Әйгілі «Еуроспорт» арнасы 3-16 шілде аралағында теннистен Лондонда өтетін Уимблдон турнирінің басты фавориттерінің есімдерін атады. Үздіктер қатарында Қазақстанның бірінші және әлемнің үшінші ракеткасы Елена Рыбакина да бар. Бұл тізімде оған екінші орын бұйырған екен.
Әрине, Рыбакинаның өнері теннистің жілік майын шаққан сарапшылардың тарапынан осылайша жоғары бағалануы тегін емес. 24 жастағы жерлесіміздің соңғы жылдары толағай табысқа қол жеткізіп жүргенін жанкүйерлер жақсы біледі. Былтыр Ұлыбританияның астанасында өткен дәл осы турнирде Еленаның екпініне ешкім шыдай алмаған еді. Қарсы келгендердің барлығын сыпыра ұтқан ол күміс науаны төбесіне көтеріп, сан миллион жанкүйердің қошеметіне бөленді. Сол кезде бұл нәтиже сенсация ретінде бағаланса, кейіннен Рыбакина өзінің мықтылығын талай дүбірлі додада мойындатты. Былтыр ол Аделайда (Аустралия) мен Порторожедегі (Словения) ірі турнирлерде финалға дейін жетсе, биылғы жылдың басында Мельбурнде ұйымдастырылған Аустралияның «Үлкен дулыға» санатындағы ашық біріншілігінің ақтық сынында өнер көрсетті. Одан кейін 1000 ұпайлық Индиан-Уэлсс пен Римдегі додаларда дара шығып, Майамиде екінші орын алды. Осындай орасан зор көрсеткіштерінің арқасында отандасымыз қазіргі кезде әлемдік рейтингте үшінші орынды иеленіп отыр.
«Еуроспорттың» пайымдауынша, Елена Рыбакинаға қарағанда Арина Соболенконың Уимблонда топ жаруына мүмкіндігі біршама жоғары. 25 жастағы Беларусьтің беткеұстары биыл Аустралияның ашық біріншілігінде алдына жан салмады. Жыл сайын US Open, Ролан Гаррос және Уимблдонның жартылай финалына дейін жетіп жүр. Аса ірі халықаралық додаларда 13 мәрте топ жарған Соболенко бүгінгі таңда WTA рейтингінде екінші орынды иеленуде.
Үшінші орында – Ига Свентек. 22 жастағы Польшаның өкілі біраз уақыттан бері әлемдік рейтингте жеке-дара көш бастап келеді. Ол айналдырған үш жыл аралығында Ролан Гарросты (2020, 2022, 2023 жылдары) үш рет ұтты. Былтыр US Open додасында дара шығып, Аустралияның ашық біріншілігінің жартылай финалына дейін жетті. WTA турнирлерінде 14 мәрте топ жарды. Ига тек Уимблдонда табысты өнер көрсете алмай жүр. Поляк қызы Лондондағы жарыстың бірде-бір рет төртінші кезеңінен аспаған. Биыл Аустралияның ашық біріншілігінде дәл осы Свентек біздің Елена Рыбакинаға есе жіберген еді.
Төртінші және бесінші болып тунистік Онс Жабер мен чехиялық Каролина Мухованың есімдері аталады. Әлемнің алтыншы ракеткасы атанып отырған 28 жастағы Жабер былтыр US Open мен Уимблдонның финалында ойнады. WTA сайыстарында ол төрт рет бас жүлдені олжалады. Әлемдік рейтингте 16-сатыға жайғасқан 26 жастағы Мухова биыл Ролан Гарростың финалында өнер көрсетіп, төрткүл дүние жанкүйерлерін тамсандырды. Париждегі додада ол Ига Свентек пен Арина Соболенконы сан соқтырғанын да айта кетуге тиіспіз. Оған дейін Чехияның өкілі Мельбурндегі турнирдің жартылай финалында күш сынасты.