• RUB:
    5.43
  • USD:
    472.62
  • EUR:
    513.22
Басты сайтқа өту
Тұлға 14 Маусым, 2023

Еге

538 рет
көрсетілді

«Ержан Бекбауұлы Исақұловқа кең саяси ой-өріс, өткірлігі лазер сәулесінің қуатты жарқылындай биік деңгейлі кәсібилік, қашанда, қай істе де Құдай бере салған терең түйсік, сирек кездесетін моральдық-жігерлілік және іскерлік қасиеттер тән, кейбір адамдар мұны байқай да бермейді. Аралас-құраласта қарапайым, аналитикалық ойлауға бейім, басшы ретінде кесімді де шешімді, салқын сабырлы, дәйім тап-тұйнақтай, сарабдал, өте зиялы, үйренуден жалықпайды. Оның дара тұлғасының ерекшелігі мен сипаттарын осындай көтеріңкі сөздермен әлі талай айта беруге болады. Сөйткен күннің өзінде, менің ойымша, оның бейнесін толық күйде ешкім де, ешқашан ашып бере алмайды» – бұл сөзді осыдан екі жыл бұрын өмірден өткен ҰҚК ардагері, генерал-майор Есенгелді Мұстафетов жазыпты.

Тектіден текті туады

Жай кісінің бейнесін ашудың өзі қия­мет-қайым екенін білгендіктен, біз газет мақаласында чекистің, оның үстіне генерал чекистің бейнесін толық аша қалады екенбіз деп дәмеленуден аулақпыз, әрине.

Генерал Ержан Исақұловтың кезекті бір мерейжасы тұсында шағын ғана таралыммен шыққан «Халық қызметінде» деген жұқалтаң жинаққа «Тектіден тек­ті туады, Тектілік тұқым қуады. Тектілер­дің тұяғы Таңдайды құз-қияны» деген шумақ эпиграф ретінде алыныпты. Бұл сөздің иесі – Бекасыл Биболатұлы. Жиыр­­­масыншы ғасырдың басында, 1915 жылы дүниеден өтерінің алдында: «Зұл­мат заман келе жатыр, құл-құтан көтері­ліп, ылғи жалаңаяқтар ел басқарып, қаныңды судай шашады. «Жылан тақыр» боласыңдар. Көмусіз адам көбейеді. Қырғын соғыс болады. Жесір көбейеді. Соғыста ұтасыңдар. Сөйтіп, көрер көзге жарқын, бірақ іштей іріп жатқан бір заман басталады. Көлік төрт дөңгелекті темір болады. Аспан жол болады. Бір үй орыс, бір үй қазақ болып отырасыңдар. Олар жерлеріңді тартып алады. Көшіремін деп әуре болмаңдар, жетпіс жылдан соң өздері көшеді. Имандылық азаяды. Өнеге тозады, қасиет азады. Жастар ит ішпейтін сусынға құмар болады. Еркек үйшіл, әйел базаршыл болады. Қатын ел билейді. Қысқа етекті көйлек киіп, есек тұяқты етікпен жүреді. Қатын жіберу көбейеді, әйел еркекті сыйлаудан қалады. Тірі жетімдердің саны артады. Бірақ осының бәріне ертелі-кеш Алланың бір тыйымы болады» деп көріпкелдікпен жазып кеткен, артына «Зикзал» сынды екі томдық ерен еңбек қалдырып өткен Бекасыл әулие. 2022 жылы әулиенің туған жерінде қазақ-қырғыз зиялылары «Зикзалға» ар­налған алқалы жиын өткізген. Сол жиын­ға арнайы келген Президент кеңес­шісі Мәлік Отарбаев Мемлекет басшы­сының құттықтауын оқып берген. Онда «Қасиетті Түркістан топырағында дүниеге келіп, ұлт руханиятының дамуына зор үлес қосқан ғұламаның «Зикзал» атты еңбегі – халқымыз үшін асыл мұра. Қазақ руханиятындағы алып тұлғалардың бірі Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы ғұлама Бекасыл Биболатұлын аса құрметпен ұстаз деп мойындап, оның «Зикзал» атты еңбегін баға жетпес құнды ғылыми туынды деп бағалаған», делінген еді.

