Күрес түрлерінен Қырғызстанның астанасы – Бішкекте өткен жасөспірімдер (U-17) арасындағы Азия біріншілігінде Қазақстанның балуандары 18 жүлде жеңіп алды.
Грек-рим күресі шеберлерінің жарысында Қазыбек Қалмағанбетов (60 кило) пен Бекжан Исмағұлов (110 кило) күміс алса, Мұқан Бекнұр, (48 кило), Әлібек Тұрлығазы (65 кило), Диас Сейітқалиев (71 кило) және Еркебұлан Әнапия (80 кило) қолаға қол созды. Еркін күрес шеберлерінің сайысында Едіге Қасыбек (110 кило) қарсылас шыдатпай бас жүлдені олжаласа, Нұрдәулет Сейілбеков (71 кило) пен Самир Дурсунов (92 кило) финалда ұтылды. Ал Ералы Амангелді (45 кило), Ералы Жетпісов (48 кило), Олжас Жауынбаев (51 кило), Аллан Оралбек (55 кило) және Алмас Сабыр (65 кило) қола медальді иеленді.
Қыздар арасындағы сайыста Ирина Абдуллина (49 кило) мен Софья Змазнева (61 кило) екінші орын алса, Мейрамгүл Мақсот (65 кило) пен Меруерт Назарбаева (73 кило) үшінші сатыға табан тіреді.