Ереванда еркін күрестен Олимпиаданың күміс жүлдегері, Әлем кубогінің үш дүркін жеңімпазы, Еуропа чемпионы Степан Саркисянның жүлдесі үшін халықаралық турнир аяқталды.
25 мәрте жалауы желбірген дәстүрлі жарыста Қазақстанның балуандары да өнер көрсетіп, олар елге жеті жүлдемен оралды. Жерлестеріміздің арасынан ең үздік нәтижеге Асылжан Есенкелді қол жеткізді. 61 кило салмақта күш сынасқан ол барлық қарсыласын қапы қалдырып, финалда ирандық Әлизаде Коколухиді ұтты. Мұрат Жақыпов (70 кило) пен Жігер Зәкіровтің (79 кило) де жеңіс тұғырының ең биік сатысынан көрінуге тамаша мүмкіндіктері болды. Бірақ шешуші тұста Мұрат армениялық Арман Андреасяннан айласын асыра алмаса, Жігер жарақатына байланысты ақтық сайысқа шықпады. Ал Мұхаммед Балғабай (57 кило), Сырбаз Талғат (74 кило) және Бекзат Үркімбай (97 кило) қола медальді иеленді.
Аталған жарыста Асылжан Есенкелді мен Арман Андресяннан бөлек, армениялық Арсен Арутюнян (55 кило) мен Вазген Теванян (65 кило), молдовалық Василий Дьякон (74 кило), бахрейндік Хидир Сайпудинов (79 кило), украиналық Валентин Бабий (86 кило), грузиялық Андро Маргишвили (92 кило) және ирандық Әмірәли Азарпира (97 кило) мен Салар Хабиби (125 кило) бас жүлдені олжалады.