Бекасыл Еңсегей бойлы Есім ханның уәзірі болған (хан ордасы тігілген жер біздің кейіпкеріміз туған Кеңесарық ауылының жанындағы беткей) Құдайбердінің тоғыз ұлының үлкені Түгелбайдан тарайды. Түгелбай бабамыздың ең кіші ұлы Әлібектен Төле би тарайды. Түгелбайдан Мырзакелді, Мырзакелдіден Биболат, Биболаттан Бекасыл туады. Әйгілі Мәш­һүр-Жүсіптің өзі «Қазақ баласы оқы­дым-тоқыдым десе де, Бекасыл хазірет бола ала ма? Хазіретпен өткізген күндер біз секілді жандарға енді қайтып келе ме?» деп жазған сахара ғұламасы Бекасыл Биболатұлы – Ержан Исақұловтың бабасы.

Генерал-майор Ержан Исақұловтың бүкіл өмірі қанмен тараған, тұқым қуған тектіліктің өрелі өнегесі.

 

Өнеге

2003 жыл. Ақпарат министрі қызметіне жаңа кірісіп жатқан кезім. Бір күні Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары хабарласты. Аты-жөнін айтты – Ержан Исақұлов. Келді. Ақпарат саласында ұлттық қауіпсіздікке қатысты мәселе аз болмайды. Сол тұста да біраз проблема қордаланып қалған екен. Кеңінен әңгіме қозғадық. Көп жайды ақылдасып алдық. Ақпараттық қауіпсіздікті реттеуге байланысты бірқатар ойды ортаға салдық. Мемлекетшіл азамат екен. Тағы бір разы еткені – жаңылыспайтын жады. Неше түрлі мәліметті, сапырылысқан сандарды оңды-солды ағызып айта береді. Отыз-қырық жыл бұрынғы жайларды да егжей-тегжейіне дейін есіне сақтайды. Мұны сол комитеттегілердің қызметтік ерекшелігіне жатқыза салуға болмайды. Көптің ішінде кім жоқ дейсіз. Кейін білсем, Ержан Бекбау­ұлы ол ортада да осы қасиетімен талайды таңдандырыпты. Мысалы, КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің Минскідегі екі жылдық жоғары курсын бітірерде басшылық бекіткен мінездемеде тұп-тура былай жазылыпты: «Исакулов Е.Б. обладает феноменальной памятью, всеми необходимыми для оперативного работника качествами, может быть использован в острых участках оперативной деятельности контрразведывательных подразделений...» Мұндай сөзді ол кезде бізге оңайлықпен қимайтын. Оның үстіне бұл баға АҚШ-тың арнаулы қызметтері «осиное гнездо», яғни «араның ұясы» деп атаған, кәсіби мықтылығын мойындамай тұра алмаған оқу орнының басшылығы тарапынан беріліп отыр.

Оңтүстік Қазақстан облысының Төле­би ауданындағы Сайрамсу, Қасқасу, Қарасора деген үш өзеннің тоғысқан тұсындағы Кеңесарық ауылы – бөлек бір құт мекен. Ақсу-Жабағылы қорығының тұнып тұрған тамаша табиғаты сонда туғандардың көңілін көтеріп, қиялын қанаттандырып жіберетіндей. Сенсеңіз де, сенбесеңіз де сол – жаңағы бір ауыл­дан Қазақстан Суретшілер одағының Тоқболат Тоғысбаев, Ерболат Тоғысбаев бастаған 17 мүшесі шыққан! Әкімдер, министрлер, депутаттар жағы да жеткілікті. Бұл, әрине, тегін емес. Сол қанаттанған қиялдан шығар, Ержан мектеп бітірерде ұшқыш болғысы келеді. Бірақ оның оқуы­ның бәрі алыста, Ресейде екен. Содан геолог мамандығына бүйрегі бұрылады. Алматыға, политехника институтына келсе, геология мамандығына конкурс сұмдық – бір орынға жиырма шақты абитуриент андыздап тұр. «Ішіндегі ең адамы аздауы металлургия екен, енді аяқ астынан металлургияны жақсы көре қалдым...» деп күледі қазір өзі. Институтты үздік бітірген Ержан әуелде жолдамамен қазіргі Ақмола облысының Шортанды ауданындағы Бестөбе деген жердегі «Қазақалтын» кенішіне орналасады. Кейін Шымкентке ауысып, қорғасын зауытына жұмысқа кіреді. Сөйтіп жүргенде бір күні оны Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің облыстық басқармасына қызметке шақырады...

