Биыл елімізде алғаш рет Әкелер күні аталып өтпек. Премьер-министр Әлихан Смайылов мерекелік күндер күнтізбесін бекіту туралы қаулыға қол қойды. Соған сәйкес Аналар күні – мамырдың екінші жексенбісі, ал Әкелер күні маусымның үшінші жексенбісінде мерекеленетін болып белгіленді.
Халқымыздың «Отан – отбасынан басталады» деген нақыл сөзінің мәні тереңде жатса керек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Берекелі әрі бақытты отбасы – қуатты елдің тірегі», дегені белгілі. Осыған орай күнтізбеміз жаңа мерекелермен толықты деген ақжолтай жаңалықты Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі бөліскен еді.
Аталған мерекелер отбасы институтын нығайтуға, аналар мен әкелер мәртебесін көтеруге, отбасы құндылықтарын дамытуға, әулеттегі жақындықтың, құрмет-ықыластың берік орнауына және отбасындағы береке-бірліктің артуына ықпал етпек.
– Бұл мереке отбасын нығайтатын факторлардың бірі – әулет мүшелерінің бірге уақыт өткізуі, ортақ қуанышты бірге атап өтуі екені анық. Министрлікке қарасты Қазақстандық қоғамдық даму институтының «Қазақстан отбасылары» ұлттық баяндамасында көрсетілгендей, еліміздегі отбасылық дәстүрлердің діңгегі – әулет мүшелерінің туған күнін атап өту екен. Бұл – сауалдамаға қатысқан 86%-дан астам респонденттің ой-пікірі. Сондай-ақ отбасылардың жартысынан көбі Жаңа жыл, 8 наурыз, 22 наурыз, тағы басқа мемлекеттік мерекелерді атаған. Сол себепті бекітілген әзіз әкелер мен ардақты аналарға арналған бұл атаулы мерекелер ұлттық болмысымызға сай жаңа мазмұнда тойланып, жалпыхалықтық сипат алады деген ойдамыз, – деді министр.
Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәліге Республикалық «Әкелер одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мақсұтбек Атмағанбет бұл мерекенің тойлануын қолдап, атсалысқаны үшін алғысын білдірді.
Айта кетейік, «Әкелер одағы» қоғамдық бірлестігі елімізде 2012 жылы тамызда құрылған. Ұйымның негізгі мақсаты – әкелердің бала тәрбиесіне белсенді болуын насихаттау және оқу орындарының қызметіне белсенді атсалысуға тарту, сондай-ақ әке беделін өсіру.
– VII республикалық форумда әкелер күнін атап өтеу мәселесін көтердік. Үкімет бұл мәселені Ашық нормативтік құқықтық актілер порталына жүктеп, халықтың талқылауына ұсынды. Қоғамнан қолдау тапқаннан кейін, Үкімет басшысы Әлихан Смайылов жақында қаулыға қол қойып, мереке күнін бекітті. Бұл мерекенің ең бірінші мақсаты – елімізде әкелер институтын қайта қалыптастыру. Олай дейтініміз, «Әке – асқар тау», «Әкелі бала – жаужүрек», «Әке көрген оқ жонар» деген секілді ұлағатты сөздер көп, оның бәрі бекер айтылмаса керекті. Сол себепті әкелер бала тәрбиесіне, білім беруге көбірек атсалысуға тиіс. Бұрын әке мен бала арасында байланыс көп еді. Ал урбанизация басталғалы әкелер тек күні-түні сыртта жұмыс істеп, ақша табатын тұлғаға айналды да, оның отбасындағы рөлі төмендеді. Ол тәрбие бермейін деп жүрген жоқ, әлеуметтік жағдай соған мәжбүрледі. Біз осы мәселені жаңғыртуды көздеп отырмыз. Қалалық өмірде де әке мен баланың арасын жақындататын нәрселер көп. Мысалы, балалармен бірге спортпен айналысуға болады. Сондықтан бұл жай ғана бір күнді белгілеп, әкелер күнін атап өту емес, әкелер институтын қайта жаңғырту, – дейді Мақсұтбек Атмағанбет.
