Климаттың өзгеруі жыл өткен сайын нақты біліне бастады. Әсіресе, теңізге жақын орналасқан елдерде оның әсері орасан. Таяуда ғалымдар дабыл қақты. Төрткүл дүниеге тағы бір Эль-Ниньо ағысы қауіп төндіріп тұр.
Тынық мұхитында болатын ерекше құбылыс әлемнің кей бөлігінде су тасқынын, басқа жағында құрғақшылықты тудыруы мүмкін. Ғалымдар осылайша жаһандық температура рекорды жаңарып, азық-түлік өндірісіне теріс әсер етіп, экономикаға триллиондаған шығын әкелуі ықтимал екенін алға тартып отыр.
Ұлттық мұхиттық және атмосфералық қауымдастық (NOAA) қазіргі таңда Эль-Ниньо ағысы басталғанын хабарлады. Сондай-ақ Тынық мұхитының шығысындағы экваторға жақын аймақтағы температура шамамен 0,5 градусқа жылынғанын мәлімдеді.
Жалпы, Эль-Ниньо салдарынан әлем бұған дейін талай мәрте су тасқынынан, циклондардан, құрғақшылықтан, орман өртінен зардап шеккен-ді. Ғалымдардың пайымдауынша, биыл да сол жағдай қайталануы ықтимал. Сонымен қатар жер-жаһанның ысынуы да артуы мүмкін екенін алға тартады. Дүниежүзілік метеорология ұйымы өткен аптада жыл сайынғы орташа жаһандық температура 2023 және 2027 жылдар аралығында кемінде бір мәрте өнеркәсіптік революцияға дейінгі деңгейден 1,5 градус жоғарылайтынын мәлімдеді.
Еуропалық одақтағы Коперник атындағы климаттың өзгеруі қызметі басшысы Карло Буонтемпо кейінгі жылдары Ла-Ниньаның салқындатушы әсеріне қарамастан, Эль-Ниньоның қызуы артып кеткенін айтады. Осының салдарынан Тынық мұхитын жағалай қоныс тепкен бірқатар мемлекетке қиын тимек. Мәселен, Америка құрлығындағы бірнеше ел, Жапония, Аустралия мен Жаңа Зеландия Эль-Ниньоның зардабын қатты тартады деп күтіліп отыр.
Соңғы рет Эль-Ниньо әлемге келген 2014-2016 жылдары Тынық мұхитының солтүстігінде алапат дауылдар тұрып, Кариб теңізі маңындағы аралдарда су тапшылығы туындап, Эфиопияда қуаңшылық болған еді. Соңғы рет аталған ағыс Аустралияға жеткенде құрлықтағы 800 мың гектар орман өртеніп кеткен-тұғын. Негізі бұл феноменді бір ғасырға жуық уақыт бұрын Перудегі балықшылар байқаған екен. Олар Эль-Ниньо келген кезде су тасқыны көбейіп, жағалауларды шайып кететінін байқаған. Бірақ қызығы сол, Эль-Ниньо әдетте Атлант мұхитындағы дауылдар санын азайтады. Мэриленд университетінің ғылыми қызметкері Роберт Лимонның айтуынша, бұл жолғы ағынның бұған әсер етуі екіталай. «Биыл Атлант мұхиты әдеттегіден өте жылы. Демек, жылы су өте қатты дауыл тудырады», дейді ол.
Басқаларға қарағанда Еуропа Тынық мұхитынан алыс орналасқандықтан, Эль-Ниньоның зардабын тартуы екіталай. Алайда сарапшылар климаттың өзгеруі, әсіресе ағыстан келетін жылымық қарт құрлыққа да әсерін тигізбей қоймайтынын алға тартып отыр. Әсіресе егін мен мал шаруашылығы қатты зиян шегуі мүмкін. Соның салдарынан жаһандық азық-түлік тапшылығы қаупі тереңдей түседі.
Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы Африканың оңтүстігінде, Орталық Америкада, Кариб теңізінде және Азияның кейбір бөлігінде азық-түлікпен қамтамасыз ету қиындайтынын ескертеді. Сондай-ақ дәнді дақылдардың түсіміне де әсер ететінін айтып дабыл қағады. Өйткені негізгі астық экспорттайтын елдерде жауын-шашын азаяды.
Осы орайда, климаттың өзгеруі Қазақстанды да айналып өтпейтінін айта кеткен жөн. Бұл мәселеге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әрдайым көңіл бөліп келеді. Мәселен, таяуда елордада өткен Астана халықаралық форумында қазіргі таңда әлем бетпе-бет келіп отырған сын-қатерлердің ішіндегі ең қиыны – климаттың өзгеруі екенін атап өтті.
«Орталық Азия бұл қатерлерге қарсы тұру үшін алғы шепте болады. Ғаламдық ауа температурасының 2050 жылға қарай 1,5℃-қа көтерілуін сәтті шектеу мүмкін болғанның өзінде, Орталық Азия елдері күн райының 2-ден 2,5 ℃-қа дейін көтерілгенін байқайды. Бұл біз өмір сүретін ортаның трансформациясына, нақтырақ айтқанда шөлге айналуына, одан кейін тіршіліктің жойылуына алып келеді. Сондықтан барлық сын-қатерге дайын болуымыз керек. Су ресурстарының жетіспеушілігі шын мәнінде алаңдатады. Орталық Азиядағы қуаңшылық пен су тасқынынан келетін шығын ішкі жалпы өнімнің 1,3 пайызы деңгейінде деп бағаланады. Ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігі 30 пайызға дейін кеміп, 2050 жылға дейін 5 миллионға жуық ішкі климаттық мигранттың пайда болуына әкеп соқтырады», деді Қ.Тоқаев.
Оның үстіне, өңірдегі мұздықтардың көлемі қазір 30 пайызға қысқарды. Аймақтағы екі үлкен өзен Сырдария мен Әмудариядағы су деңгейі 2050 жылға қарай 15 пайызға түседі. Бұл онсыз да суға тапшы Орталық Азияға қиын тимек.