Сөйтіп, оны өмір мүлде басқа арнаға сал­ды. Оған өкініп көрген кезі жоқ. Қайта чекист жұмысын жанындай жақсы көріп кетті. Қадірін білген адамға бұл елге еңбек етудің, мемлекетіңе көмек тигізудің тамаша тетігі екен. Салған беттен-ақ жаңа саланың қиындығынан қаймықпай, қыз­меттің қыр-сырын жалықпай мең­геруге кірісті. Минскіде екі жыл оқып кел­ген­нен кейін табандатқан 11 жыл бойы Мем­лекеттік қауіпсіздік комитетінің Шым­­кент облысындағы басқармасының жедел уәкілі, аға жедел уәкілі, бөлімше бастығы қызметтерін атқарады. Күндер­дің бір күнінде Ержанның алдынан екі таңдау шығады. Біреуі – қала іргесіндегі Түлкібас ауданына МҚК бөлімшесінің бастығы болып бару. Екіншісі – МҚК-ның Гурьев облыстық басқармасының бөлім бастығының орынбасары болып бару. «Гурьевке кетеміз!» депті сонда келі­німіз Бота... Онысы дұрыс шығыпты. Атырау бойында Ержан ел көрді, жер көрді, әбден ысылды. Егемендіктің елең-алаңында аса қуатты «Теңіз-Шеврон» кәсіпорнының қауіпсіздігі қамтамасыз етілді. Облыста жақсы жұмысымен көзге түсіп, Алматыдағы орталық аппарат­қа алдыртылды, Комитеттің бөлім бастығы­на тағайындалды. Содан қайтадан Оңтүс­тікке, одан Ақмола облысына басқарма бастығы болып тағайындалды.

Пышақтың жүзімен жүретіндей, ине­нің көзінен өтетіндей аса жауапты жұмыста ол әсіресе кадрларға қамқорлығымен, адамдарға жанашырлығымен ерекшеленген. Ержанның сол кезде алған екі «кличкасы» бар екен: бірі – «Макаренко», бірі – «старик»... Неге «Макаренко»? Өйткені Исақұлов жас кезінен сол атақты педагогтай ұстаздық ұстанымынан айнымаған, қарамағындағы қызметкер қандай да бір қателік жіберіп, кінәлі болып қалса, ол жұрт сияқты баянат жаза қоюға асықпайды, жаңағы адамның ақтығына көзі жетсе, сөзі жеткен жерге дейін қорғайды, қолынан келгенінше тәрбиелейді. Неге «старик»? Өйткені Исақұлов жасына жетпей басал­қы тартқан, қандай шешімін де жеті өлшеп, бір кеседі, көпті көрген қариядай салиқалы сөз айтады.

1995 жылы, ел астанасын Арқа төсіне ауыстыру жөнінде саяси шешім қа­был­данған тұста Ержан Исақұловтың өмірінде ерен белес басталды – алдымен, 1995-1997 жылдарда Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Ақмола облысы бойынша басқармасының бастығы, 1997-1998 жылдарда Комитеттің Ақмола қаласы және Ақмола облысы бойынша басқармасының бастығы, 1998-2001 жылдарда Комитеттің Астана қаласы бойынша департаментінің бастығы ла­уазымдарын атқарды. Еліміздің жоғарғы билігі мен мемлекеттік органдардың жаңа астанаға көшуін қамтамасыз етеді. Бір сөйлемге сыйғыза салғанымызбен, бас-аяғы алты-ақ жылға созылғанымен, бұл ел өміріндегі ерекше кезең еді. Болашақта астана болады деген қала да, астаналық облыс болады деген облыс та азып-тозып тұрған. Қалаға тыныс береді дейтін негізгі екі кәсіпорын – «Целинселмаш» пен «Казселмаш» екі иінінен әрең демалады, жұмысшылар ақы төленбейтін демалысқа жіберілген, бюджет мекемелерінің қызметкерлері айлап жалақы алмайды, жарық пен жылу бірде бар, бірде жоқ. Осындай жағдай қалыптасқаннан кейін ахуалды одан сайын нашарлатқысы келетін күштер бой көрсете бастаған, ұйымдасқан қылмыс көбейген. Соның бәрі аз жылдың аясында шешімін тапты. Қалада жағдай тұрақталды. Ержан­ның еңбегі де бағаланып, генерал шенін, «Даңқ» орденін алды, қызметі жоғарылап, ҰҚК төрағасының орынбасары болып тағайындалды.

