• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Қоғам 21 Маусым, 2023

Бала құмар ойыншыға қалай айналады?

585 рет
көрсетілді

Баланың психологиясына оның ойнайтын ойындары көп әсер етеді, қалыптасу кезеңінде маңызды рөл атқарады. Ата-ана дәл осыған мән бергені жақсы. Қазір балалар смартфон арқылы түрлі ойындарды өздері тауып ойнай беретін болған. Ойын жасындағы бала әлі оң-солын танып, ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін айыра алмайтындықтан, ойыннан үйренгенін бойына сіңіреді. Мәселен, бейнеойындарды ойнайтын бала болашақта бейсаналы түрде құмар ойынның құрбанына айналуы мүмкін.

Түрлі ойын бағдарламаларын жасап шығаратын компаниялар ақша табуды бірінші орынға қояды. Сондықтан олар ойындарының балаларға қауіп төндіретінін жоққа шығармайды. Көп ойында қолданба арқылы сатып алу сияқты микротранзакциялар бар. Бұл – кішкентай балаларды тұтынушы ету арқылы тәуелділікке ұрындыратын тактика. Айта кетсек, Федералдық сауда комиссиясы ойын кезінде ұтып алуға болатын «сыйлықтар» функциясына алаңдаушылық білдіріп отыр. Мамандардың айтуынша, оңай олжа баланы құмар ойынға әуес қылады.

Ойын ішінде төлем жасау мүмкіндіктері 2010 жылы Team Fortress 2, содан кейін Overwatch және Call Of Duty: WW2 сияқты танымал ойындарға алғаш енгізілген. Содан кейін ол үрдіске айналды. Candy Crush, Diablo, Final Fantasy сияқты танымал франчайзингтер табыс табу мақсатында микротранзакциялар мен «сыйлыққа» тәуелді ететін ойындарды көптеп шығара бастады.

Аустралияның құмар ойынға тәуелділікті зерттеу (Gambling Research Australia) орталығы ұсынған деректерге сәйкес, бейнеойын индустриясы 2018 жылы ойынның ішінде сатылған «сыйлық» қораптарынан 30 миллиард долларға дейін пайда тапқан. Ubisoft және Take-Two Interactive секілді ірі ойын студиялары бұл тактиканы өздерінің кірісін көбейту үшін пайдаланады. Ал осындай ойындарға ақша жұмсайтын балалар бірте-бірте ірі ұтыс ойындарына ойыса бастайды.

Ойын барысында «сыйлық» қораптарын сатып алуға ынталандыратын мотивтер құмар ойынға қызықтыратын себептермен бірдей. Яғни ойыншылар құнды нәрсесін айырбастау арқылы қомақты қаржы ұтуды ойлайды.

Құмар ойынға итермелейтін ойындардан казино элементтерін байқауға болады. Ойын нәтижесі кездейсоқтыққа негізделеді. Ойыншыны білімі мен кейбір дағдылары жақсы нәтижеге жеткізуі мүмкін, бірақ үнемі тәуекелге баруына тура келеді. Сондай-ақ телефон ойындарында виртуалды монеталар болады. Балаларға арналған ойындарда (мысалы, Pokemon франчайзингтік ойындарында) осындай тәсілдердің бар екенін ескере отырып, ата-аналар бұл мәселені назардан тыс қалдырмауы керек және ойындардағы шығынды қадағалап отыруы тиіс. Ең дұрысы ата-аналар балаларына құмар ойынның салдары қандай болатынын айтып, қауіпті ойындарды ойнатпауға тырысуы қажет.

