Биыл ел аумағындағы ең үлкен зообақ саналатын Алматы хайуанаттар бағында ерекше жаңалық көп. Мәселен, биыл бегемот төлдеді. Бұл соңғы 18 жылда болмаған жайт. Сондай-ақ хайуанаттар бағының тарихында алғаш рет шығыс колобусынан төл алынғаны да – маңызды оқиғаның бірі.
Бүгінгі таңда Алматы хай-уанаттар бағында 3 870 жануар бар. Үлкен құрлықтың үздік төрттігі саналатын азиялық піл, бегемот, Оңтүстіктің ақ мүйізтұмсығы мен Оңтүстік Африка керігі көрермендер айрықша назар қойып тамашалайтын жануарлар қатарында. Сонымен бірге ақиық, тазқара, қарақұс, бүркіт, ителгі, дала қыраны секілді Қызыл кітапқа енген сирек құстардың балапандары кішкентай келушілерді ынтықтыра түседі. «Биыл біздің хайуанаттар бағына өтеусіз негізде Пурга есімді ұрғашы ақ аю берілді, сондай-ақ үш грана зебрасы, шимпанзе, Амур жолбарысы және қар барысы осы жердің жаңа мекендеушілеріне айналды. Жыл басынан бері 33 жануар төлдеген болса, оның 4-еуі – Қызыл кітапқа енген сирек тұқымдастар. Мәселен, 2020 жылдан бастап жыл сайын қарақұстардан балапан алып отырмыз. Бұл ретте көк қошқар, пони, кенгуру, жайра, мысық лемурлары, ала бұғы, қодас, Чапман зебрасы, сусиыр, құмай, жапон тырнасы, тау қазы, африкалық сұр жылан, т.б. төлдер айрықша күтімде», дейді Алматы хайуанаттар бағы директорының ветеринария жөніндегі орынбасары Ағыбай Әжібаев.
Орталық мамандары 2025 жылға қарай мұндағы жануарлар коллекциясын 400 түрге (4 000) дейін ұлғайту, ал 2030 жылы 500 түрге (7 000) жеткізу жоспарланғанын жеткізді. «Біздің міндетіміз – жануарлар жойылып кеткен немесе саны азайған жерлерге оларды босатуға дайындау. Әрине, біз хайуанаттар бағында туған жануарларды жабайы табиғатқа жібере алмаймыз. Хайуанаттар бағында жабайы жануарларды реинтродукциялау орталығын салу және жануарларды жабайы табиғатқа шығару әдістерін әзірлеу қажет. Бұдан әрі жануарларды босату Зоология институтының зоолог ғалымдары, Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті өкілдерінің бақылауымен жүзеге асырылады», дейді Алматы хайуанаттар бағының директоры Сейілхан Ақылбеков.
Алдағы уақытта бақ аумағынан «Африкалық саванна», «Арктика» кешендерін салу, ал келер жылы «Тропикалық жұмақ немесе маймылдар елі», «Мадагаскар», «Қазақ даласы» кешендерінің құрылыс жобасын жасау жоспарланып отыр. Сонымен бірге жаңа ветеринарлық клиника, жабайы жануарларды реинтродукциялау орталығының құрылысы басталмақ. «Жоспар бойынша 2030 жылға дейін хайуанаттар бағының жалпы аумағының 70 %-ы реконструкцияланбақ. «Африкалық саванна» жаңа экспозициясы пайдалануға берілгеннен кейін жануарларды ұстау шарттары табиғи мекендеу ортасына барынша жақындай түседі. Осылайша, бір алаңда жануарлардың бірнеше түрі ұсталатын болады. Қызметкерлердің еңбек жағдайлары, келушілердің қызығушылығы ескерілмек», дейді хайуанаттар бағының директоры.
АЛМАТЫ