Генерал шені демекші... Тиіп тұрған Түлкібас тұрғанда күйіп тұрған Атырау жерін таңдамауына Ержанның амалын қалдырмай тастайтын Ботагөз келіннің азаматының алтын басын ардақтап, қиындыққа қайрап салып, жігерін жанып жүретін ақылына, жанашырлығына талайлар тәнті. Тағы бір ағасының сөзін тыңдап көріңіз. Сала ардагері, генерал-майор, философия ғылымдарының докторы Тоқтахан Нұрахметұлы Ержан інісі подполковник шенін алып, қуанышына ортақтасуға үйіне шақырғандағы әңгімені былай баяндайды:

«Шай үстінде бәріміз кезектесіп, Ер­жан­ды құттықтап жатырмыз. Айтаты­ны­мыз: «Бауырым, енді полковник атағын тезірек ал». Сонда келініміз Бота: «Ой, ағалар, полковникті былай да алып тұрмыз ғой, Ерекең генерал болмай, бізде тыным болмайды», деп сақ-сақ күліп жіберді.

Бәріміз үндемей қалып, «Ай, мына келін тәубе демей ме екен» деп жағамызды ұстағандай болдық.

Сөйтсек, Ержанды бізден гөрі сүй­ген жары, балаларының анасы Бота жақсы­рақ білетін болып шықты. Кейіннен пол­ковникті мерзімінен бұрын алып, Ержан көп ұзамай генерал болғанда бәріміз «Ботаның аузына генералды құдай салған екен» деп бір шаттанып қалдық»...

Бұған не айтасың? Тек талантты адам қай істе де талантты дегендей, Ер­­жан Исақұловтың қабілеті өмірдің та­лай қырынан танылатынын, мысалы, Астанаға келгеннен кейін ауылда, Ал­матыда көргенін істеп, үй ауласына апорт алмасын отырғызғанын, оны бірнеше жыл бойы жан-жағынан ораған­дай етіп, желге қақтырмай, суыққа шалдырмай өсіргенін, ақыр аяғында аязға төзімді күйге келтіргенін, сөйтіп апорттың Арқа жеріне бейімделген жаңа сортын шығарғанын, оған Алматыдағы зоология және биотехнология институтының геномдық зерттеу жүргізіп, ДНҚ паспортын, тиісті патентті бергенін, жаңа сортқа Ержан сүйген жарының есімін таңдап, «Бота» атағанын жазумен тоқтағаннан басқа не істейсің?

 

Мұрагер

«Бекасыл бабамыз дүниеден қайтар алдында бала-шағасын, туыс-туғандарын жинап, «Патша құлайды, билік басына дінсіздер келеді, менің сендерге зия­ным тимес үшін, жиған-тергенімді, жаз­ған кітаптарымды адам таппас жерге тығып тастаймын. Тек бір кітабымды шә­кір­тім Қазанғапқа беремін, кейін заман түзелгенде ол менің ұрпағыма тап­­сы­рады», деген екен. Сол кітапты Қазан­ғаптың ұрпақтары 105 жыл сақ­тап, маған аман-есен жеткізді», дейді Ержан Бек­бау­ұлы. Ержан ескі шағатай тілінде жазыл­ған құнды қазына қолға тигеннен кейін алдымен Мырзатай Жолдасбековпен ақылдасады. Ол кі­сінің берген кеңесі бойынша көне тілге кәнігі қос маман – Мақсұт Шафиғи мен Сәрсенбі Дәуіт кітапты қазақшаға аударып шығады. Ол «Жұлдызнама» деген атпен жарық көреді. Бірақ бабаның бай мұрасы бірден бой бере қоймайды. Аудармашылардың өзі «Шамамыз жеткен жеріне дейін бар­дық» деп тоқтаған екен. Ақыры Ержан араб, парсы, шағатай тілдерін түгел мең­гер­ген тамаша тіл маманы Зәріп­бай Ораз­байды табады. Енді кітап кере­қарыс көлем­мен екі том күйде, «Зик­зал» деген атпен басылады. Зикзал – сан қилы ілім-білімнің басын қосып, өрнек­теп жазу өнері. «Зикзалды» газеттің тойма­қа­ла­­­сында шола сөз етудің өзі обалдау. Бір ғана қырын айтумен тоқтайық. С.Ас­фен­­дияров атындағы ұлттық медицина уни­вер­ситетінің ғалымдары оны клини­калық медицина мен фармакология саласындағы энциклопедиялық еңбек деп таныған.

