерімі жақсы балаларды таңдайды. Әрі қарай ағылшын тілін жетік білмейтін студенттерге ағылшынды тереңірек оқытады. Өйткені студенттер 3 және 4-курсқа өткенде мамандығына тікелей қатысты сабақтарды тек ағылшын тілінде оқиды. Бұл – ИКАО талаптарының бір тармағында жазылған. Былтыр академия үздік оқитын 5 студентке Литвада оқуға жолдама берген. Енді биыл 2-курста оқитын 60 баланың ішінен 10 студентті іріктеп, сонда жіберуді көздеп отыр. Шетелге баруға ниетті әрі ағылшын тілін жетік білетін жастар жеткілікті, әрине. Онда ұшу практикасының шығынына Үкімет жәрдемдескенімен студент жатын орынға, ас-суына 2 жылда кемі 10 млн теңге жұмсап үлгереді. Бұған барлық ата-ананың жағдайы келе бермейтіні тағы бар. Министр Саясат Нұрбек те студенттерді шетелде оқыту туралы ұсынысты қолдап отыр. Әзірге академия қажетті сертификатын алғанша, студенттерді шетелде даярлап, «Air Astana», «SCAT» әуе компанияларына Еуропа стандартына сай жастарды жолдайды. Елде авиацияға маман даярлайтын басқа оқу орны болмаған соң «SCAT» әуе компаниясы академияның түлектерін ішінара жұмысқа шақырады. Алайда әуе компаниясы академия түлегін жұмысқа қабылдаған күннің өзінде қосымша тағы шетелде оқытуға мәжбүр. Себебін айттық, академияның сертификаты елдің авиация саласында мойындалғанымен, Еуропаның талаптарына сай келмей тұр.
Көрші елдердің ұшқыштары қайда оқиды?
Геосаяси ахуалға байланысты авиацияда Ресей Федерациясының Еуропаға жолы жабылды. Ал осыған дейін Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түрікменстан елдерінің ұшқыштары сол Ресейде даярланып келген. Ресейдің жолдары жабық болған соң аталған елдер авиацияда бізге бет бұра бастаған тәрізді. Негізі Ресей де бұрын біз секілді ұшқыштарды әуелі өзінде даярлап, кейін шетелде оқытып алатын. Академия басшылығы неге жанталасып 2025 жылға дейін Еуропа стандартына көшуге бекініп отыр? Себебі халықаралық талапқа сай маман даярлау арқылы авиация саласының барлық бағытта жолы ашылады. Соның негізгілерін айтар болсақ, біріншіден, елге қажет ұшқыштарды даярлап, маман тапшылығының алдын алады. Екіншіден, көршілес елдерге маман даярлау мәселесі де ептеп жолға қойылғалы тұр. Қарап отырсақ, келешекте авиация академиясы елге ғана емес көршілес мемлекеттерге де маман даярлайтын үлкен орталыққа айналуы әбден мүмкін. Өйткені қазірдің өзінде академияда шетелден 30 бала оқып жатыр. Оларың арасында Қырғызстан, Ресей, Қытай, Моңғолиядан келген жастар бар. Биыл шетелден 200 орынға ұсыныс түсіпті. Академия басшылығы келешекте оқу орталықтарын жаңартып, жатақхана мәселесін де қарастыруды ойластырып отыр. Мұның барлығы академияның алға қойған жоспарларында қамтылған. Биыл академияның ақылы қызметтерін 40%-ға жеткізуді көздеп отырғаны осыдан.
Былтыр академия түлектерінің 86%-ы жұмысқа орналасқан. Ал оқу орнында қазір білім алып жатқан 1 400 студенттің жартысы – Алматы қаласы мен облыс жастары. Оның үстіне аймақтардан келген студенттер де әуелден Алматыда қалуды жоспарлайтыны бар. Авиация саласында аймақтағы әуежайлар академияның түлектеріне ұсыныс тастап, жұмысқа шақырудан қашпайды. Мұндайда түлектердің шағын әуежайларда жалақының да төменірек болатынын ескеріп, қолдан келсе ірі қалада қалуды ойлайтыны да – заңдылық. Мысалы, былтыр академия басшылығы Ақтөбеден келген 20 студентті дипломын қолға алған соң өз өлкесіне жолдауды ойластырғанымен, олардың 16-сы мамандығы бойынша Алматыға жұмысқа орналасып үлгеріпті. Нақ сол кезде жұмыс таппаған 4 студент те өңірге қайтуға құлықты емес. Мұндай жағдайлардың алдын алу үшін академия әуежайлармен келісімшартқа отыруды көздеп отыр. Яғни авиация академиясы да түлектер мейлінше өз аймақтарына барып, сондағы әуежайлардың әлеуетін арттырса дейді. Әрине, авиация саласында тек ұшқыштар ғана болмайды. Сондықтан академия 11 бағытта маман даярлайды. Ұшақ, тікұшақ басқаратын ұшқыштардан бастап, диспетчер, инженер, авиация қауіпсіздігі, аэропорт ісі сынды өзге де мамандықтар бар. Сол секілді академия келешекте авиация саласының заңгерлерін, авиация қауіпсіздігін қамтамасыз ететін IT технологияларды меңгерген жастарды да даярлау мәселесін ойластырып отыр.
Авиация академиясы биылғы түлектерге көбірек мүмкіндік беруді ойлап, шекті балды 85 деп белгілепті. Бірақ бұл оқу орнының студенттерге қойып отырған талабы жеңіл деуге келмейді. Неге десек, академия басшылығы студенттердің кем дегенде 70%-ы оқуды тәмамдап диплом алса, мұның өзін тәуір көрсеткіш деп санайды. Авиацияға білікті мамандар қажет. Ал білікті мамандар қымбат тұрады. Мысалы, «Air Astana» әуе компаниясында ұшқыштар орта есеппен 2-4 млн теңге көлемінде жалақы алады. Осыған қарамастан, елдің авиация саласында шетелдік ұшқыштар баршылық. Жуырда әлеуметтік желіде кейбір ірі әуе компанияларының менеджер, басшылары шетелдіктер деген хабар тарады. Сонда елде авиация саласын ұршықша иіріп әкететін мамандар жоқ болғаны ма? Авиацияға әлі де болса білікті, тәжірибелі әрі басқарушылық қабілеті жоғары жастар көптеп келуі керек. Бұл мәселе – Азаматтық авиация академиясының материалдық-техникалық базаны жаңарту туралы жоспарды қалай орындайтынына да байланысты болып тұр.