ЕЭК Сауда жөніндегі алқасының мүшесі Андрей Слепнев 12 мамырда, Мәскеуде өткен брифинг барысында ЕАЭО елдері бірыңғай электрондық коммерция нарығын құруға қам жасап жатқанын хабарлады. «ЕАЭО-да бірыңғай электрондық коммерция нарығы болуы керек. Деректерді сақтауды қорғау, оларды стандарттау, тұтынушылар мен сатушылардың құқықтарын қорғау мәселелерін шешу қажет», деді ЕЭК министрі Андрей Слепнев.
Сарапшылар ЕЭК министрінің мәлімдемесі 2016 жылдан бері айтылып жүрген әңгіменің жалғасы екенін айтады. Сыртқы әлеммен сауда кеңістігі шектеліп қалған Ресей ойыншыларының ендігі назары біздің елге бағытталары анық. Біздің нарықтың деңгейі IT-саласы дамыған елдердің нарық деңгейінен алшақ. Әзірге өз мүмкіндігіміз емес, шетелдік ойыншылардың мүмкіндігіне иек арту басым. Американың электронды коммерция нарығы шамамен 150 млрд долларға бағаланса, Ресейде бұл көрсеткіш шамамен 5 млрд доллар. Ресейде интернет-коммерция нарығының көлемі бір пайдаланушыға шамамен 100 доллар, біздің елде шамамен 42 долларды құрайды. Қытайдағы интернет-дүкендер көрші Ресейдің нарығын жаулап, дәстүрлі сауданы біртіндеп ығыстыра бастағаны осыған дейін айтылған. Ал біздің нарық әзірге Қытай мен Ресей дүкендерінің ықпалында.
Интернет-коммерциялық компаниялар қауымдастығының президенті Артем Соколовтың айтуынша, трансшекаралық сауда қысқарды, шетелдік компаниялардың Ресей нарығынан кетті. Әлемдік деңгейдегі брендтердің ресейлік нарықтан кетуі кәсіпкерлерді электронды коммерция сегментіне белсенді түрде енуге итермеледі. Көптеген бренд Ресей Федерациясына тауар жеткізуден бас тартып, шетелдік сайттар ресейлік карталардан төлемдерді қабылдауды тоқтатты, ал PayPal енді ресейлік тұтынушыларға қолдау көрсетпейді. Қысқасы офлайн сауданың кері кетуі электронды коммерция нарығының дамуына жол ашты. Бұл ретте Өзбекстан да осал емес. Сәуір айының бас кезінде Алматыда өткен Retail Central Asia PLUS форумында өзбекстандық «Uzum marketplace» бас директорының орынбасары Акмал Рахимов 2025 жылға қарай Өзбекстандағы электронды коммерция нарығының көлемі 12 есеге өсуі мүмкін екенін, үш жылда бөлшек сауда көлемі 52,5 млрд долларға жетсе, онда онлайн сауданың үлесі 13,1% немесе 6,88 млрд долларды құрайтынын мәлімдеді. А.Рахимов сол жиында Өзбекстандағы электронды коммерцияның дамуына кедергі келтіретін ықтимал проблемаларды зерттегенін де теріп өтіпті. «Бүгінде көршілеріміз 7-10 жылда өтіп кеткен жолды алдағы 3-4 жылда еңсеруге мүмкіндігіміз бар», дейді А.Рахимов.
Ол сондай-ақ компанияның автопаркті толықтырып, қатысу географиясын кеңейтуді жоспарлап отырғанын, автопарктерінде 56 вагон болатынын да айтып өтіпті. 2023 жылдың соңына дейін тауарды адресатқа жеткізетін көліктер санын 160-қа, ал 2024 жылы 300-ге жеткізуді жоспарлап отыр. Ташкент, Ферғана, Наманган, Әндіжан және Қоқан қалаларында тапсырыс қабылдау бекеттері жұмыс істеп тұр. Жыл соңына дейін Самарқанд, Бұхара, Қарши және Науаи қалаларында, сондай-ақ Ташкент облысының, Қазақстанның Түркістан облысының бірнеше қаласында сауда алаңдарын ашуды жоспарлап отыр.
Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінде 2019 жылы Қазақстандағы электрондық коммерция нарығының көлемі 1,5 млрд доллар, 2021 жылы ол 2,5 млрд-тан асып, жалпы бөлшек сауданың 9,7 пайызын еңсерді. Тауарлардың сапасы белгіленген талаптарға сәйкес болуы, кедендік төлемдердің жасалуы, адресатқа – жеке тұлғаларға сатып алған тауардың жылдам жетуін де қамтамасыз ету маңызды. Сауда және интеграция министрлігі дайындаған Onay Bazar және HappyFood.kz электрондық платформалары тұтынушыға үйден шықпай, тауар сатып алуға және ақша үнемдеуге мүмкіндік беріп, делдалдардың тізбегін азайтуға ықпал етеді. Қазіргі уақытта 22 қазақстандық компания Aliexpress-те мәміле жасасуда, онда олар жылдың аяғына дейін 28 млн долларға тауарлар сатуды жоспарлап отыр, 21 отандық компания ЕАЭО елдеріне 594 тауар түрін Wildberries платформасы арқылы сатуда және ЕО кеңістігіне кіруден үміттеніп отыр.
