Қырғызстанның бас шаһары – Бішкекте күрес түрлерінен жастар арасында өткен Азия біріншілігінде (U-23) Қазақстан құрамасы мол олжаға кенелді.
Әсіресе отандық грек-рим күресі шеберлерінің табысы толғай болды. Финалға шыққан тоғыз балуанның төртеуі бас жүлдені қанжығасына байлады. Олар – Құрман Азамат (60 кило), Елдос Кәмелов (63 кило), Ислам Умаев (97 кило) және Мақсат Сайлау (87 кило). Ербол Камалиев (55 кило), Асаухат Мұхамадиев (63 кило), Сырым Сәрсен (67 кило), Ислам Евлоев (82 кило) және Джохар Узаров (130 кило) шешуші тұста ұтылып, күміс медальды қанағат тұтты. Нәтижесінде, жерлестеріміз жалпыкомандалық есепте бірінші орынды олжалады.
Сол секілді еліміздің еркін күрес шеберлері де Азия біріншілігінің теңдессізі деп танылды. Бішкекте Ризабек Айтмұхан (92 кило) мен Юнус Гафуров (98 кило) қарсы келгендерді қоғадай жапырып, жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. Ерасыл Мұхтарұлы (57 кило), Әсімжан Дастанбек (61 кило) және Абылай Совет (125 кило) күміс алса, Ақбар Кұрбанов (65 кило), Ілияс Ерболатов (74 кило) және Нұрдәулет Қуанышбай (79 кило) қола медальды мойындарына ілді.
Бұрымдылардың бәсекесінде Ирина Кузнецова (62 кило) алтыннан алқа тақса, Эллада Махяддинова (50 кило) мен Зейнеп Баянова (55 кило) күміспен күптелді. Ал Нилуфар Раимова (57 кило), Альбина Кайыргелдинова (65 кило) және Іңкәр Жанатаева (76 кило) үздік үштікті түйіндеді.