Екінші құрылтайдың қасиетті Түркістан жерінде өтуінің аса маңызды символдық мәні бар. Бұл жерде мен қазақ тілін ғылым тіліне айналдыру жөнінде сөз сөйледім. Осы мәселені Президент те айтты. Қазақ тілі тек отбасы, ошақ қасында қалмауы керек. Ана тіліміз білім мен ғылымның тілі болуы қажет.
Мәдениет және спортты түсінетіндер көп. Ал ғылымның тілін кім түсінеді? Қазақ деген ел шын мәнінде осы ғасырдан өтіп, тарих топырағына көміліп қалмаймын десе, техникалық ел болуы керек. Тәуелсіздіктің төресі – техникалық тәуелсіздік.
Жақсы көлік, жақсы компьютер шығарсақ, экономика күшті болады. Әскер мықты болса, сенің сөзің де өтімді болады. Кейінгі жылдары қазақ ғылымына қажетті жағдай жасалып, ерекше көңіл бөлініп жатыр. Оның барлығы бірінші тұлғаға байланысты. Жалпы, ғылым мен технологияның дамуы – заңды құбылыс. Біздің елімізде бұрынғымен салыстырғанда гранттың саны көбейді, ғылыммен айналысатын адамдарға мүмкіндік жасалып жатыр.
Асқар ЖҰМАДІЛДАЕВ,
Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті