Шығыс Қазақстан облысындағы Катонқарағай ұлттық табиғи паркі өртеніп жатыр. Ақпаратты облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі растады, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Катонқарағай ұлттық табиғи паркі Ақсу филиалының (Усть-Язовское орман шаруашылығы) шалғай таулы аумағында құрғақ шөптер мен бұталар өртеніп жатыр», деп хабарлады ШҚО ТЖД баспасөз қызметі.⠀ТЖД мәліметінше, елді мекендерге қауіп төніп тұрған жоқ.
Жалын шарпыған аумақ әлі белгісіз. Таулы жерлерде тұтанған өртті сөндіруге «Қазавиаорманды қорғау» қызметкерлері, 123 орманшы, 3 техника және тікұшақ жұмылдырылған. Қазір құрғақ шөп пен бұталар жанып жатыр. Осы сағатқа дейін тікұшақпен 10 мәрте су шашылып, тілсіз жаудың таралуына жол берілмеді. Айналадағы елді мекендерге қауіп төніп тұрған жоқ.Оқиға орнында Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ержан Нұрбаев жүр.
Айта кетейік, Катонқарағай ұлттық паркі – Қазақстандағы ең үлкен парк. ЮНЕСКО-ның ерекше қорғалатын мұралар тізіміне енгізілген.