Оңтүстік Аустралияда кәмелетке толмағандарға бинго, лотерея, ұтыс ойындарын және сол сарындас телефон ойындарын ойнауға тыйым салатын заңнама бар. Ал Қазақстанда «Ойын бизнесі» туралы заңның 6-бабы, 2-тармағына сәйкес электронды казино және интернет-казино қызметіне тыйым салынған және 15-бабта құмар ойындар ойнауға немесе бәс тігуге жиырма бір жасқа дейінгі жас шектеуі бар екені жазылған. Бірақ дәл осы интернет-казино ойнау жасөспірімдердің арасында белең алған. Зерттеуге сүйенсек, бұның барлығы балалардың үнемі ойнап жүрген ойындарының нәтижесінде болады. Өйткені бала ойыннан жалыққаннан кейін, оңай жолмен шынайы ақша ұтуды қалайды. Содан соң виртуалды кезеңнен өтіп, казиноға құмарта бастайды.

Кез-келген ойынды ойнай беру баланың мінезін бұзады екен. Ал баланың қалыптасуы оның ойнайтын ойындарына тікелей байланысты. Мағжан Жұмабаев бала үшін ойынның маңызы мен тәрбиешінің міндеті жөнінде «Педагогика» кітабында егжей-тегжейлі жазып көрсеткен.

«Тіпті жас бала жалқы ойынды – жалғыз ойнауды жақсы көреді. Әлі тілі еркін жетілмегендіктен, ол басқа балалармен қатынаса алмайды. Ал енді өскен сайын жалпы ойынды бірігіп ойнауды жақсы көре бастайды. Жалғыз ойнаса, іші пысады. Жалпы, ойын бала тілінің жетілуіне көп пайда әкеледі. Бірігіп ойнағанда тоқтаусыз қозғалып, күліп, былдырлап сөйлей береді. Ойын жалпы тұрмысқа, яғни басқа адамдармен бірігіп тұруға үйретеді. Өзінің сөзін, тілегін біреуге тыңдатып, басқаның тілегін, сөзін өзі тыңдап, қысқасы біріккен тұрмыстың бірінші шарты – жалпы заңдарды орындап, атқарып үйренеді. Ал енді жалқы ойын яғни жалғыз ойнау баланың алаңғасар, еліктегіш болмай, өз ісіне ынталы, тиянақты болуына пайдалы. Бірақ осы екі түрлі ойынның кемдік жағы да бар. Ылғи жалғыз ойнап үйренген бала тағы, менменшіл болып, ылғи көппен бірге ойнап үйренген алаңғасар, тиянақсыз, еліктегіш болып шығуы мүмкін. Сондықтан дұрысы – ойынның екі түрін кезекпен ауыстырып отыру.

Осы түрдің қай түрімен болса да ойнап отырған баланың ойынын тәрбиеші бақылауға міндетті. Бірақ бақылаймын деп бүлдіріп алма. Бүлдіріп алу былай болады: былай ойна деп бұйырсаң, баланың ойынға деген ынтасын суытып аласың. Баланың ойынына үлкен адам кіріссе, балаға ойынның қызығы бітеді. Ойын – баланың өз ісі. Баланың ойынына кірісуші болма. Баланы бір нәрсені бүлдірмес үшін тек шеттен бақыла. Есте болу керек, бақыла деген сөз қарауылда тұрған солдаттай қабағыңды түйіп, қақиып тұр деген сөз емес. Олай тұрсаң, бала ойнай алмайды. Егер енді баланың ойынына қатысқың келсе, өзің бала болып қатыс. Яғни ойындарына бөгет, оралғы болма. Балалар сенің жетілген адам екеніңді сезбейтін дәрежеде болсын», дейді ол.

Біз баланың теріс қылығына қоғам болып таңданып жатамыз. Басынан бақылап, бағыт бермегеннен кейін «қалай ондай болды» деу оңай. Мәселен, мектептегі аяусыз жағдайлардың өзіне де қатыгездікке бой үйрететін ойындар мен фильмдердің әсері жоқ емес. Мағжан айтпақшы, баланың қолына берген ойыншық, ойнатқан ойын, «баламен бала болып ойнау» - тәрбиенің іргетасы.