Бұл күнді де шығыс жұрты ұзақ күтті. Тым ұзақ... Осыдан 25-26 жыл бұрын шекара шебіндегі Катонқарағай Үлкен Нарынға қараса, Қытаймен шектесіп жатқан Марқакөл ауданы Күршімге, Мақаншы Үржарға қарап кетіп, тұрғындары жұртта қалғандай күй кешкен.
Басшылықтың назары да, халықтың базары да орталыққа ауған. Күні кеше Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда жоғарыда аталған аудандарды қалпына келтіру туралы шешім қабылдағанын айтып, елді шын қуантты.
«Шекара маңындағы елді мекендердің ахуалы жеріміздің тұтастығына және еліміздің амандығына тікелей ықпал етеді. Шын мәнінде бұл – стратегиялық маңызы бар мәселе. Өкінішке қарай, шекара шетіндегі кейбір елді мекендерде халық саны күрт азайып кетті.
Бұл – шындық. Бұған бір кездері аудандарды біріктіру жөніндегі шешімдер де ықпал ететіні сөзсіз. Біз былтыр Абай, Ұлытау және Жетісу облыстарын құрдық. Бұл шешім аймақтардың дамуына тың серпін берді. «Amanat» партиясы бірқатар шекаралас ауданды қалпына келтіру туралы бастама көтергендігі туралы білесіздер. Үкімет менің тапсырмаммен бұл мәселені пысықтады. Мен соған сәйкес Катонқарағай, Марқакөл және Мақаншы аудандарын қалпына келтіру туралы шешім қабылдадым», деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің бұл сөзін естіген ел, әсіресе Катон, Марқа, Мақаншы өңірінің тұрғындары қуаныштан малақайларын аспанға атты. Аңсаған армандары да осы еді. Ол дегеніміз – ат төбеліндей ұлт бола отырып бөліну, жекелену емес. Аудан мәртебесінің қайтарылуы – қазынадан бөлінген қаржының өз қазандарына түсіп, өз мақсаттарына жұмсау. Яғни жол салу, көшелерді жарықтандыру, су тарту тағысын тағы. Екіншіден, орталықтан 200-300 шақырым жерде жатқан жұрт тілдей қағаз үшін ауданға сабылмайды. Әлбетте, орталық – орталықта, қақ ортада болуға тиіс шығар. Әйтпесе ту түкпірдегі Аршаты елі 200 шақырымдай жердегі аудан орталығы Үлкен Нарынға сабылады. Сол сияқты Марқакөлдің Балықты бұлақ, Шанағатты секілді жырақта жатқан ауыл тұрғындары да 300 шақырымды күн жүріп, Күршімге баруға мәжбүр. Жол сайрап жатса бір сәрі. Марқакөл ауылына дейін асфальтсыз тау жолымен титықтап жетуге тура келеді. Одан бері Күршімге дейінгі жолдың асфальт деген аты болмаса, ойылып кеткен. Жолдың әуресін көрген соң-дағы саудагерлер алыс ауылдарда азық-түлік бағасын әдеттегіден қымбатқа қояды. Сол секілді отын-көмір бағасы да шарықтап тұр. Тоқетерін айтсақ, орталықтан алыс жатқан аудан тұрғындары үшін ешқандай жеңілдік қарастырылмаған еді. Енді аудан мәртебесі қайтарылған соң, тіршілік қайта жанданады деген үміт бар елде. Тек шынайы жүзеге асатын бағдарламалар қабылданса екен. Олай дейтініміз, «Ақ бұлақ», «Бір қабатты Шығыс» секілді бағдарламалар аясында атқарылған жұмыстардың сапасы сын көтермей қалып жатқанына жұрт куә.
– Жиырма бес жылдан бері қол жайып, Құдайдан тілегенімізді Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев орындады. Катонқарағайлықтар болып, ол кісіге мың алғыс айтамыз! Қуаныштарыңыз құтты болып, ұзағынан сүйіндірсін, жерлестер! – дейді катонқарағайлық ардагер журналист Жәнібек Қызыр.
Иә, Алтай тауының күнгейі мен теріскейінде жатқан қос аудан тұрғындарының қуаныштарында шек жоқ. Кешелі бері бір-бірінен сүйінші сұрасып, арқа-жарқа болып жатыр. Алайда аудан мәртебесі берілгенімен, нақты жүзеге асатын жоспарлар болмаса, жас мамандардың ауылға баруы екіталай.