KPMG Caspian сараптамаларында 2026 жылы бұл көсреткіштің 5 млрд долларға жететіні айтылады. «2022 жылы әлемде орын алған саяси және экономикалық турбуленттілік электронды коммерцияның даму болжамын бәсеңдетуі мүмкін, сонымен қатар саланың көрінісін өзгертуі мүмкін», дейді KPMG Caspian сарапшылары.
Шағын бизнестің алдында жаңа міндеттер тұр, Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, 2025 жылы 10 мыңға жуық интернет-дүкен ашу жоспарлануда. Бұл электронды коммерция және онымен байланысты салаларда қосымша 200 мың жұмыс орнын құруға, халықаралық сауда үдерісіне қосылуға және отандық тауарларды сыртқы нарыққа шығаруға мүмкіндік береді. Қазақстандағы кеңсе тауарларын сатуға арналған ірі онлайн-платформаның бас директоры, Office Expert Руслан Мұқашевтың айтуынша, онлайн-сауданы дамытуға кедергі келтіретін тағы бір аспект – ШОБ үшін BNPL (Қазір сатып ал, кейінірек төле) қызметінің жоқтығы. Қарапайым тілмен айтқанда, бұл несие немесе бөліп төлеу жоспары бойынша сатып алу – B2C сегментіндегі дамудың негізгі қозғалтқышы. «Әзірге қазақстандық кәсіпкерлер үшін тауарларды немесе қызметтерді сатып алудағы шағын операциялық қажеттіліктерді өтейтін «жеңіл» несие өнімдері жоқ. Егер нарықтың осы сегментті ассортиментті әртараптандырса, электронды коммерцияның өсуі жалғасады. Ассортименттің кеңеюімен электронды коммерция нарығы алдағы екі жылда 30 пайызға дейін өсуі мүмкін», дейді Руслан Мұқашев.
Шағын қалалар мен ауылдардағы өсім қалааралық жылдам және тегін жеткізудің және тұрақты шектеліп отырғаны осыған дейін талай рет айтылған.
Р.Мұқашев айтып өткендей, электронды құжат айналымы тек қана дамып келеді. Ол ШОБ субъектілеріне тез арада келісімшарттарға, жүкқұжаттар мен тауарларды алуға сенімхаттарға қол қоюға және алмасуға мүмкіндік береді. Жалпы, электронды коммерция нарығы туралы айта отырып, Руслан Мұқашев банктерде овердрафт алу шарттары жетілдірілмеуі экономиканың дамуына кедергі келтіретінін айтып берді. «Электрондық коммерцияның пайда болуымен әлеуметтік әділеттілік деңгейі көтеріле бастады. Біздің клиенттік базамызда 25 000 ұйым бар. Бұл фактор бізге кейбір ақпараттың репрезентативті үлгісін жасауға және трендтерде кейбір өзгерістер бар екенін жауапкершілікпен жариялауға мүмкіндік береді», дейді Р.Мұқашев.
Сарапшының айтуынша, нарық қалыптасты. Онлайн-сауда жалпы халықтық сипат алмаса да қызметтің бұл түрін қолданатындар қатары көбейіп келе жатқаны байқалады. Себебі тауарлары – дәстүрлі сауда желілеріндегі тауарлармен салыстырғанда арзан. Ішкі нарықта шетелдік ойыншылар басым болса да ойын тәртібі біздің елдің ережесімен жүріп жатыр.
Ендігі тренд мамандардың біліктілігі. «Электронды коммерция секторы ЖОО-ның тренд бағыттарына әсерін тигізе бастады. Кейбір жеке-меншіктегі оқу орындарында осы бағытта мамандар дайындауға ниеттеніп жатыр. Сауданың осы сегментінің логистика, ақпаратты технологиямен интеграциялануы маңызды. Мысалы, ҚХР немесе Түркияға тапсырыс берген клиент интернет арқылы тауарының қандай уақытта қандай нүктеде келе жатқанын білуі қажет» дейді ол.
Еліміздегі электрондық коммерцияның негізгі драйверлері логистиканы дамыту екенін, тасымалдау құны сатып алынған өнімнен жоғары болмауы маңызды екенін сарапшылардың бәрі айтады. Сатып алушының онлайн тапсырыстан алған әсері қаншалықты жақсы болса, оның келесі сатып алуды онлайн жасау мүмкіндігі соғұрлым жоғары болады.
