Ресейдің Санкт-Петербург қаласында дзюдодан аса ірі халықаралық командалық турнир аяқталды. Аталған додада Қазақстанның «Жеңіс» клубы өнер көрсетті.
Биыл ғана Қарағанды облысы дзюдо федерациясының президенті Тимур Тұрсымбаев пен кезіндегі танымал дзюдошы, қазіргі тасы өрге домалаған кәсіпкер Алмас Әлсеновтің бастамасымен іргетасы қаланған бұл команданың серкелері Астанада өткен «Qazaqstan Barysy Grand Slam 2023» турниріне қатысқандықтан Нева жағалауындағы жарыста Артем Штурбабин, Дастан Жұмажанов, Арслонбек Тәджиев, Егор Раков, Ақжол Дүйсенбаев, Бекмұрат Олтибоев сынды қосалқы құрамдағы балуандар белдесті. Десек те олар да өз жанкүйерлерін жерге қаратқан жоқ. Үшінші орын үшін тартыста жерлестеріміз Беларусьтің «Стайка» клубын ұтып, қола медальді мойындарында жарқыратты.
Алдағы уақытта «Жеңістің» дзюдошылары Құрлықтық лигада күш сынасады. Біздің жігіттер А тобына түсті. Қарсыластарымыз – Мәскеудің «Самбо 70», Беларусьтің «Стайка», Краснодардың «Жемчужина» және Тәжікстанның «Ходжи Шариф» клубтары. Төрт топтың әрқайсысынан алғашқы үш орынды иеленген командалар жарыстың келесі кезеңіне жолдама алады.