2022 жылы әскерге шақырылған сарбаздар Отан алдындағы борышын өтеген соң жоғарғы оқу орындарында тегін білім алу мүмкіндігіне қол жеткізеді. Оларға 1500 орын бөлініп отыр. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Қорғаныс министрлігі аппарат басшысы, полковник Ербол Құмарбекұлы мәлім етті.
Мерзімді әскери қызметін өткерген сарбаздардың жеңілдікпен білім алу шарттарын Қорғаныс министрлігі 2022 жылы әзірледі. Биыл мамыр айында әскери кеңесте Мемлекет басшысы бұл бастаманы мақұлдап, тиімді іске асыру үшін тиісті тапсырмалар берді. Ербол Құмарбекұлының айтуынша, еліміздің 70-тен астам жоғары оқу орнымен шарттар жасалған. Ал Қорғаныс министрінің кеңесшісі Айгүл Төлембаева іріктеуге ыңғайлы болу үшін «Срочники 2.0» цифрлық платформасы енгізілгенін айтты. Бұл платформаға Қарулы күштердің, Ұлттық ұланның, ТЖМ, Мемлекеттік күзет қызметінің 110-нан астам әскери бөлімі тіркелген.
«Бұл жүйеде әскери қызметін өтегендер және оларды ауыстыру қызметінің барлық кезеңіндегі бағалау көрсетіледі. Жауынгерлік даярлықтың барлық пәні бойынша әскери қызметшінің ағымдағы бағаларының рейтингі ай сайын шығарылады. Есепке алу әскердегі жауынгерлік дайындық журналдарында және осы электрондық платформада бір мезгілде жүргізіледі. Электрондық жүйеде әр сарбазға жеке рейтинг жасалады», деді министрдің кеңесшісі Айгүл Төлембаева.
Кандидаттарды іріктеу мынадай критерийлер бойынша жүргізіледі: жауынгерлік дайындық; жеке тәртіп; арнаулы міндеттерді орындаудың толықтығы және психологиялық жағдайды бағалау. Әр сарбаз үш ЖОО-нын таңдайды. «Срочник 2.0» электрондық жүйесінде сарбаздарды ЖОО-дары бойынша бөлу автоматты түрде жүргізіледі.
«Конкурстық іріктеуге 2022 жылы көктемде әскерге шақырылған мерзімді әскери қызметтің 12 548 әскери қызметшісі қатысып жатыр. Қазір 1500 орын бөлінеді. 2022 жылы күзде әскерге шақырылған сарбаздар үшін 1500 орын бөлінетін тағы бір кезең өтеді», деді өз сөзінде А.Төлембаева.