Finprom.kz елдегі электронды коммерция одан әрі дами бастағанын, енді екі жылдан Қазақстандағы бөлшек сауданың 15 пайызын еңсеруі мүмкін екенін айтады. Тек 2022 жылы ел тұрғындары интернетте киім, аяқкиім және түрлі аксессуарларды сатып алуға 423,9 млрд теңге жұмсапты. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 17 пайызға көп. Электронды сауда туралы әңгіме болғанда нарықтың мүмкіндігі мен тарлығы кедергілердің қатарында айтылатын. Қазір бұл мәселе кешегі күннің еншісінде қалды. Ақпаратты технологияның мүмкіндігі шекараны мойындамайды. Көрші Қаржы секторында біздің елге тиесілі дейтін 28 банктің үшеуінде интернет платформалар бар. Кейбір сарапшылар «Kaspi.kz» бастаған ЕДБ негізгі бағытынан ауысып, интернет компаниялардың қол салды» дегенді жиі айтып жүр. Ал екінші тарап керісінше. басқа компаниялардың жұмысына қозғалыс туғызды дегенге басымдық береді. Ал біз өз тарапымыздан қазақтың ішкі нарығына ЕДБ, Казтелеком немесе жекелеген компаниялардың бәрі мүмкіндіктерін біріктіргені маңызды. Ел тұрғындарының 20%-ы интернет арқылы сауда жасаса ғана «e-commerce» индустрияға айналатыны осыған дейін талай рет айтылған. Демек интернет сауданы дамыту арқылы ғана орта табыс тұзағы деген шырмаудан құтыла аламыз.
ALPHALUX Consulting бас сарапшысы Сергей Полыгалов бізбен әңгімесінде интернет сауда ойыншыларының әлеуметтік мәртебесі анықталмай бұл мәселенің шешілмейтінін айтады. Негізгі мәселе тауарды иесіне дер кезінде жеткізу болса, одан кейінгісі салыққа келіп тіреледі. Facebook пен Instagram қосымшасында өз бизнесін дөңгелетіп келген бизнесмендердің біразы жеке кәсіпкер ретінде тіркелсе, біразы көлеңкеде жүр. Ресми ақпаратқа сәйкес 500-ге жуық интернет-дүкен жұмыс істеп тұр. Көлеңкеде жүргендердің қатары 1500-2000-нан асып кетуі мүмкін. Сарапшы айтып өткендей, мемлекеттік тіркеуі жоқ және салық төлемейтін «кәсіпкерлерді» қадағалау да, интернет-дүкендердің қанша екенін анықтау да қиын.
«Осы сегменттінің өкілдерінің құқықтық мәртебесі заңдастырылуы интернет-дүкендер санының өсуіне ықпал етіп, шетелдік электронды коммерция өкілдерімен бәсекелестікке түсуіне мүмкіндік береді.
Сол кезде олар бизнестің бір субьектісі арқылы банктерден несие алады, логистикалық мүмкіндігін әртараптандырады. Қазақстанның ақпараттық технологиялық мүмкіндігі интернет сауданың мүмкіндігін әлемдік алпауыт компаниялармен интеграциялауға жетеді», дейді С.Полыгалов.
Сарапшы айтқан екінші кедергі – отандық тауар нарығындағы қазақстандық үлестің аздығы, ойыншыларымыздың шетелдік тауар нарығына деген тәуелділігі. Айталық, Amazon АҚШ заңы бойынша ол өнім қай жерде сатылғанына қарамастан, сату салығынан босатылған. Қазақстанға олар салық жеңілдіктерімен жұмыс істейді. Қытай заңында да онлайн сауда өкілдіктеріне жеңілдіктер қарастырылған. Бізге де жергілікті ойыншыларға салық жеңілдіктерін беруді жан-жағымыздағы елдердің заңымен үйлестіретін кез келді. Көрші елдерде аяғынан тұрып үлгерген компаниялардың өзі шетелдік ойыншыларға жұтыла бастады. Салық заңдары арқылы өз ойыншыларымызға басымдық бермесек, ойын ережесі шетелдіктердің пайдасына қарай бұрылып кетуі әбден мүмкін. «Интернет-сауданың көрігін қыздыратын топ 16-34 жас аралығындағы жастар екенін сарапшылардың бәрі айтады. Қазақстанда осы жастағы тұтынушылардың үлесі 12 пайыздан аспай тұр. Ал көрші Өзбекстанда жастардың үлесі 27 пайыздан асып кеткен. ЕО немесе Оңтүстік Корея экономикасының жеңіл индустрия, тұрмыстық техника сегменті Өзбекстаннан филиалдарын ашып жатыр. Бұрыннан саудаға бейім және жеңіл индустриясын жолға қойып алған өзбек ойыншыларына тауарларын бізден төмен бағамен айналымға шығаруға мүмкіндік бар. Ал біздегі артықшылық – ақпараттық мүмкіндік. Е-коммерция нарығында жаңа ойыншылар пайда болса, бәсеке болады. Бәсекеге басымдық берген ортада дамуға кедергі жоқ», деп сөзін түйіндеді сарапшы.