Ержан Исақұлов тындырған тағы бір ірі іс – 2008 жылы Ирандағы Мешхедке арнайы барып, әлемге әйгілі тарихшы Рашид ад-Диннің 1298-1316 жылдар аралығында жазылған «Жамиғ-ат-тауарих» атты еңбегінің түпнұсқасын туған елге алып келуі, сол бес томдық кітапты жылдар бойы Зәріпбай Оразбайға тәржімалатып, ақыр аяғында Астанадағы «Фолиант» бас­пасынан қыздың жиған жүгіндей етіп шығаруы. Ерден Хасеновтің сөзімен түйіндер болсақ, осы арқылы «Білімнің үш ірі саласының – алтаистиканың, түркологияның және иранистиканың тоғысқан тұсында ауқымды археогра­фия­лық және текстологиялық (мәтінтану­шылық) жұмыс атқарылды, соның арқасында еңбектің қазақ тіліндегі аудар­масы дүниеге келді, авторлардың ой-ниеті бойынша бұл аударма, бір жағынан, түпнұсқаға барынша сәйкес келуге тиіс, екінші жағынан, көне кітаптың пайымдалуы төңірегінде 700 жыл ішінде бытысып біткен жаңылысуларды, бүркемелеулер мен бұрмалауларды түзетіп шығуға тиіс».

Осымен тоқтай тұрайық. Әрі қарай сөзді көбейтсек, Шыңғыс хан туралы шатысқан шырғалаңға шырмалып, шыға алмай қалармыз.

 

Қайраткер

2019 жылдың жазында Арыс қала­сында орналасқан №44856 әскери бөлімде оқ-дәрі қоймалары жарылды. Детонация әсерінен ұшқан снарядтар қаладағы тұрғын үйлердің 90 пайызына дейін түсті. Сол күндері әлеуметтік желіде он жыл бұрын айтылған бір әңгіме желдей тарап жатты. Ол сөзді Мәжілістің кеңейтілген отырысында Қорғаныс, қауіпсіздік және халықаралық істер комитетінің мүшесі, депутат Ержан Исақұлов айтыпты. «Қорғаныс министрлігінің Арыс қаласындағы қоймасында Ауғанстаннан әкелінген миллиондаған оқ-дәрі мен снаряд сақтаулы. Оның ауқымы көлемді, салдары ауыр болуы ықтимал», деген екен. Амал не, айтылған сөз ай­тыл­ған жерінде қалған. Арыстағы қойма алысқа әкетілмеген. Қайтерсің, қасіретті оқиға көп уақыт өтпей жатып, Жамбылда қайталанды. Бұл жолы да Ержан Бекбауұлы үнсіз қала алмады. «Қазіргі кезде ешқандай әскери қажеттілікке жарамайтын, ауған соғысы кезінде жасалып, ол соғыс біткеннен кейін Арыстағы арсеналға әкелінген өте ескі және жарылуға бейім тұрған снарядтар неге Жамбылдағы қоймаларға апарылып, аса қауіпті жарылғыш болып саналатын тротилмен бірге сақталған? Мұндай шешімді кім және не үшін қабылдаған? Меніңше, бұл сауалдарға бір ғана жауап бар. Ол – снарядтарды Жамбылдағы арнайы инженерлік-саперлік әскери қоймаға апарып, бөлшектеп, олардағы мыс пен қорғасынды және жарылғыш заттарды бөліп алып, сатып, ақша табу. Мұндай жұмыстарды, көпшілік жағдайда, арнайы білімі мен ешқандай жауапкершілігі жоқ, болар-болмас жалақыға көнетін адамдар атқарады. Сондықтан ондай адамдар қауіпсіздік шаралары мен еңбек заңдарын сақтамайды, олардың жұмыстары көп жағдайда төтенше жағдайларға алып келеді», деді.

