Елімізде көкөніс пен жеміс-жидектерді көктемге дейін сақтау үшін картоп қоймаларының қуатын үш есе, жеміс-жидек қоймаларының қуатын екі есе арттыру қажет. Мұндай нысандарды салудың қарқынына қарағанда, көзделген меже 2025 жылдың соңына дейін орындалмауы мүмкін.
Еліміз көкөністердің негізгі түрлері бойынша ішкі нарықтың қажеттіліктерін толық қамтамасыз етеді. Былтыр 4,1 млн тонна картоп, 621 мың тонна сәбіз, 1,1 млн тонна пияз және 551 мың тонна қырыққабат өндірілді. Алайда жеміс-көкөніс өнімдерін өндірудің едәуір көлеміне қарамастан, қыс-көктем кезеңінде сақтау қуатының төмендігіне байланысты нарықта отандық көкөністер ұсынысының төмендеуі байқалды. Бұл нарықта импорттық өнімнің көбеюін және маусымаралық кезеңде бағаның көтерілуін тудырады. Сондықтан бұл түйіннің шешімі ‒ көкөністерді сақтау қуатын арттыру. Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтің айтуынша, қазірде республика бойынша жалпы сақтау сыйымдылығы 1 952,8 мың тонна болатын 1 208 қойма бар. Көкөністерді сақтау сыйымдылығын арттыру мақсатында 2025 жылға дейін көкөніс қоймаларын салу және жаңғырту жөніндегі кешенді жоспар бекітілді. Оның аясында соңғы екі жылда жалпы сақтау көлемі жоспарланған 181,5 мың тоннаның орнына 200,8 мың тоннаға 37 жоба жүзеге асырылды. Ал осы жылдың соңына дейін 111,5 мың тонна өнімге 29 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Бұл ретте сақтау қуаттарымен қамтамасыз ету бойынша нақты көріністі белгілеу үшін Ауыл шаруашылығы министрлігі Сауда және интеграция министрлігімен және облыс әкімдіктерімен бірлесіп барлық қоймаға тексеру жүргізеді.
Картопты, басқа да көкөністер мен жемістерді сақтайтын қоймалар үш санатқа бөлінеді. Қоймалардың ең көп бөлігі, мысалы, 770-і көкөністерді контейнерлерде сақтауға арналған. Онда 1,3 млн тоннадан астам сәбіз, қызылша, қырыққабат, пияз сақтауға болады. Сауда және интеграция министрлігі жүргізген талдауға сәйкес, бұл көкөністерді сақтау қуаттылығы жеткілікті деуге болады. Бірақ қалған екі санат ‒ картоп пен жеміс сақтау қоймалары тапшы. Біріншісінің қуаттылығы егіннің тауарлық көлемінің 36,5%-ына ғана жетеді (ол 1,4 млн тонна). Жемістерді сақтауға арналған қойма да жеткіліксіз: қолданыстағы қоймалар көктемге дейін сақталуы қажет жеміс көлемінің 43,8%-ын ғана (196,5 мың тонна) сақтай алады. Жалпы, өткен жылдың соңында барлық үш сақтау санатындағы орташа тапшылық деңгейі 35,4%-ды құрады.
Еnergyprom ақпараты бойынша, 2022 жылдың қаңтарынан 2023 жылдың сәуіріне дейінгі кезеңдегі көкөніс бағасы индексінің динамикасына сүйеніп, бұл үрдісті байқау қиын. Былтыр инфляциялық қысымның әсері тым қатты болды. Көкөніс қоймаларының аздығынан басқа, бағаның өсуіне көптеген ішкі және сыртқы фактор да ықпал етті. Ресей мен Украина арасындағы әскери қақтығыс салдарынан 2022 жылдың наурыз-сәуір айларында көптеген тауар, соның ішінде көкөніс бағасы өсті. Қырыққабат ‒ 3 есеге жуық, картоп ‒ 37,8%, сәбіз ‒ 42,3%, қызылша ‒ 74%, пияз ‒ 34,2% қымбаттады. Биыл наурыз-сәуір айларында осы тауар тобындағы өнімдерге баға индекстері соншалықты жоғары болған жоқ (пиязды қоспағанда). Бірақ салыстыру бір маусымнан кейін, жаңа астық жиналып, экономика дағдарыстан ес жия бастаған былтырғы жоғары базаға негізделгенін ескеру керек.