– Мұндайда қазақ «ақ түйенің қарны жарылған күн» дейді. Катонқарағай мен Марқакөлдің қайта аудан болып құрылуын ұзақ күттік. Жатсақ-тұрсақ тіледік. Қазіргі таңда 25 мыңнан 7 мыңдай ғана халық қалды. Әлі де көш тоқтаған жоқ. Ауылдар тозып кеткен соң көшпегенде қайтеді? Ендігі кезекте Президент шешімін тез жүзеге асырмасақ, қалған халықты ұстай алмай қалуымыз мүмкін. Ауданмен қатар өндіріс ошақтарын қайта құруымыз керек. Марқаның маңайында Қаршыға және Маңқа дейтұғын екі бірдей кен орыны жұмыс істеп тұр. Бір кеніштен ғана аудан бюджетіне миллиардтаған салық түседі. Бірақ одан Марқакөлге бір тиын пайда жоқ. Аудан болсақ, өз қаржымызды өзіміз мақсатты түрде игеріп, әлеуметтік әл-ауқатты арттыруға жұмсар едік. Біздің жақ – туризм мен ауыл шаруашылығын дамытуға қолайлы өңір. Сол үшін де кәсіп дөңгелетемін деген жастарға жеңілдетілген несиелер, гранттар берсе дұрыс болар еді. Жалпы, шекара шебіндегі аудан тұрғындарына қандай да жеңілдіктер қарастырылса, жастар тартылар еді. Тағы бір айтарым, келетін басшылар ауданды көтереміз деп келу керек, – дейді Марқакөл ауылының тұрғыны, зейнеткер Абзал Мұхамеджанов.
Рас, Катонқарағай, Марқакөл өңірлерінің туризм мен ауылшаруашылық саласын дамытуға әлеуеті жетеді. Тек жүйелі жұмыс, адал басшылар қажет. Басқасын айтпағанда, Марқакөл мен Катонқарағайды жалғап жатқан Ирек асуы – туристер үшін таптырмас маршрут. Қазірдің өзінен қара күзге дейін саяхатшылар сабылады да жатады. Аудандар құрылып, аяғынан нық тұруы үшін географиясына қарай халыққа пайдалы бағдарламалар жасалса, құба-құп болар еді.
Парламент Мәжілісінің депутаты Нұртай Сабильяновтың пікірінше, қазіргі Абай мен Шығыс Қазақстан облыстарында сапасыз салынған, жөнделген жолдар жетерлік. Жобалардың құнын өсіру белең алып кеткен. Көзбояушылық, жемқорлық жайлап алған. Кәсіпкерлікпен айналысамын деген азаматтарға қолдау жоқтың қасы. Сондықтан бағдарламалар өз деңгейінде нәтиже бермейді. Жергілікті бюджеттегі қаражаттың қалай жұмсалып жатқаны толық тексерілмейді. Осы мәселені ескерген депутат Нұртай Салихұлы Жоғары аудиториялық палатаға жергілікті бюджетті тексеру өкілеттілігін беру туралы ұсыныс жасап, заң жобасына енгізуге мұрындық болыпты. Ұсыныс қазір талқылануға өтіпті.
Егер пәрменді заңдар күшіне еніп жатса, есеп үшін ғана жүзеге асып жатқан бағдарламаларға тұсау салынып, халық үшін пайдалы әрі сапалы жобалар қолға алынар еді. Жаңа құрылатын аудандарға жанашырлықпен жасалған жаңа жобалар керек-ақ. Ең алдымен, денсаулық саласының сапасы артып, мамандар тартылса, ем іздеген ағайындар қалаға шабылмас еді. Содан кейін білім беру мекемелері жоғары деңгейде жұмыс істеп, ауылдарда түрлі үйірме ашылса, жас отбасылар өз аудандарына қоныс аударар ма еді. Айтқандай, «жұмыс ұсынамыз» деп қана жастарды ауылға шақырғанымызбен, ниет білдіретіндер некен-саяқ (себебі қалалық жерде жоғары білімді мамандарға жұмыс көп). Сондықтан да жұмыспен қатар жайлы баспана, қомақты көтерме ақы ұсынылуға тиіс шығар.
Ең бастысы, шеткері жатқан аудандар Мемлекет басшысының назарына ілініп, шешім жасалды. Ендігі қамданатын қадам – жалынды жастардың ауылдарына жанашырлық жасап, халық санын қайта қалпына келтіруге үлес қосуы, туған жерде қызмет қылуы.
Шығыс Қазақстан облысы,
Катонқарағай – Марқакөл