• RUB:
    5.01
  • USD:
    523.58
  • EUR:
    549.71
Басты сайтқа өту
Руханият 14 Маусым, 2023

Санадағы сансыз қоңырау

4239 рет
көрсетілді

Ағылшындарда «Рим шаһары бір күнде салынған жоқ» деген жақсы сөз бар. Қателеспесек, бұл сөздің арғы-бергі адамзат қоғамында өмір сүріп келе жатқанына талай ғасыр болды. Әр сөздің киесі болатыны сияқты, оның әу бастағы иесі де болары сөзсіз. Аталған алдарқатпа сөзді сол кездегі әлдебір билік басындағы біреу немесе ертеңінен үміт үзбеген бір арманшыл адам айтқан шығар, бәрі де мүмкін. Осы сөзге қазақтың «бұдан жаман күнде де тойға барғанбыз» деген тәубелі пікірі сай келеді. Неге десеңіз, екеуінің де табан тірер тиянағы – көңіл төркіні. Екеуі де адам баласын алдаусыратып, алға сүйрейді, жетелейді.

Егер сіз жолыңыз түсіп, әлде бір өр­кениетті елге бара қалсаңыз, әр бұрыш­тан ХХІ ғасырды көресіз, сезінесіз, сонымен тыныс аласыз. Әрине, оған дәнекер сол елдің мәдениеті мен дәстүрі ғана. Қазақ мәдениеттен кенде халықтардың қатарынан емес, бірақ бір өкінерлігі, сол бай мәдениетті өзге жұртқа насихаттап, таныстыра алмай келе жатқан елміз. Қалай десек те, жаһандану бізге келді, келгенде, дүлей күшпен емес, мамыражай леппен, сарынды екпінмен келді. Қазір ол әр қазақ отбасының есігін баяу қағып тұр. Оны кіргізбеуге де шарасызбыз. Ал ендігі біздің айтпағымыз, жаһандану кезінде қазақ мәдениеті оған төтеп бере ала ма деген үлкен мәселе төңірегінде болмақ. Сізге өтірік, маған шын, ағылшын монархиясы қарумен, күшпен жаулай алмаған кей жерлерді Шекспирдің жырларымен, Битлздің әндерімен жаулады. Қай идеолог ойлап тапса да, бұл әдіс өнімді болды, қазір бүкіл әлем Шекспирді оқиды, ағылшын әндерін тыңдайды. Бұл қазіргі қоғам үшін қалыпты үрдіске айналып үлгерді.

Кешегі аумалы-төкпелі замандарда да халқымыз мәдениеттің үздіксіз дамуы­на назар аударды. Тіпті «Ақтабан шұ­бырынды, Алқакөл сұлама» кезінде де зарлы да мұңлы әуендермен алуан түрлі ән, күйлер шығарып, оны елдікті ұстаудың қаруына айналдырды. «Елім-ай» сияқты атақты туындыларды шығарған халық қиын-қыстау кезеңде өзін ұлт ретінде аман сақтап қалуға жол іздеді. Тіпті Гималай асып бара жатқанда да қазақ туған баласын бесікке салып, оны бесік жырымен әлдилеп, ұйықтатты. Бұл – мә­дениетін төбесіне көтерген халықтың ғана қолынан келетін шаруа. Хош, осы­ған дейін жалғасқан мәдениетімізді ендігі жерде қалай өз тазалығымен сақ­тай аламыз деген сұрақтың жауабын іздеу ұлтына жаны ашитын әр адамның ойында жүруі тиіс. Тек асқақ әндер ғана емес, халқымыздың өзге де құнды дәстүрлері жойылып кетпеуіне кепіл болуымыз жөн сияқты. Есіңізге Бұқар жыраудың Абылайға айтқанын түсіріңізші, не деп еді?

«Сыр дарияның суынан,

Көлденең кесіп өтіңіз,

Үш жыл малды ту сақтап,

Жиделі байсын жетіңіз»

демеп пе еді. Бұны қобыз кеуде қарттың өз халқының болашағы туралы асыл арманы демеуге шарасыз қаласыз. Арман деген осылай мінсіз де өміршең болса ғой. Тұтас бірнеше дәуірді өзіне бағындырған маялардың өркениеті бүгінде неге тек аңыз ретінде айтылады. Майя мәде­ние­­ті­нің жойылу себебін анықтаған ға­лым­дардың айтуынша, оған халық са­нының шамадан тыс көбеюі, қоршаған ортаның ластануы, әртүрлі соғыстар, сау­­да жолындағы өзгерістер және ұзаққа со­зылған құрғақшылық себеп болғанын түсіндіреді. Бұған қоса айтар бір шындық, майя өркениетінің құлдырауына себеп болған ең маңызды салдар – әсіре сенім мен менмендік. Қазір даму шегіне жеткен өркениетіміз енді дамымаса, кері кетпейді деген құдайсыз көзқарас майялардың ойында болмады дейсіз бе? Болғанда қандай. 1562 жылы испандық Диего де Ланда майялардың 800 жылдық діні, мәдениеті мен тарихы жазылған 5000-нан астам құжаттың көзін жойып жібереді. Бұл сол тұстағы испандықтардың қара магиямен толассыз күреске шыққанының бір дәлелі. Әлгі 5000 құжаттың төртеуі ғана аман қалған, қазір әлем ғалымдарының зерттеп жүргендері сол төрт құжаттың ай­наласындағы дүниелер. Бір халықтың мәдениетінен айырылуы – «майяның күй­реуі» деген терминді өмірге әкелді. Демек, әсіре сенім мен менмендік ұлт болып қалу мен өркениетті қоғам құрудың жалғыз жауы екенін бізге маялардың алмағайып тағдыры түсіндіріп бере алады.

Тарихтың заңдылығымен құламайды деп сенген алып қорғандар бір-ақ сәтте құлады, мәңгілікпін деген патшалар­дан хәл кетті. Бұндай жағдайлар, әрине хал­қымыздың санасына, өмірге көз­қарасына, үмітіне әсер етті. Бірақ мәдениетіміз өл­ген жоқ, дұрысы, оны сол салаға қаты­сы бар тұлғалар өлтірмеді. Әміреден Ер­кін Шүкімәнға дейінгі дала дауыс­ты әншілердің үнін әлемдік деңгейдегі әл­дебір музыка танушыға тыңдатыңызшы, таңғалмаса, кет ары демейді. Қайталап айтамыз, біз қазіргідей дамыған заманда өзгеше мәдениетімізді дамыған елдерге өз деңгейінде таныстыра алмай-ақ қойдық. Бұған әлде бір мәдени есептер емес, тұрақты да жүйелі жобалар қажет еке­нін уақыттың өзі дәлелдеп беріп отыр. Кеше ғана ауылдан Астанаға келген қазақ қызы ағылшын немесе испан әнін тыңдап, соған еліктеп жүретіні шын­дық. Ал бұл сол елдердің мәдени экс­пансиясының орнықты жұмыс істеп жат­қанын білдіреді.

Біз әлемдік техникалар жасай алмадық, оны мойындаймыз. Ал енді мәдени құн­дылықтармен әлемдік деңгейге шығуға мүмкіндіктер іздегеніміз жөн сияқты. Неге Орхан Памук әлем оқырмандары сүйіп оқыған романдарында Ислам мәде­ниетінің құндылықтары, оның ішінде орта ғасырлық исламдық ерекшелікке ие сурет өнері туралы сөз қозғайды? Бұл туралы сіз ойлана тұрыңыз, мен сөз соңында жауа­бын айтамын. Жазбамыздың басында Шекспирді айттық. Енді Абай туралы да бірер сөз қоса кетелік, оны шетелге өз биі­гінде таныстыру ескерткіштер ашумен емес, шығармаларын дұрыс аударып, насихатталудан басталғаны дұрыс. Бұл да жаһандану кезіндегі қазақ мәдениетін сақтаудың, оны дамытудың бір тарауы бола алады.

Әйгілі жазушы Кафканың «дүниені аралаған сапарым менің өмірімді өз­гертті» дегені бар. Егер Каф­ка қазақ даласына келіп, біздің бай мәде­ниетімізді көрсе, не дер еді? Бұндай мәде­ниетті халықта бақыттан басқа жол жоқ шығар дер ме еді, кім білсін? Аз ұйық­тап, кө­бірек қиялдаған Кафкадан мұн­дай жүрекжарды көзқарас айтылары таң­­ғаларлық іс емес. Хош, жаңағы Орхан Памуктің романдарындағы ис­ламдық мәдени құндылықтар туралы өз ойымды жауап ретінде айтайын. Жаһандану мен Батыс өркениеті арасында Ислам мәдениеті жоғалып кетпей ме дегенді ол көп ойлағаны сонша, шығармаларына соны негізгі арқау етіп алады. Сол үшін бүкіл романы сол жүлгені бойлап, жазылды. Былай қарасаң көркем шығарма, бірақ оның айтары Ислам құндылықтарының адамзат өркениетіне қосқан өлшеусіз үлесі, өзіндік ерекшелігі, қасиеті туралы сөз қозғайды.

Сонымен, біз сияқты аз халық үшін мына ғасыр бәсекенің, тайталастың ғасыры. Сол бәсекеде мәдениетімізбен өзге­ден оқшау, дара тұрайық. Ол үшін әр кісі Алаш ұраны болған «бәрі елім үшін» деген тұтас идеяны ту етіп ұстауы тиіс. Уақыт­тың асау толқындары ешбір халық­ты, еш ұлысты аяған жоқ. Сәл босаңсысаң, ағызып әкете береді, бұл – өмір шындығы. Ендігі жерде біздің ойымызда тіл мен мәдениет дейтін екі түрлі мәңгілік байлық тұрғаны дұрыс. Әлем сәт сайын өзгеріп жатыр, осы тұста біздің санамызда дабылын қағып сансыз қоңырау көрініс беруде, ал оның қандай дыбыс шығаратыны оның соғушысына байланысты.