Шетелдік саяхатшылардың қазақ даласына жасаған алуан түрлі сапарлары туралы сериялы мақаламызды бүгін швейцариялық авантюрист, саяхатшы, жазушы, фотограф Элла Майларттың «Түркістан өлкесі» атты кітабы жөнінде жарияланыммен жалғастырамыз.
Элла Майларттың ғұмыры шытырман оқиғаларға толы болғаны сөзсіз. Ол өзін батыл зерттеуші, ХХ ғасырдың басындағы ең танымал әйел саяхатшы ретінде танытты. Оның спорт саласындағы өмірі де жетістіктерге толы еді. Майларт 1924 жылы алғаш рет Париж Олимпиадасында жалғыз қолмен қайықпен жүзу жарысында өз елі атынан тамаша нәтижеге қол жеткізді, содан кейін халықаралық шаңғы командасының мүшесі болды. Осындай кәсіби әуестік Майларттың шығысқа саяхаттауға деген арманына бастау болды. Женевадағы шалқыған тұрмыстан бас тартып, алыс та бейтаныс елдерге саяхат жасап, басқа елдердің мәдениетін, тұрмыс-тіршілігін өз көзімен көруге ниеттенеді.
Майларт Жерорта теңізін кесіп өтіп, әйгілі жиһанкез Питер Флемингпен бірге Бейжіңнен Кашмирге дейін жол тартты, рухани ағартушылық туралы ізденіп, Тибетті аралады, тіпті сол тұстағы соғыстан зардап шеккен Еуропадан 4000 миль жолды басып өтті. Алайда Майларттың өткен ғасырдың 30-жылдарының басында Орталық Азияға жасаған жеке сапары оның шытырман оқиғаға толы өмірінің жарқын сәті болып тарих бетінде қалды. Моңғолияның Тянь-Шань тауларынан жолға шыққан Майларт сол тұста әлемге жұмбақ болып көрінген Ташкент, Самарқанд, Бұхараны зерттеп, Әмударияға ат басын бұрады. Түйеге мініп, Арал теңізінің шығысындағы Қызылқұм шөлін жалғыз кесіп өтіп, қауіпті бақылау бекеттерінен із жасырады.
«Түркістан өлкесі» – оның қырғыз бүркітшілері, кеңес одағының құпия органдарымен, әлі күнге дейін Орталық Азиядағы қаңырап бос жатқан даланы мекендеген мәңгілік көшпелілер туралы тамаша еңбегі. Кез келген кітап өз оқырманына өткен күндерге қайырыла қарау, сол кездегі қоғамның бейнесін түсіну мүмкіндігін бере алатыны шындық. Алғаш рет Ұлыбританияда «G. P. Putnam’s Sons» баспа үйі басып шығарған бұл кітаптың екінші тарауы тұтастай оның Түркістан топырағындағы сапарына арналады.
«Самара! Үлкен станса, түрлі-түсті адамдар жүр. Ал біз Магнитогорскіге аттанғалы тұрған пойызға отырдық», деп өз сапарынан деректер келтірген автор нені көрсе, соны шынайы қаз қалпында қағазға түсіріп отырған. Сосын ол Алматыдан пойызға мініп жолға шыққан Саид Ахмет дейтін қазақтың есімін сөз арасында келтіреді. Көзі көкшіл, басы домалақ, ол университеттің педагогика курсын бітіріп, Мәскеуге бара жатқанын айтады. «Қазақ деген атау еркін деген мағынаны білдіреді, қазір Түркістан топырағында тұратындарға Түркістан алқабы атауы берілген» деген тарихи дерек те оның осы кітабында айтылады.
Айналасына көз жүгіртуден жалықпаған Майларт шалғайда Арал теңізін көреді. «Құмды шөлдің ортасындағы стансадан алысырақ барып пойыз тоқтайды. Кенет көне, бұлыңғыр жүзді, шалбары мен көйлектерінің гүлді мақтасы ұзын қара кеудешелерге жалғасқан қазақ әйелдері еңкейіп, самаурында сақылдап қайнап тұрған суды сатып жатыр», дейді. Оның бұл дерегі қазақ әйелдерінің күнкөріс үшін сонау ерте кезде-ақ саудаға ойысқанын, отбасы қамын ойлағанын білдіреді.
Майларт мінген пойыз түннің бір уағында Түркістанға аялдайды. «Біз сөмкелерімізді түсіріп жатқанда, бірнеше жас жігіт сол жақтағы шағын тау сілемінде жаңадан ашылған қорғасын кенін зерттеуге келген экспедиция жетекшісі, сақалды кісіні қоршап тұрды». Қазақ даласындағы жерасты байлығының құнары осы ұлы даланы асырап келе жатқан мәңгілік қазына. Бұл құбылыс жиһанкез Майларттың назарынан тыс қалмайды. Сол үшін де ол жұртты қасына ертіп, әлде бір іргелі жұмысқа бел шеше кіріскелі тұрған экспедиция жетекшісін анадайдан анық таниды, бірақ есімін ашып жазбайды. Сірә, олар туралы қасындағы жол серіктерінен немесе бірге сапарға шыққандардан сұрап білсе керек.
