Кеше Парламент палаталарының бірлескен отырысы өтті. Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша депутаттар Конституциялық соттың «Қазақстан Республикасындағы конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы» жолдауын тыңдады.
Конституциялық сот төрағасы Эльвира Әзімова 2022 жылғы конституциялық реформаның нәтижесінде Конституциялық сот құрылып, азаматтарға осы органға қорғау үшін жүгіну құқығы берілгенін атап өтті.
«Бес ай ішінде үш мыңнан астам азамат өз құқықтарын конституциялық қорғауға жүгінді. Бұл цифрлар азаматтардың жаңа органға деген жай ғана қызығушылығының дәлелі емес, өтініш берушілердің әрқайсысының өз құқықтарын қорғау ниетін растайды. Бұл ретте Қазақстан заңнамасында Конституциялық сотқа жүгінгенге дейін құқықтық қорғаудың барлық басқа құралын қолдану туралы талап жоқ», деді Э.Әзімова.
Азаматтың конституциялық жүгіну институты қоғамның, мемлекеттік аппараттың және азаматтың конституциялық құқықтық сана мен құқықтық мәдениет деңгейін арттыруды талап етеді. Жолдау қорытынсы бойынша Парламент Конституциялық соттың жолдауын назарға алу туралы шешім қабылдады.
Экономика жанданып келеді
Бұдан кейін Үкіметтің және Жоғары аудиторлық палатаның 2022 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерін бекіту жөніндегі мәселе қаралды. Бірінші болып Премьер-министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев баяндама жасады. Ведомство басшысы елдегі ахуал туралы баяндай келе, былтыр пандемиядан кейін экономиканың жандана бастағанын жеткізді. Мәселен, ішкі жалпы өнім көлемі 3,3 пайызға өскен. Сондай-ақ Жоғары аудиторлық палатаның Үкімет есебіне берген негізгі ескертулерін түсіндірді.
«Жоғары аудиторлық палата салық жеңілдіктері есебінен бюджетке түспеген қомақты қаражатты көрсеткен. Бұл ретте, осы салық жеңілдіктерінің көбісі стандартты болып табылады және жалпы әлемдік тәжірибеге сәйкес келетінін атап өту керек. Дегенмен салық жеңілдіктерін айқындау, оңтайландыру және мониторингтеу бойынша Жоғары аудиторлық палатаның ұсынымдары Үкіметтің жұмысында, сондай-ақ жаңа Салық кодексін әзірлеу шеңберінде ескеріледі. Қорытындысында экспорттық-импорттық статистикадағы алшақтық және көлеңкелі экономика бойынша қабылданған шаралардың жеткіліксіз әсері туралы көрсетілген. Жалпы, әлемдік тәжірибеде барлық елдерде тауарлардың сыртқы саудасының кедендік статистикасы деректерінде әріптес елдермен сәйкессіздіктер бар. Бұндай алшақтықтың негізгі себебі сыртқы сауда статистикасын қалыптастырудың әдістемелік ерекшелігінде. Дегенмен алшақтықтарды азайту мақсатында бірқатар жүйелі шара қабылданып жатыр. Тауарларға арналған декларацияларды бақылау және шығару үшін кедендік функцияларды орталықтандыру жүзеге асырылды», деді Е.Жамаубаев.
Сондай-ақ министр кеден саласын тәртіпке келтіру бойынша атқарылып жатқан жұмысқа тоқталды. Мәселен, былтыр тек Қытайдан келетін тауарлар бойынша бюджетке 465 млрд теңгеге кедендік төлем мен салық түскен. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 60 пайызға артық. Көлеңкелі экономика деңгейін төмендету үшін кешенді жұмыс атқарылып жатқанын да жеткізді. Соның аясында кейінгі 4 жылда бюджетке қосымша 3 трлн теңгеден аса қаражат түскен.
«Ұлттық қордың қаражатын үнемдеу саясатын жалғастыру мақсатында республикалық бюджетке берілетін трансферттер қаражатын біртіндеп азайту жалғасады. Сондай-ақ Ұлттық банкпен бірлесіп, оның инвестициялық кірістерін арттыруға қатысты шаралар қабылданып жатыр. Бұл Мемлекет басшысының Ұлттық қордың қаражатын 2030 жылға қарай 100 млрд долларға дейін жеткізу жөніндегі тапсырмасын орындауға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта қолданыстағы 10 ұлттық жобаның іс-шараларын Мемлекеттік жоспарлау жүйесіне және өзге де құжаттарға интеграциялау бойынша жұмыс аяқталып қалды. Нақты салаларды дамытуға бағытталған 2029 жылға дейінгі 15 тұжырымдама бекітілді. Олар Президенттің сайлауалды бағдарламасын іске асыру жоспарымен үйлестірілген. Сондай-ақ жаңа форматтағы «Жайлы мектеп», «Ауылдағы денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобалары бекітілді. «Қолжетімді интернет» жобасы әзірленді», деді Е.Жамаубаев.
