Қазақта «Кең болсаң, кем болмайсың» деген жақсы сөз бар. Міне, менің ұстанымым осы. Әр салаға әркім волонтер бола алады.
Өйткені күтпеген жерден келген қуаныш, төгілген мейірім, шашылған шуақ, берілген жылу – осының бәрі ізгі ниетті жандардан келеді. Соншалық жақсы көңілге малынып, жылуға бөленген адамдар «Өмірде жақсы адамдар бар ма?» деген таңданыстарын білдіріп, таңдай қағып жатады. Көзі жеткен соң, «өмірде мұндай жақсы адамдар бар екен» дейді.
Елдің жарқын болашағы деп жастарға көп сенім артамын. Олардың ойлауы, қарым-қабілеті бұрынғыдан өзгерек. Қазір волонтерлік ұғымы бұқараның санасында жаңа бір деңгейге көтерілді. Ерікті болуды жаныма серік еткелі ұққаным, волонтерлік адамның сана-сезімін кеңейтеді.
Өзім Африканың бірнеше елінде ерікті болдым. Шалғайда, шет жұртта жалғыз-жарым жүргеннен кейін көп нәрсені көресің, үйренесің, ой түйесің, салыстырасың. Міне, осының бәрі бастан өтті. Ең керегі, бірінші – білім, екінші – тіл байлығың. БҰҰ-ның барлық миссиясына қатыстым десем болады. Қазақтың азаматтарымен салыстырғанда, ол жақта жұлқынып тұрған жан жоқ. Былайша айтқанда, жайбасар. Меніңше, бұған тұрмыстық-әлеуметтік ахуал көп әсер етеді.
Телжан ЖҮНІСБЕКОВ,
Қазақстанның БҰҰ-дағы
тұңғыш еріктісі, дәрігер