Әкелер күнін мерекелеу әлемдік тәжірибеде бар. Бұл мереке бұған дейін – 1929 жылғы 19 маусымда АҚШ-та алғаш рет мерекеленіпті. Айтулы шараны Спокан қаласының тұрғыны Миссис Доддтан деген қыз ұйымдастырған екен. Ол өзінің әкесін және баланы тәрбиелеп жүрген барлық әкелерді жоғары бағалайтынын білдіргісі келген. Ал 1966 жылы АҚШ президенті Линдон Джонсон маусымның үшінші жексенбісін ұлттық мереке деп жариялайды. Дәстүр бойынша, жыл сайынғы мерекелік іс-шаралар кезінде мемлекет қарапайым азаматтар балаларды тәрбиелеп отырған тұрмысы төмен әкелерге қолдау көрсетуге атсалысады. Уақыт өте келе отбасылық құндылықтарды құрметтейтін басқа елдер де бұл күнді атап өтуді қолға алған. Бұл күннің негізгі мақсаты – отбасылық құндықтарды насихаттау, әкелерді қолдау, отбасындағы әке рөлін арттыру және бала тәрбиесіне ынталандыру екен.
– Алғаш АҚШ-тағы бір отбасынан бастау алған бұл мереке қазір Түркияда да бар. «Бабалар күні» деп аталады. Сол секілді Малайзияда және басқа да көптеген елде аталып өтеді. Әкелер күнін атап өтуді кезінде БҰҰ да қолдады, – дейді «Әкелер одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы.
БҰҰ-ның мәліметінше, елімізде мектеп жасына толмаған балалардың күтімі мен тәрбиесіне әкелердің атсалысу үлесі 6,6% ғана екен.
– Бала тәрбиесіне әкелердің қатысуы баланың жалпы дамуына ғана оң әсерін тигізіп қоймай, отбасы мүшелері арасында үй жұмысын теңдей бөлу арқылы оның нығаюына да септігін тигізеді, – дейді БҰҰ-ның тұрақты үйлестірушісі Норимаса Шимомура.
Оның айтуынша, қазір әкелердің балалар күтімімен және үй шаруасымен айналысуы артып келеді. Алға даму бар, алайда өзгерістер өте баяу көрінеді. 1997 жыл мен 2012 жылдар арасында әйелдер мен еркектердің үй жұмысымен айналысуға бөлетін уақытындағы айырмашылық күнделікті тек 7 минутқа қысқарған.
Әлеуметтанушылардың зерттеуінше, әйелдер үйден тыс уақытта ер адамдармен бірдей уақыт жұмыс істегенде де, бұл теңсіздік сақталады екен. Қазір елімізде әйелдер ер адамдармен салыстырғанда үй жұмысына екі есе көп уақыт жұмсайды. Сонымен қатар еліміздегі әйелдердің 66% үйден тыс жұмыс істейді. Салыстыратын болсақ, еңбек нарығындағы ерлер үлесі тек 11% ғана артық және жалпы 77% екен.
Әкелерге қатысты әңгіме болғанда, кейінгі кезде жалғызілікті әкелердің жағдайы жиі айтылады. «Әкелер одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы да бұл мәселеге толғанып жүргенін жеткізді. Оның айтуынша, мұндай әкелерге психологиялық көмек қажет екен.
– Жалғызілікті әкелерді «үнсіз қоғам» деуге болады. Олар өз проблемаларын халыққа ашық айтпайды. Намыстанады. Психологке барғысы келмейді. Бізге хабарласады. Кейін біз тағдыры бірдей жандарды бір-бірімен кездестіреміз. Олар өмірде кездескен қиындықтарды қалай еңсергенін бір-біріне айтып, пайдалы ақпарат алады. Оларға психологиялық тұрғыдан көмек қажет, – дейді ол.
Рас, сөзінің жаны бар. Мәселен, жалғызілікті аналар белсенді келеді, қоғамдық акцияларға қатысады, өздерінің проблемасын мейлінше ашық айтудан қымсынбайды. Ал жалғызілікті әкелерде бұл жағы кемшін, намыстанады немесе тіпті жиналып акция өткізуге қолы тимеуі де мүмкін. Сондықтан бұл Әкелер күні – мұндай қоғамдық қолдауға мұқтаж әкелерді және әкелер институтын дамытуда өз септігін тигізеріне сенеміз.