Әлеуметтік саланың тілімен айтқанда, ерекше адамдарға ерекше қамқорлық қажет. Ондай әлеуметтік жағдай жасауға еліміздің әлеуеті жетеді. Мүгедектігі бар адамдар үшін кедергісіз орта құру – өркениетті қоғамның міндеті. Енді мұның бәрін қадағалап, реттеп, олардың мұң-мұқтажын жоғарыға жеткізіп отыратын құзырлы сала құрылмақ. Әлеуметтік кодекске сәйкес, биыл 1 шілдеден бастап елімізде әлеуметтік қорғау инспекторлары жұмыс істейді.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің төрағасы Төлеген Оспанқұлов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте еліміздегі мүгедектігі бар адамдар үшін әлеуметтік объектілер мен инфрақұрылымды бейімдеу бойынша қабылданып жатқан бірқатар шара туралы егжей-тегжейлі түсіндіріп өтті. Мәселен, ол мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қорғау және олар үшін қолжетімді ортаны қалыптастыру Үкімет жұмысының басым бағыттарының бірі екенін айтты.
– «Мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау туралы» заңда кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын жеке тұлғалар, сондай-ақ заңды тұлғалар мүгедектігі бар адамдарға жалпыға ортақ пайдаланылатын көлік құралдарына, тұрғын үйлерге, қоғамдық және өндірістік ғимараттарға, құрылыстар мен үй-жайларға кедергісіз қол жеткізуге хақылы. Сондай-ақ, әуежайларда, теміржол вокзалдарында, автовокзалдарда, автостансаларда, теңіз және өзен порттарында еркін жүріп-тұру үшін жағдай жасауға міндетті екендігі айқындалған, – деді ол.
Комитет төрағасының айтуынша, мүгедектігі бар адамдар үшін кедергісіз орта құру біраз заңда нақтыланған. Атап айтқанда, «Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы», «Ең төменгі әлеуметтік стандарттар және олардың кепілдіктері туралы», «Көлік туралы», «Дене шынықтыру және спорт туралы» сияқты бірқатар заңмен реттелген екен.
Денсаулық сақтау саласында инфрақұрылымды дамыту халықтың барлық топтары үшін көрсетілетін медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін жақсартуға, оның ішінде мүгедектігі бар адамдарға үшін медициналық мақсаттағы объектілерді бейімдеуге негізделеді. Бұл ретте ерекше қажеттіліктері бар адамдарға бірінші кезекте қызмет көрсетуге құқылы.
– Жергілікті атқарушы органдар ұлттық стандарттарға сәйкес елді мекендерді жобалау, салу және салу кезінде мүгедектігі бар адамдардың қоғамдық және өндірістік ғимараттарға, құрылыстар мен үй-жайларға қолжетімділігін қамтамасыз етуге тиіс. Мүгедектігі бар адамдардың қоғамдық бірлестіктерінің өкілдерін салынып жатқан объектілер мен кешендердің қадағалауына қатысуға болады. Осылайша, заңнамалық актілерде мүгедектігі бар адамдардың объектілерге қол жеткізуін қамтамасыз ету бойынша толық мүмкіндіктер көзделген, – деді Т.Оспанқұлов.
Оның айтуынша, елімізде 2025 жылға дейін мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі «Кедергісіз келешек» ұлттық жоба-жоспары жасалған. Ол – «Аманат» партиясының жол картасы және Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында 2021 жылы әзірленген көрінеді. Жоба аясында ел аумағында бейімделу бойынша 22 мың объекті анықталған. 2021 жылдан бастап 2025 жылға дейін жыл сайын 4 400 объекті өткізілуге тиіс. 2023 жылғы 1 мамырындағы жағдай бойынша 9 030 объекті бағытталған.
Ал жергілікті атқарушы органдардың мәліметінше, 2023 жылы ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін инфрақұрылымды жақсартуға, соның ішінде оларды пандустармен, бейімделген лифтілермен, дәретханалармен, зағиптар үшін бағыттаушы белгілермен қамтамасыз етуге 1,7 млрд теңге қарастырылған. Ол қаражат жергілікті бюджеттерден бөлінген, ал жұмыс негізінен ғимараттар мен құрылыстарды күрделі жөндеуден өткізу және реконструкциялау шеңберінде жүргізілмек.