Бірақ баға индекстерін ресурстар мен пайдалану тепе-теңдігі туралы ақпаратпен салыстыру ауыл шаруашылығы министрінің тезисін растайды. Статистикаға қарағанда, бізде ең көп өскені ‒ импортқа тәуелді көкөністердің, әсіресе қырыққабат пен пияздың бағасы. Өндірушілеріміз ішкі нарыққа қажетті қырыққабат көлемінің 83,4%-ын, пияз көлемінің 98,4%-ын өсіреді. Бұл ретте пиязды шамадан тыс экспорттамағанда, бұл өнім импортсыз да жеткілікті болар еді. Алайда ішкі нарықта пияз тапшы болса да, жеткізушілер оларды тұрақты түрде шетелге сатуға жіберген. 2022 жылдың қорытындысы бойынша, елімізден 178,6 мың тонна пияз экспортталды. Нәтижесінде, бұл көлем 196,4 мың тонна импорт есебінен өтелуге тиіс болды. Осы себепті Сыртқы саясат жөніндегі ведомствоаралық комиссия тіпті экспортқа уақытша тыйым салуға, кейіннен пиязды квотамен сатуға дейін барды. Өнімнің елден жаппай шығарылуын болдырмау және оның бағасын тұрақтандыру үшін комиссия пияз экспортына 3 ай мерзімге тыйым салу туралы шешім қабылдаған болатын. Үшінші елдердің қазақстандық пиязға деген сұранысы Азия мен әлемдегі ең ірі пияз өндірушілердің бірі ‒ Пәкістандағы табиғи апаттармен байланысты. Бұл елдегі су тасқыны әлемде, оның ішінде біздің елдің нарығында пияз бағасының өсуіне әкелген. Республикамыздың оңтүстік өңірлерінде, сондай-ақ Өзбекстанда өнімнің қатты аязда үсіп кетуі оның құнына қосымша салмақ болды. Сонымен қатар былтыр елдегі пияздың шығымы 1,1 миллион тоннаны құрады. Бұл ретте ел тұрғындары жыл сайын бұл көлемнен 3 есе аз, орташа есеппен алғанда 315 мың тонна тұтынады.
Көкөніс қоймаларының жетіспеушілігінен басқа, азық-түлік сақтау жүйесінде басқа да күрделі мәселелер бар. Айталық, көкөніс қоймаларының қажетті климаттық жабдықтармен қамтамасыз етілу деңгейі төмен. СИМ мәліметінше, 1,2 мың көкөніс қоймасының тек 16,6%-ы ғана тоңазытқыштармен, микроклиматты және белгілі бір ылғалдылық деңгейін құру жүйелерімен жабдықталған. Бұл аспектілер өте маңызды, өйткені арнайы сақтау шарттары болмаса, қоймалардағы пияз шіріп, сәбіз кебеді және алма өзінің тауарлық сипатын жоғалтады. Қазіргі уақытта Ұлттық статистика бюросы көкөніс қоймаларындағы тауар қалдықтары және бүлінген тауарларды кәдеге жарату көлемі туралы ақпаратты қадағаламайды. Бірақ көкөністердің бүлінуінен егін шығыны орын алатынын бұқаралық ақпарат құралдарындағы тұрақты жарияланымдар растайды. Сондай жағдай Қызылорда облысында орын алды. Қыста бағаны ұстап тұру үшін облыстық ӘКК сатып алған 126 тонна көкөніс жаз шыға бұзылып, тұрақтандыру қоры қоймаларынан қоқысқа апарылып тасталғаны белгілі.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter парақшасында қоймаларда дұрыс сақтамау салдарынан егін шығыны жиналған өнімнің жалпы көлемінің 35%-40%-ын құрайтынын жазған еді. «Ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау мен өткізудің заманауи инфрақұрылымын құру жұмыстарын жеделдету қажет. Көп жағдайда дәл оның жоқтығы делдалдық құрылымдардың шамадан тыс өсуіне және бағаның көтерілуіне әкеледі. Жыл сайын 8 миллион тоннадан астам көкөніс пен картоп жинайтын көкөніс қоймаларының жалпы сыйымдылығы небәрі 1,7 миллион тоннаны құрайды. Соның өзінде бұл тым жоғары бағаланған көрсеткіш сияқты», деді Мемлекет басшысы.
Бұл жағдайға еліміздегі көкөніс қоймаларының үштен бір бөлігінің 20 жылдан астам жұмыс істеп тұрғаны да әсер етіп отыр. Қажеттіліктің артуына қарамастан, елде жаңа қоймаларды салу қарқыны төмен болып қалуда. СИМ мәліметінше, 2021-2022 жылдары сыйымдылығы 181 мың тоннадан асатын көкөніс қоймалары салынды. Биыл тағы 104,6 мың тонна көкөніс сақтайтын қоймаларды пайдалануға беру жоспарлануда. Ведомствоның бағалауынша, бұл жалпы қуат тапшылығын небәрі 4,6 пайыздық тармаққа, 2020 жылғы 36,5%-дан биылғы желтоқсандағы 31,9%-ға дейін қысқартады.
Қолданыстағы көкөніс қоймаларын салу мен жаңғыртудың 2025 жылға дейінгі кешенді жоспарында қарастырылғандай, 2024-2025 жылдары көкөніс сақтайтын жаңа қоймалардың сыйымдылығы 49,6 мың тонна болады. Өкінішке қарай, олар жалпы жағдайға айтарлықтай әсер етпейді. Бұл ретте тапшылық тек 30,2%-ға дейін ғана төмендейді. СИМ 2026 жылдан 2030 жылға дейін жыл сайын сыйымдылығы 180 мың тонна көкөніс сақтау қоймалары салынғанда ғана елдің картоп пен жеміс сақтайтын қоймаларға деген қажеттілігі толығымен жабылатынын есептеп отыр.