Қай кезде де елдік әңгімеге қосылып отырады. Оған қай жағынан да құқылы. ҰҚК төрағасының орынбасары деңгейіне жеткен мемлекеттік қайраткер ретінде де, Парламент мектебінен өткен бұрынғы депутат ретінде де, саяси ғылымдар докторы, профессор атанған ғалым ретінде де, бірнеше кітап шығарған қаламгер ретінде де. Қандай құбылысқа да өз бағасын бере алады. Оның пікіріне шетелдік мамандар да назар аударады. Қаңтар оқиғасынан кейін (2022, 7 ақпан) қоғамдық-саяси «Союзники. ОДКБ» басылымы генерал-майор, қауіпсіздік саласының ардагері Ержан Исақұловтың ой-толғаныстарын жариялады. Саладағы дағдарыстың бас­ты бір себебін ол кадрлармен жұмыстың жайынан іздейді. «Біздің елімізде соңғы 20 жылда ҰҚК-ның және басқа да күштік құрылымдардың жетекшілерін «саяси ауыр салмақтылардан» тағайындау әдетке айналып кеткені белгілі. Ондай жетекшілер мұндағы кадрларды және күштік құрылымдар жұмысының ерекшелігін білмейді, қызметтің сан түрлі бағыттарындағы нақты жағдайдан, сондай-ақ бүкіл елдегі ахуалдан туындайтын мәселелерді тиісінше бағалай алмайды, қалыптасқан жағдаятқа орай қажетті тапсырмаларды беру, олардың орындалуын қадағалау қолдарынан келмейді», «Кейінгі жылдарда Сырбар (сыртқы барлау), Шекара қызметі, Үкіметтік байланыс агенттігі және дербес ведомстволар ретінде жаңадан құрыла бастаған басқа да құрылымдар ҰҚК-нің қарамағына қайтарылды. Сөйтіп, ол тағы да «мемлекет ішіндегі мемлекетке» айналды. Адамдар тіпті ол «мемлекет» басшысының атын атауға да қаймығатын. Ақыр аяғында осының бәрі келіп, қаңтар трагедиясына соқтырды», дейді ардагер чекист. Біз Ержан Исақұловтың бұл сөздерінің орынды-орынсыздығына, дұрыс-бұрыс­тығына баға бере алмаймыз. Біздің білетініміз – елім дейтін, жерім дейтін, мемлекеттің қамын жейтін осындай азамат­тардың қандай ойына да тиісінше көңіл бөліп отыру керектігі. Алатынын алу, қалатынын қалдыру қолда ғой.

«Еге» сөзіне әлі күнге әркім әрқилы қарайды. «Ие» сөзінің диалектілік тү­ріндей көретіндер де табылады. Ар­хаизм­ге жат­қыз­ғысы келетіндер де жоқ емес. Әйтсе де тәуелсіздіктің таңсәрі шағында «суверенитетке» қазақы балама іздегенде дәл сол сөзге жұрнақ қосып жіберіп, «егемен» ұғымын туындаттық. Сөйтіп, жыр дүлдүлі Тұрмағамбет шайырдың 40 мың жолдық «Рүстем-дастанда» «Өкініп отырсыңдар бұған неге? Сыр бермей сілте қылыш қанды төге. Әскердің көбі қа­шып кеткен екен, Емес пе ең екеуің де елге еге?» деп төгілтетін сөзі қайтадан жаңғырды.

Бекасыл әулиенің құн жетпес мұрасы «Еңсегей бойлы ер Есім», «Төле би тарихы» атты дастандар жазған халық ақыны Қазанғап Байболовтың қолында қалған екен. Ол дүниеден өтерінде 12 жасар ұлы Оңғарға қалың-қалың қолжазбаны табыстап, «Түбі мұның егесі келеді, соған тапсырасыңдар», деп аманат етеді. Сол еге – Бекасылдың тікелей ұрпағы Ержан Исақұлов еді. Ержан ініміз бабаның сол мұрасына ғана еге болып қалған жоқ. Ол – елдігімізге де егелік етіп келе жатқан қуатты қайраткерлердің қалың ортасында тұрған тұлғалардың бірі.

 

Сауытбек АБДРАХМАНОВ,

қоғам қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты