• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Аймақтар 20 Маусым, 2023

Шаған шыңын бағындырды

367 рет
көрсетілді

Жетісудың экономикалық әлеуетін арттыруда маңызға ие екі сала болса, соның бірі – туризм. Мұны Мемлекет басшысы да назарға алған еді. Қазір өңірде осы бағытта түрлі жұмыс жүргізіліп жатыр. Соның айғағы ретінде Көксу ауданы Ақтекше маңындағы Шаған тауында «Shagan fest» фестивалі өтті. Бұл – тау туризмін дамытудағы алғашқы қадам.

Олай дейтініміз, тау шыңына жап­пай көтерілу Жетісу облысына туристер­дің келуін арттырып, белсенді тау ту­риз­мін сүйетін жандардың назарын ­ауда­ра алады. Сонымен қатар облыстағы тау туризмінің дәстүрлерін сақтай отырып, тұрғындарды бұқаралық туризмге, тау жорықтарына тартып, тау туризмі мен жүгіруді насихаттауға мүмкіндік береді. Биіктігі теңіз деңгейінен 2551м болатын Шаған тау шыңына көтері­лу – әр қатысушының қиындықтар мен сынақтарды жеңіп, өзінің спорт­тық жетістіктерін көрсетуге мүмкін­дік беретін ерекше тәжірибе. Оны біз­ге «Visitzhetysu» туристік ақпарат­тық ор­талығының басшысы Жандос Нұриев айтып берді.

«Биыл туристер санын арттыру үшін Көксу, Ақсу, Сарқан, Алакөл жә­не Ескелді аудандарының туристік орын­­дарына ақпараттық турлар өткізу, сондай-ақ, «Алтынемел» және «Жоңғар Алатау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аумағында іс-шаралар өткізу, облыстың туризм саласының өкілдері үшін оқыту курстарын, мастер-класстар мен семинарларды ұйымдастыру және өткізу, іс-шаралық туризмді дамыту мақсатында фестивальдар өткізу жоспарланған. Ол қатарда «Shagan Fest», «Koksu Water Fest», «Winter Fest», «Zhetysu travel» туристік форумы сынды бірқыдыру іс-шаралар бар. Қазіргі таңда облысқа келушілер үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында туристік дестинацияларды дамыту жұмыстары қарқынды жүргізілуде», дейді Ж.Нұриев.

Оның айтуынша, туризмді айтқан­да ұмыт қалмай айтылуға тиіс тағы бір басым бағыт – Жоңғар Алатауы тау жүйесінде туризмді дамыту. Бұл мақсатта Қора шатқалындағы Бурхан-бұлақ сарқырамасына дейін жол жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Жобалық-сметалық құжат әзірлеуге жергілікті бюджеттен 94,8 млн теңге бөлінген. Осы айда жобалау ұйымы айқындалмақ.

Аталған фестиваль аясында қаты­сушылар күннің аптап ыстығына қара­мастан, Шаған тау шыңын бағындыруға тиіс. Аңызға бай таудың ұшыр басында қос арудың бейнесі көрінеді. Әйтсе де оның өз әлеті бар. Жүздеген турис­тер бірлесе, алдағы қиындықтарды ең­серуі шарт. Іс-шара барысында ұйым­дастырушылар қатысушылардың ден­саулығын қадағалап, сумен қамтамасыз етіп отырды.

«Таудың ұшар басына шығу оңай емес екен. Бірақ табиғат қанша шар­шап тұрсаң да өзіне қарай тартады. Осындай керемет әсер үшін ұйым­дастырушыларға алғыс айтамын. Мен үшін үлкен тәжірибе болды әрі қор­қынышымды жеңуге күш сыйлады. Жетісудың жақұтты жерлері көп қой, соның бірін бағындырғаныма қуаныштымын», дейді қатысушы Айгерім Нұрланқызы.

Фестиваль соңында шыңға шыққан әрбір адамға арнайы медаль мен естелік сыйлықтар табысталды. Бәрі бір­лесе естелік суретке түсіп, алда болар іс-ша­раларға қатысуға бейіл екенін жет­кізді. Мұндай игілікті істер адамдарды саламатты өмір салтына тартуға, туристік әлеуетті арттыруға және облы­сымыздың туризмін дамытуға көмек­теседі.

Жалпы, былтырғы статистика де­ректері бойынша Жетісу облысында туристерді қабылдаудың 346 нысаны жұмыс істеді. Ақылы туристік-сауықтыру қызметтерінің көлемі де артып, 5,2 млрд теңгеге жетті. Осы жылы 3,2 млрд теңгеге 18 нысан пайдалануға берілген.

Облыстың туристік әлеуетін ілге­рілету мақсатында туризм басқар­ма­сының өкілдері наурыз айында Берлин (ГФР) және Дубай (БАӘ) қала­ларындағы ірі халықаралық турис­тік көрмелерге қатысқан. Сонымен қа­тар сәуір айында «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықара­лық орталығының ашылуы шеңберінде БАҚ өкілдері мен блогерлерге арналған ақпараттық тур ұйымдастырылды. Бұған қоса, «Алтынемел» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында БАҚ өкілдеріне ақпараттық тур өткізілді.

Алакөл көлі жағалауында инфра­құрылымды дамыту мақсатында 2021-2022 жылдары мемлекеттік бюджеттен бірқатар жоба жүзеге асырылуда. Айталық, Алакөл көлінің жағалауында кәріз жүйесінің құрылысы, жағалау­ды бекіту жұмыстары, жолаушылар тасымалындағы автожол және теміржол бағытындағы жобалардың іске асуы. Оның ішінде, бүгінде «Астана – Дос­тық» қатынасымен «Тальго» пойызы жүргізілуде. Әуе тасымалында субсидияланатын әуе рейстері жүзеге асуда. Бұл ретте «Жетісу» әуекомпаниясы­ның қатысуымен жазғы маусымда рейстерді күніне 3 ретке дейін арттыру мүмкін­дігі бар екенін атап өткен жөн.

Балқаш көлі жағалауының турис­­тік инфрақұрылымын дамыту мақ­са­тын­да «Балқаш «Туристік-рек­реа­ция­лық демалыс аймағының инженерлік-коммуникациялық же­лі­лерін салу» жо­басы бойынша жо­ба­лық-сметалық құжаттама әзір­ленді. Жалпы құны 4,9 млрд теңге кө­ле­мінде жобаланған. Қазіргі кезде қар­жыландыру Индус­трия және инфра­құрылымдық даму министрлігі арқылы қарастырылуда. Автомобиль жолдарын реконструкциялау бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде.

Бұдан бөлек, көл жағалауында жо­баланатын аумақта нөмірлік қоры 40 мың төсектік орын болатын демалыс орын­дарын салу арқылы 30 млрд тең­ге­ге инвестициялар тарту күтілуде. Ту­ристік индустрияның ең қарқынды да­мып келе жатқан және танымал секторы экологиялық туризм екені белгі­лі. Оның дамуы «Алтынемел» және «Жоң­ғар Алатауы» мемлекеттік ұлттық парктерінің әлеуетіне негізделген.

Бүгінде «Алтынемел» ұлттық пар­кінің аумағында экологиялық туризмді дамыту жөніндегі инвестициялық жобаны іске асыру жүргізілуде. Инвес­тициялардың жоспарланған сомасы 2 млрд теңге болса, «Жоңғар Алатауы» ұлттық паркінің аумағында жалпы құны 1,6 млрд теңгеге 8 инвестициялық жоба іске асырылуда, оның 6-ауы аяқталды, бір жобаны 2024 жылы аяқтау көзделсе, тағы бір жобаның құрылысы бастау сатысында.

 

Жетісу облысы