Медицина саласының сан салалы сатысынан өтіп, мамандықтың қыр-сырын жетік меңгерген тәжірибелі маман қай кезде де қадірлі емес пе? Әсіресе ел егемендігінің елең-алаңындағы қиын-қыстау шақтарда, шыңдалған сала мамандары бүгінде ел ағасы болып, жастарға бағыт-бағдар көрсетіп келеді. Жоғары санатты хирург-дәрігер Бағдат Алатаев та өзінің күнделікті қарбалас жұмысынан бос уақыт тауып, жастарға білген-түйгенін үйретуден әсте бір жалыққан емес.
Ол Жамбыл облысының Шу ауданына қарасты Белбасар ауылында туып, бала кез, балаң шағынан медицина саласының маманы болуды армандады. Кейіпкеріміз сол арманның иірімімен 1990 жылы мектеп бітіргеннен кейін С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетіне оқуға түседі. Содан сол бір киелі шаңырақты 1996 жылы емдеу ісі мамандығы бойынша бітіріп шығады.
– Қарапайым шаруа отбасынан шықсақ та, бала кезімізден медицина саласына баруға ынталы болдық. Қалауымыз орындалып, біз оқуға түскен жылы оқу орнында қазақ бөлімі ашылды. Егемендіктің лебін сезгендей болдық. Қарап отырсақ, сол тұста қазақ факультетінің алғашқы қарлығаштары – біз, біздің қатарластарымыз екен. 1994 жылдан Алматы клиникалық шұғыл көмек көрсету ауруханасының хирургия бөлімшесінде орта буын маманы болып жұмыс істедім. Сонда жай жүрмей дәрігерлерден тәлім алып, шама-шарқымызша тәжірибе жинақтадық. Еңбек жолымызда ұстаздық еткен аға әріптестерге алғыс айтамыз. Аудандық ауруханада бөлім меңгерушісі болған Әлібек Сәдуақасов сынды білікті мамандардан үйренгеніміз көп. Қазір де үйренуден қол үзгеніміз жоқ, – деп өткен шақты еске алды дәрігер.
1996 жылы оқуын тәмамдаған соң Бағдат Алатаев Алматы облысы Іле аудандық орталық ауруханасында дәрігер-хирург болып жұмысын бастады. Білікті хирургтерді торуылдап жүретін жастарды кім жек көрсін? Бағдат Алатаевтың өзі де еңбек жолын медицинаның кіші қызметінен бастағанын үлкен олжа деп есептейді. Ол Астанаға 2004 жылы қоныс аударғанда Целиноград аймақтық клиникалық ауруханасына жұмысқа қабылданған. Бұл – қазіргі облыстық №2 аурухана. Мұндағы дәрігерлер қазір де облыс төңірегіндегі 7 ауылдық елді мекенге көпсалалы хирургиялық көмек көрсетеді. Бағдат Алатаев осы ауруханада биыл наурызға дейін табан аудармай еңбек етті. Оның 9 жылында хирургия бөлімінің меңгерушісі болды. Жұмыс қауырт. Облыс төңірегіндегі аймақтарға шұғыл шақырту түссе, дәрігерлер лезде жиылып, санавиациямен хирургиялық көмек көрсетуге шығады.
– Шалғай ауылдарға күрделі операциялар кезінде баратынбыз. Күндіз, түн деген жоқ, кез келген уақытта шақырады. Қазір де үйренейік, білейік деген ниетпен Республикалық диагностикалық орталығының жуырда ашылған көпсалалы хирургия бөлімшесінде дәрігер-хирург болып ауысып, сонда еңбек етемін. Кейде, салаға келіп жатқан жастарға қарап, өзіміздің бозбала кезіміз еріксіз еске түседі. Бірақ «Ұстаздан шәкірт озар» деген бар. Өзіміз де біраз шәкіртке білгенімізді үйретіп, белін будық. Негізі, өзімнің жұмысымнан тыс уақытта Астана медициналық университетінде жалпы хирургия пәнінен сабақ беремін. Білім саласына араласқанымызға да 15 жылға жуықтапты. Өзіміз сабақ берген шәкірттердің бірқатары қазір жақсы қызметте жүр. Меніңше, хирург болу үшін талап пен талант, интуиция керек. Осы үш керегі түгел адамнан мықты дәрігер шығады түбінде. Дәрігер болған соң өміріңнің соңына дейін оқып, ізденесің. Күннен-күнге медицинаға жаңа технологиялар қосылып жатады. Бірақ бұл бұрынғы, дәстүрлі әдістерді қолданбау керек деген сөз емес. Себебі операция барысында түрлі келеңсіз жағдайлар болмайтынына ешкім кепілдік бере алмайды. Сонда дәстүрлі әдіске көшуге тура келетін сәттер тууы мүмкін. Өкшемізді басып келе жатқан ізбасар жастарға да айтарым осы, медицина саласын таңдаған соң үйренуден қашпау керек. Тәжірибе ешқашан артық болмайды, – деп жастарға кеңесін айтты Б.Алатаев.
Білікті дәрігердің айтуынша, операцияның жеңілі болмайды. Сондықтан хирургтер әр операцияға ойын жинақтап кіріп, барынша салқынқандылық танытады. Күмәндануға тағы болмайды. Бұл дәрігерлердің өзге саладағы мамандардан басты артықшылығы десек те болатын шығар.