Ведомство басшысы Жоғары аудиторлық палатаның ұсынымына сәйкес бюджеттің атқарылу мониторингі реттелетінін атап өтті. Әсіресе инвестициялық жобалар бойынша бақылау күшейтілмек. Сондай-ақ Үкімет Дүниежүзілік банкпен бірлесіп, квазимемлекеттік секторды реформалау бойынша кешенді жұмыстар жүргізіп келеді. Бұл ретте дивидендтік саясат та қайта қарастырылады. Квазимемлекеттік сектор субъектілері қаражатының игерілуіне мониторинг жүргізу және олардың есептілігіне қатысты мәселе жаңа Бюджет кодексінде ескеріледі.
Жобалардың құны асыра бағаланады
Бұдан кейін Жоғары аудиторлық палата төрағасы Наталья Годунова баяндама жасады. Оның айтуынша, 2021 жылғы республикалық бюджетті орындау туралы есептің қорытындысы бойынша 33 ұсыным берілген. Баяндамашы өз сөзінде мемлекеттік органдарға сырттан тиімсіз қарыз тартқаны үшін салынатын айыппұл мөлшерін арттыруды ұсынды.
«Үкімет бюджет тәуекелдерін айқындап, 2050 жылға дейінгі мемлекеттік қаржының ұзақмерзімді тұрақтылығына талдау жасады. Қарыз саясатында біртіндеп тәртіп пайда болып келе жатыр. Сыртқы қарыздарды тиімсіз тартқаны және оларды уақытылы игермегені үшін лауазымды тұлғалардың дербес әкімшілік жауапкершілігі енгізілді. Мұндағы 100 АЕК мөлшеріндегі айыппұл сомасын көбейту керек деп санаймыз. Салық түсімдерінің болжау тәсілдері өзгерді. Осы тәсілдер 2024-2026 жылғы бюджет кезеңінде қалай жұмыс істейтінін көрсетеді. Осы кезге дейін квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қолма-қол ақшаны бақылау шоттарындағы пайдаланылмайтын қаражат мәселесі шешілген жоқ. Мемлекеттік мекемелер эскроу-шоттарды жұмыстарды нақты орындамастан пайдалануын қоймай келеді. Мемлекет-жекеменшік әріптестігі саласында ашықтық жоқ. Бұл сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін, сәйкесінше инвесторларды тартуда қиындық туындатады. Ал мемлекет-жекеменшік әріптестігі аясындағы конкурстық рәсімдердің веб-порталын пилоттық режімде іске қосу енді ғана жоспарға еніп отыр», Н.Годунова.
Жоғары аудиторлық палата төрағасының сөзіне сүйенсек, бюджет есебінен іске асатын жобалардың құнын асырып бағалау белең алып тұр. Оның айтуынша, министрліктер жеңілдетілген несие мен преференцияларды, кепіл берілген борышты ұсыну кезінде аталған мемлекеттік қолдау өндірістерді кеңейтіп, жұмыс орындарының санын көбейтетінін негіз етіп көрсетеді.
«Ал көрсеткіштер көп сұрақ туындатады. Қаражат бөлінген жылы нәтиже бола қоймайтыны түсінікті. Бірақ орта мерзіммен 3-5 жыл ішінде нәтижесі көрінуі керек қой. Сондай-ақ бюджетті тиімсіз қолдану тенденциясын ауыздықтау да қосымша кіріс көзі бола алады. Төрт жыл бұрын жобалау-сметалық құжаттамада жоба құнын асырып көрсету деңгейі – 30 пайыз, ал оның жалпы сомасы 1 трлн теңге болады деп есептеген болатынбыз. Қазір жобалардың қымбаттауы жалпы сипат алып отыр. Оның жалпы сомасы тіптен қомақты. Осыған байланысты әсіресе Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі тарапынан ақылға қонымды шаралар, ал мемлекеттік сараптама тарапынан қатаң бақылау керек», деді Н.Годунова.
Бірлескен отырыс кезінде депутат Ұласбек Сәдібеков те баяндама жасап, республикалық бюджеттің атқарылуының негізгі тұстары мен өзекті мәселелеріне тоқталды. Оның айтуынша, Үкімет тарапынан шешімін таппай отырған тағы бір маңызды мәселе – салықтық жеңілдіктердің көптігі.
«Жоғары аудиторлық палатаның бағалауы бойынша 2018-2021 жылдар аралығында бюджетке толық түспеген қаражат көлемі 30 трлн теңгеден асады. Реттеуші нормативтік-құқықтық база әлсіз болғандықтан, салықтық әкімшілендірудің қабылданатын шаралары да тиімсіз болып отырғанын атап өткім келеді. Басқаша айтқанда, салықтық жеңілдіктер бар, бірақ олар дұрыс бағаланбайды. Олардың қажеттігі мен тиімділігін ешкім негіздеп айта алмайды, салықтық жеңілдіктер бойынша мониторинг пен талдау жүргізілмейді, тіпті олардың қолданылуы да бақыланбайды. Ұсынылатын жеңілдіктер көлемі жыл сайын артып келеді, осы бұрын енгізілген жеңілдіктерден біздің экономикамыз қандай пайда көрді? Бұл сұрақтың жауабы жоқ», деді Ұ.Сәдібеков.
