Бұған дейін біз Біріккен күрес әлемінің (UWW) жаңартылған рейтингіндегі әйелдер күресі өкілдерінің жағдайын тілге тиек еткен едік. Бүгінгі мақаламыз «классиктер» жайында. Әлемдік грек-рим күресінің жалпы ахуалы қандай? Спорттың бұл түрі қай мемлекеттерде қарыштап дамып келеді? Керісінше, қарқыны төмен командалар қайсы? Қазақ елі өрендерінің өнері көпшіліктің көңілінен шығып жүр ме? Бүгін осы сауалдарға жауап іздеп көрейік.
Бүгінгі таңда Қазақстанның бес грек-рим күресі шебері ТОП-10 балуанның қатарына қосылып отыр. Солардың арасындағы ең үздік нәтиже 26 жастағы Аманғали Бекболатовқа тиесілі. Аса жеңіл салмақ дәрежесінде бақ сынап жүрген қандасымыз былтырғы Азия чемпионатында күміс алса, биыл қолаға қол созды. Алдыңғы жылы Ислам ынтымақтастығы ойындарында үздік үштікті түйіндеді. 2022 жылы Белградта өткен дүниежүзілік додада Бекболатовтың жүлде алуына жақсы мүмкіндігі болды. Жартылай финалға дейін қарсылас шыдатпаған ол, одан кейін грузиялық Нугзари Цурцумия мен өзбекстандық Жасурбек Ортикбоевтан жеңіліп, бесінші орынды қанағат тұтты.
72 кг салмақтағы Ибрагим Магомадов алтыншы орынды иеленді. Көптен бері көзге түспей жүрген 32 жастағы ардагер үстіміздегі жылдың сәуір айында Астанада өткен Азия чемпионатында барлық қарсыласын сыпыра ұтып, грек-рим күресі шеберлері арасынан Қазақстан ұлттық құрамасының қоржынына жалғыз алтынды салған еді. Сол жарыста өзге отандастарымыз жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтеріле алмады. Олардың кейбірі күміс пен қоланы қанағат тұтса, кейбірі қалың топтың арасында қалып қойды.
87 кг салмақ дәрежесінде күш сынасатын Нұрсұлтан Тұрсынов 7-орынды еншілеген. Ол да тәжірибесі әбден толысқан балуан. Семей өңірі тумасының қоржынында Азия чемпионатының толық медаль жиынтығы бар. Сонымен қатар Тұрсынов Токио Олимпиадасына да қатысты.
Айдос Сұлтанғали мен Диас Қален 8-сатыға табан тіреді. 60 кг салмақтағы Сұлтанғалидің жасы 27-де. Сыр бойының саңлағы 2018 және 2022 жылдардағы әлем чемпионатында қола медаль иеленсе, 2021 жылы Азия чемпионы атанды. 25 жастағы Қален соңғы екі құрлық біріншілігінде ақтық сынға дейін алқынбай жетіп, шешуші тұста жеңілістің кермек дәмін татты. Ұланбатырда ол ирандық Расул Гармсириден ұтылса, Астанада қырғызстандық Ақылбек Талантбековтен айласын асыра алмады. Десек те жанкүйерлер бұл спортшыларға үлкен сенім артып отыр. Олар Айдос пен Диас алдағы уақытта бұдан да ірі жарыстарда дараланады деп үміттенеді.
Еліміздің өзге балуандары мынадай сатыларға жайғасты: Марлен Мұқашев (55 кг) – 13, Мұхамедәлі Мамырбек (63 кг) – 16, Темірлан Шадукаев (77 кг) пен Олжас Сырлыбай (97 кг) – 17, Ернар Фидахметов (60 кг) пен Әлімхан Сыздықов (130 кг) – 18, Дастан Зарлықанов (63 кг) пен Демеу Жадыраев (77 кг) 19 және Нұрсұлтан Базарбаев (60 кг) 20 орын.
«Классиктердің» тартысында Түркия тарланбоздарының тұғыры биік. Анадолы елінің төрт бірдей апайтөсі әлемдік рейтингте көш бастап тұр. Грузияның екі балуанына сондай бақ бұйырса, Әзербайжан, Қырғызстан, Мажарстан және Болгарияның бір өкілі сол межеден көрінді. Ал ТОП-10-дықта Иран пехлевандарының қарасы мол. Үздіктер тізімінен Парсы елінің 10 өкілін кезіктірдік. Мажарстанның – 8, Әзербайжан мен Түркияның – 7, Грузия, Өзбекстан, Қытай және Сербияның 6 балуаны мықтылар санатында. Осы деректердің өзінен-ақ аталған мемлекеттерде грек-рим күресі өз деңгейінде дамып келе жатқанын аңғаруға болады. Сондай-ақ бұл тізімде Қазақстан мен Қырғызстанның – 5, Арменияның – 4 және Болгария мен Румынияның 3 оғланы бар.
Грек-рим күресінен әлемдік рейтингтегі үздік үш балуан
55 кило: 1. Елдениз Әзизли (Әзербайжан), 2. Нугзари Цурцумия (Грузия), 3. Аманғали Бекболатов (Қазақстан).
60 кило: 1. Жоламан Шаршенбеков (Қырғызстан), 2. Эдмонд Назарян (Болгария), 3. Лигуо Сао (Қытай).
63 кило: 1. Лери Абуладзе (Грузия), 2. Телах Маммадов (Әзербайжан), 3. Себастьян Над (Сербия).
67 кило: 1. Джони Хецуриани (Грузия), 2. Хусиюэту (Қытай), 3. Харсат Жафаров (Әзербайжан).
72 кило: 1. Селчук Кан (Түркия), 2. Фейзолла Арсалан (Сербия), 3. Улви Ганизаде (Әзербайжан).
77 кило: 1. Золтан Леваи (Мажарстан), 2. Емре Башар (Түркия), 3. Ақжол Махмұдов (Қырғызстан).
82 кило: 1. Бурхан Акбудак (Түркия), 2. Гела Болквадзе (Грузия), 3. Ярослав Фулчаков (Украина).
87 кило: 1. Али Женгиз (Түркия), 2. Әли Бисұлтанов (Дания), 3. Хасем Насер Әлизаде (Иран).
97 кило: 1. Кирилл Милов (Болгария), 2. Артур Алексанян (Армения), 3. Мухаммадхаджи Сарави (Иран).
130 кило: 1. Риза Каяалп (Түркия), 2. Әмин Мырзазаде (Иран), 3. Алин Алексус (Румыния).