Еліміздің үшінші, әлемнің 256-ракеткашысы Бейбіт Жұқаев Пальмес дель Мар (Пуэрто-Рико) қаласында өтіп жатқан «Челленджер» турнирінің ширек финалына жолдама алды.
Жерлесіміз жарыстың екінші айналымында әлемнің 340-ракеткашысы америкалық Эван Чжумен шеберлік байқасып, қарсыласын үш сетке жалғасқан матчта жарыс жолынан ығыстырды. Бірінші партияда америкалық теннисші бір брейк жасап, есепте алға шығып алды – 6:4. Бірақ екінші сетте Жұқаев еңсе тіктеп, таразы басын теңестірді – 7:5. Ал шешуші, үшінші сетте отандасымыз екі брейк жасап, 6:2 есебімен матчты өз пайдасына аяқтады.
Бейбіт Жұқаев турнирдің жартылай финалына шығу үшін дүниежүзілік рейтингте 617-сатыда тұрған канадалық Лиам Драксльмен кездеседі.