Депутаттың айтуынша, жоспарлау сапасының төмен болуы мен бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану әлі күнге дейін жалғасып келеді. Осы орайда Ұ.Сәдібеков бюджетті 8 қайтара түзету оның сапасы төмен екенін алға тартты. Бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері бюджетті формалды түрде атқарады.
Екі фракция қарсы шығып, қалғаны қолдады
Бірлескен отырыста депутаттар мемлекеттік қарызды азайту үшін қандай қадамдар жасалып жатқанын сұраған. Премьер-министр мемлекеттік борышты азайту мәселесі Үкіметтің тұрақты назарында тұрғанын айтты.
«Қарыз сомасы қауіпсіз деңгейде тұр. Ішкі жалпы өнімге шаққанда 24,7 пайызды құрайды. Мемлекеттік қарызды азайту және соған қатысты бюджет шығындарын төмендету мәселесін шешу үшін Үкімет бірқатар шара қабылдады. Біріншіден, республикалық бюджеттің тапшылықты кезең-кезең төмендетуі ескерілген. Бұл өз кезегінде жаңа қарыздарды алуды шектейді. Екіншіден, бюджет кірісін ұлғайтуға екпін қойылған. Бұл тұрғыда салық әрі кеден саласындағы әкімшілендіру ары қарай жетілдірілмек, яғни цифрландыру жалғасады. Мәселен, былтырғы жылдың қорытындысы бойынша республикалық бюджеттің кірісі 42 пайызға өсті. Ал биыл да өсім 40 пайыз шамасында болады деп жоспарланған», деді Ә.Смайылов.
Оның айтуынша, қарызды ішкі нарықтан теңге валютасында алуға екпін қойылып отыр. Бұл өз кезегінде валюта саласындағы тәуекелдерді азайтуға мүмкіндік береді. Осы орайда Үкімет басшысы алдағы 5 жылда мемлекеттің қарызы қауіпсіз деңгейде болатынын атап өтті.
Талқылау барысында «Республика» фракциясының жетекшісі Айдарбек Қожаназаров Мәжілістің бұған дейінгі жалпы отырысында республикалық бюджеттің атқарылуына қатысты бірқатар ұсыным бергенін атап өтті.
ЖСДП фракциясының жетекшісі Асхат Рахымжанов таяуда өткен Мәжілістің жалпы отырысында 2022 жылға арналған республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерді қабылдауға қарсы екенін мәлімдегенін еске салды. Оның айтуынша, партияның көзқарасы өзгермеген. Депутаттар мемлекеттік бюджетті пайдалану тиімділігін арттыру үшін азаматтарды көбірек тартудың маңызына тоқталды.
«Ақ жол» партиясы Үкіметтің есебін қолдамайтынын және оған қарсы дауыс беретінін айтты. Фракция жетекшісі Азат Перуашев қарсы дауыс беруге кірістердегі күмәнді жетістіктер, бюджетті жоспарлаудағы жауапсыздық, мұнайдан тыс бюджет тапшылығының артуы, Ұлттық қорды талан-таражға салу сынды себептер негіз болғанын мәлімдеді.
«Amanat» партиясы фракциясы Үкіметтің 2022 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебін аталған ескертулермен бекітуге болатынын жеткізді. Фракция жетекшісі Елнұр Бейсенбаев бюджет қаражатын игеруді емес, нақты нәтижеге қол жеткізуді басты индикатор ретінде қарастыру керегіне тоқталды.
Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан Республикасының орнықты дамуы саласындағы ұлттық мақсаттар мен міндеттердің іске асырылуын мониторингілеу жөніндегі парламенттік комиссия құрамы бекітілді. Бірлескен комиссия құрамына Сенаттан – Мәулен Әшімбаев, Ольга Перепечина, Асқар Шәкіров, Сүйіндік Алдашев, Нұртөре Жүсіп, Әли Бектаев, Нұрлан Бекназаров, Сергей Карплюк, Ақмарал Әлназарова; Мәжілістен – Альберт Рау, Нұртай Сабильянов, Аян Зейнуллин, Павел Казанцев, Асхат Рақымжанов, Асқар Садықов, Ерлан Стамбеков, Гауһар Танашева, Динара Шүкіжанова енді.
Сондай-ақ бірлескен отырыста Парламент «Прокуратура туралы» ҚР Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық заң жобасын екі оқылымда қарап, қабылдады. Заң жобасының басты мақсаты – заңсыз иемденілген және шығарылған активтерді қайтару тетігін құру жөніндегі мәселелерді шешу. Сондықтан Мәжіліс депутаты Абзал Құспан аталған Конституциялық заң жобасын қабылдау уәкілетті органның активтерді қайтарудағы қызметінің белсенділігіне ықпал ететінін айтты.