• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Теннис 22 Маусым, 2023

Елена Рыбакина – фавориттер қатарында

196 рет
көрсетілді

Әйгілі «Еуроспорт» арнасы 3-16 шілде аралағында теннистен Лондонда өтетін Уимблдон турнирінің басты фавориттерінің есімдерін атады. Үздіктер қатарында Қазақстанның бірінші және әлемнің үшінші ракеткасы Елена Рыбакина да бар. Бұл тізімде оған екінші орын бұйырған екен.

Әрине, Рыбакинаның өнері теннистің жілік майын шақ­қан сарапшылардың тарапынан осылайша жоғары бағалануы тегін емес. 24 жастағы жерлесіміздің соңғы жылдары толағай та­бысқа қол жеткізіп жүргенін жан­күйер­лер жақсы біледі. Былтыр Ұлы­британияның астанасында өткен дәл осы турнирде Еленаның ек­пініне ешкім шыдай алмаған еді. Қарсы келгендердің барлығын сыпыра ұтқан ол күміс науаны төбесіне көтеріп, сан миллион жанкүйердің қошеметіне бөленді. Сол кезде бұл нәтиже сенсация ретінде бағаланса, кейіннен Рыбакина өзінің мықтылығын талай дүбірлі додада мойындатты. Былтыр ол Аделайда (Аустралия) мен Порторожедегі (Словения) ірі турнирлерде финалға дейін жетсе, биылғы жылдың басында Мельбурнде ұйымдастырылған Аустралияның «Үлкен дулыға» санатындағы ашық бірін­ші­лігінің ақтық сынында өнер көрсетті. Одан кейін 1000 ұпайлық Ин­диан-Уэлсс пен Римдегі додаларда дара шығып, Майамиде екінші орын алды. Осындай орасан зор көрсеткіштерінің ар­қасында отандасымыз қазіргі кезде әлемдік рейтингте үшінші орынды иеленіп отыр.

«Еуроспорттың» пайымдауынша, Елена Рыбакинаға қа­рағанда Арина Соболенконың Уимблонда топ жаруына мүм­кіндігі біршама жоғары. 25 жас­тағы Беларусьтің беткеұстары биыл Аустралияның ашық бірін­шілігінде алдына жан салмады. Жыл сайын US Open, Ролан Гаррос және Уимблдонның жартылай финалына дейін жетіп жүр. Аса ірі халықаралық додаларда 13 мәрте топ жарған Соболенко бүгінгі таңда WTA рейтингінде екінші орынды иеленуде.

Үшінші орында – Ига Свентек. 22 жастағы Польшаның өкілі біраз уақыттан бері әлемдік рейтингте жеке-дара көш бастап келеді. Ол айналдырған үш жыл аралығында Ролан Гарросты (2020, 2022, 2023 жылдары) үш рет ұтты. Былтыр US Open додасында дара шығып, Аустралияның ашық біріншілігінің жартылай финалына дейін жетті. WTA турнирлерінде 14 мәрте топ жарды. Ига тек Уимблдонда табысты өнер көрсете алмай жүр. Поляк қызы Лондондағы жарыстың бірде-бір рет төртінші кезеңінен аспаған. Биыл Аустралияның ашық біріншілігінде дәл осы Свентек біздің Елена Рыбакинаға есе жіберген еді.

Төртінші және бесінші болып тунистік Онс Жабер мен чехиялық Каролина Мухованың есімдері аталады. Әлемнің алтыншы ракеткасы атанып отырған 28 жастағы Жабер былтыр US Open мен Уимблдонның финалында ойнады. WTA сайыстарында ол төрт рет бас жүлдені олжалады. Әлемдік рейтингте 16-сатыға жайғасқан 26 жастағы Мухова биыл Ролан Гарростың финалында өнер көрсетіп, төрт­күл дүние жанкүйерлерін там­сандыр­ды. Париждегі додада ол Ига Свентек пен Арина Собо­ленконы сан соқтырғанын да айта кетуге тиіспіз. Оған дейін Чехия­ның өкілі Мельбурндегі турнир­дің жар­тылай финалында күш сынасты.