Сондай-ақ Еңбек және әлеуметтік қорғау комитеті аумақтық департаменттері мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау және оларға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету саласындағы заңның сақталуына мемлекеттік тұрақты бақылауда ұстауға міндетті екені айтылды.
– 2022 жылдың қорытындысы бойынша мүгедектігі бар адамдар үшін объектілердің қолжетімділігін қамтамасыз ету бөлігінде 1 181 тексеру жүргізілді. 4 мыңнан астам заң бұзу деректері анықталды, 900-ден астам ұйғарым берілді және 60 млн теңгеден астам сомаға 300-ге жуық айыппұл салынды, – деді спикер.
Министрліктің мәлімдеуінше, аталған объектілердің бейімделу барысын бақылау үшін қоғамдық ұйымдардың әлеуеті де пайдаланылады. Ол үшін әкімдіктер жанынан аудан және қала әкімдерінің орынбасарлары бекіткен 227 қадағалау тобы жұмыс істейді, олардың құрамына 1 630 мүше кірді. Ал Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жанынан мүгедектігі бар адамдар үшін әлеуметтік инфрақұрылым объектілерінің қолжетімділігін қамтамасыз ету мәселелерін қарау жөніндегі республикалық жұмыс тобы жұмыс істейді. Оның құрамына мүгедектігі бар адамдардың қоғамдық бірлестіктерінің төрағалары, мүгедектігі бар адамдардың мәселелері бойынша әкімдердің кеңесшілері және мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері кіреді.
Төлеген Оспанқұлов жергілікті атқарушы органдардың объектілерді бейімдеу туралы ақпараты «Мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау» (inva.gov.kz) порталында тұрақты негізде орналастырылатынын айтты. Онда объектілердің «Интерактивті қол жетімділік картасы» жұмыс істейді.
Оған 9 мыңнан астам объекті бойынша деректер енгізілген. Бұл әлеуметтік қызмет көрсету орындарына мемлекеттік органдар, ХҚКО, мектептер, ауруханалар, дүкендер, сауда орталықтары, шаштараздар кіреді екен. Бұл карта барлық азаматтарға қол жеткізу үшін ашық. Бұл мүгедектігі бар азаматтарға үйДен шықпай-ақ компьютерден немесе телефоннан белгілі бір объектінің қол жетімділік дәрежесін анықтауға мүмкіндік береді.
Еңбек және әлеуметтік қорғау комитеті аумақтық департаменттерінің қызметкерлері ҮЕҰ-мен бірлесіп бақылау іс-шараларын өткізеді, яғни әкімдіктерден кейін бейімделген объектілерді қайта тексереді және қажет болған жағдайда бейімдеу жөніндегі іс-шараларды пысықтау жөнінде ұсыныстар береді.
Төлеген Оспанқұлов айтуынша, Әлеуметтік кодекске сәйкес, биыл 1 шілдеден бастап елімізде әлеуметтік қорғаудың мемлекеттік инспекторлары пайда болатынын хабарлады. Олар бақылау функцияларын іске асырады және мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау, арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету, әлеуметтік қамсыздандыру, оның ішінде міндетті әлеуметтік сақтандыру мен зейнетақы мәселелері бойынша заң нормаларын сақтау жөнінде жедел шаралар қабылдайтын болады.
– Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін биыл 1 шілдеден бастап мүгедектігі бойынша жәрдемақы мөлшері, мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған адамдарға, бірінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға күтім жасайтын жеке көмекшілерге 14,5%-ға арттырылатын болады. Жыл басындағы жәрдемақылар мөлшерінің 8,5%-ға өсуін ескере отырып, төлемдер мөлшерінің жылдық жиынтығы 23%-ға өседі, – деп түйіндеді Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің басшысы.