Кітаптың келесі бір тарауында ол Алматы туралы көне деректі келтіреді. «Бұл қала 1854 жылы құрылған, Қазақстанның астанасы. Халық саны 1929 жылы елу мың болса, 1933 жылға қарай олардың саны жүз елу мыңға жетті» деген ақпаратты алға тартады. Қалай десек те, мейлі кім жазса да, мұндай ескі жазбалар кешегі тарихымызды тануымыз үшін өте қажетті болмақ. Өйткені, Ресейдің боданында болған жылдардағы ғасырға жуық тарихымыз көбінесе орыс ғалымдарының көзқарасымен жазылғаны шындық. Бұл қазіргі қазақ баласы үшін арқаға аяздай бататын мәселенің бірі. Сол үшін бізге шетелде жарияланған, ешқандай цензураға түспеген материалдар тарихи санамыздың шынайылығына көмектеседі.
«Сырдарияның үлкен иірімдері бар. Мен оны ертеден білемін». Сырдарияны білетіні – оның картадағы мемлекеттердің жағдайымен қанық екендігі. Алыстан ат арытып келген бір саяхатшының сенің жеріңді білемін деуінен асқан жылы сөз бар ма? Майларт бұл тұрғыдан өз міндетін асыра орындаған жиһанкез ретінде есімізде қалатыны белгілі.
Өзі білмейтін жердің ұңғыл-шұңғылы көп екені сөзсіз. Біздің швейцариялық саяхатшымыз да осындай күйді бастан өткізіпті. «Мұстафа маған қырық сомға бір жұп пима сатып әкеліп берді, енді мені нағыз қазақтан ажырататын ештеңе қалған жоқ», дейді ол Қызылқұмға сапарындағы бір сәтін еске алып. Сосын ол Тақтакөпір дейтін жерге де ат басын бұрғанын мақтанышпен айтады. Сапары өзіне ұнағаны сөзсіз, ол әр уақытын ақ пейіл елдің ішінде, аспаны ашық алқапта өткізіп жатқанына өкінбеген сыңайлы. Бірақ оны алда күтіп тұрған қиындық көңіл ауанын уайым өлкесіне қарай бұрғанын да сезіндік. Кітапты парақтай келе, біз оның Қызылқұм аңғарын мекендейтін қазақ малшыларының ескі суреттеріне кездестік. Осыдан бір ғасырға жуық уақыт бұрын түсірілген бұл суреттер көзге оттай басылады. «Қызылқұмда мал жайып тұрған үш қазақ» деп түсіндірме берілген бұл суретте сол кездегі ақ көңіл малшы қауымының шынайы келбеті түсіріліпті. Ал келесі бір сурет «Шөл даладағы босқындар» деп аталыпты. Майларт келген уақыт қазақ даласындағы аштық қасіретінің екінші кезеңіне тура келеді. Суреттегі үш кісі әлде бір бағытқа қарай жол тартып барады. Алдында кішкентай қыз, ортада басына қазақы кимешек киіп, жүк көтерген қарт әйел, соңында келе жатқан адам атқа теңдеп жүк артыпты. Бұлыңғыр сурттен қазақ тарихындағы сол бір нәубет кезеңнің бейнесі анық көрінеді.
Осы мақаланың басында біз оның Қызылқұмды түйемен жүріп өткенін айтып едік. «Үш үлкен киіз үй үшбұрыш болып қаз-қатар тұр. Мен мінген түйе тізерлеп шөкті. Мен Ахметәлінің киіз үйіне кірдім. Айналамыз тап-таза ауамен тыныстаған ұлан-ғайыр дала. Әкесінің сегіз жүз қойы бар кезінде Нұрманның үйі осында қоныстаныпты. Қыста олар Қызылқұмда қыстауда болады екен, бірақ сексеуілі мол шығысқа қарай орын тебетін сәттері де бар. Ал жазда ол Аралдың батысына қарай суы жақынырақ, жазғы жайылымдық жерлері бар Қарақұмға қарай көш түзейді». Мұнда ол атап отырған кісілер Қызылқұмдағы малшылар қауымы болса керек. Жазбаның бір жерінде ол Қызылқұмның кешкі шапағын суреттеп, ай батқан сәтті апельсинге теңейді.
Біз парақтап шыққан саяхат естелігі кешегі қазақ даласының келбеті мен халқымыздың өткен ғасырдағы тұрмыс-тіршілігін көз алдымызға жайып салады. Тасқа басылған тарих деген осы болар. Элле Майларт 1997 жылы 94 жасында қайтыс болды. Артында көптеген еңбек қалды. Аталған еңбектің соңында автор «Ойымда жүрген ең маңызды сапарым осылай аяқталды. Салевен, 1933 жылдың қарашасы» деп қол қояды. Күллі әлемге танымал әйел саяхатшы деп танитын Майларттың ата-бабаларымыз мекендеген киелі Түркістан даласына келіп, халқымыздың мәдениетімен танысуы, сапарын кітап етіп жазып, Батыс қоғамына таныстыруы – біз үшін үлкен олжа. Былай қарасаң, дүние алмакезек. Кешегі күндері олар біз жаққа ағылды, ал қазір біз батыс елдеріне барып, саяхаттағымыз келеді. Бірақ сапарнама жазуды ешқайсымыз назарда ұстамаймыз. Бізді жұмбақ мекен санайтын Батыстың қаншама жұмбақ жиһанкездері келіп-кетіп жүрді. Ендігі міндет – солардың біз туралы қандай үлкен еңбек жазғанын зерттеу мен зерделеу болмақ.