• RUB:
    5.39
  • USD:
    479.83
  • EUR:
    528.82
Басты сайтқа өту
Қоғам 22 Маусым, 2023

Кедейлік, сені қайтейін!..

1578 рет
көрсетілді

Посткеңестік елдерді айналып өт­пе­ген күрделі үрдіс бізде де байқалып қалып жүр. Байлар ба­йып, ха­лық­тың табысы кеміп, несиеге тәуелділігі артып барады. Қазақстанда 7,1 миллион адам несиемен өмір сүріп жатыр. Бұл дегеніңіз – халықтың 36 пайызы екінші деңгейлі банктердің ак­ционерлерін байытып отыр деген сөз. Ипо­текалық және автонесиені 25 пайызға, қарапайым адамдар алып жатқан кепілсіз кредитті 56 пайызға дейін көтеріп, халықты қа­­­рыз­ға белше­сі­нен батырып отыр.

Қымбат несиенің құрығы

Қаржыгер Мұрат Темірхановтың айтуынша, бұл жағдайға бірнеше фактор­ әсер­ етіп отыр. Ең басты себеп – ЕДБ ішкі­ жағ­дайды жеке құпия ретінде ұс­тай­­­­ды, Ұлттық банк әр банктегі қай­та­рыл­­­май қалуы мүмкін несиелер­ ту­ра­лы­ біл­­ге­­ні­мен,­ ешқандай шара қол­дан­бай­ды.

Жалпы, халықтың банктен қарыз алып, оны қайтара алмай жүруінің бас­ты­ себебі – несиенің қымбаттығында.

Мұрат Темірхановтың пікірінше, қарыздың қайтпай қалуына эконо­ми­кадағы құрылымдық проблемалар алғы­шарт болып отыр. Банктердің халықты жаппай несиелеуінің нәтижесі қарыз­дарын қайтара алмай жүрген борыш­кер­лер­дің көбеюіне алғышарт болса, бұл өз кезе­гінде онлайн қарыз алушылардың да көбеюіне жол ашты. Өйткені несие тарихы бұзылған жұрт банктерден қарыз ала алмағаннан кейін амалсыздан онлайн­ қа­рыз беретін қаржы ұйымдарына жү­гі­неді.

«Бірінші кредиттік бюро» АҚ биыл сәуір айында жүргізген статистикасына сәй­­кес 7,5 миллион отандасымыздың қа­ры­зы өтелмеген. Бұл – елдегі эконо­ми­­ка­лық белсенді халықтың 77%-ы. Оның­ ішінде 1,5 миллион тұр­ғын несие бо­йын­ша­ төлемді 90 күннен кешіктіріп төлеген.

Ғаламдық проблемалардың ішіндегі күрделілерінің бірі кедейлік екені көп айтылады. Бірақ несімен күрделі деген сұрақтың кемі 100 түрлі жауабы бар. Әлем халқының басым көпшілігінің несиемен өмір сүретіні, тіпті кейбірінің несиесіз өмір сүруді елестете алмайтыны айтылып та, жазылып та жүр. Бірақ табысының қомақты бөлігін несиесі жеп қойып, көшеге шыққаны туралы естіген жоқпыз?

Себебі дамыған елдердің ішкі жалпы өнімі бас банктерінің пайыздық мөлшерлемесін тұрақты деңгейде ұстап тұруға, бизнес өкілдерінен инвесторлар дайындап шығаруға мүмкіндік береді. Басқаша айтқанда ішкі жалпы өніміне дем беріп тұрған тірек мықты. Біздің жағдайымызда банк несиесі кедейліктің бетін «жылтыратып» көрсететін құбы­лысқа айналып кетті деген пікір бар. Қажетті тауарларды бөліп төлеу сырт көзге кедейлік деңгейін төмендетуге мүмкіндік беретін фактор. Банктер несие алу мүмкіндігін шектеп қойса, елдегі кедейліктің нақты көрінісі тайға таңба басқандай айқындалып шыға келеді.

 

Бәріне банк кінәлі ме?

Кедейлік деңгейінің тереңдеп кетуіне банктерді кінәлаған пікір бұрын тәуелсіз сарапшылар деңгейінде айтылатын. Енді бұл тақырып Мәжіліске де жетті.

Маусымның басында Мәжіліс депу­та­ты Абзал Құспан Премьер-ми­нистр Әлихан Смайыловқа жолдаған депу­тат­тық сауалында «take-profit.org» бир­жа­лық порталында әлем елдеріндегі банк­тердің пайыздық мөлшері туралы ақпа­рат­ты табуға болатынын айтқан.

Мәселені ары қарай сабақтасақ, Кореяда бұл көрсеткіш – 3,5, Қытайда – 3,65, Германияда – 3,75, Англияда – 4,25, Канада – 4,5, АҚШ-та – 5,25 пайыз деңгейінде белгіленген. Ал посткеңестік елдерге келсек, Өзбекстан Ұлттық банкінің пайыздық мөлшері – 14, Қырғызстанда – 13, Тәжікстанда – 10, Әзер­байжанда – 9 пайыз деңгейінде.

«Тынық мұхитының оңтүстік-батыс бөлігіндегі шағын аралдарда орналасқан Фиджидегі банктер пайыздық мөлшері – 0,25, Камбоджада – 0,88 пайыз екен. Сонда жерінің асты байлыққа тұнған Қазақстан халқы несиені 16,75 пайызбен алып отыр», дейді мәжіліс депутаты А.Құспан.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің «ВТБ Банк» пен Bereke bank жылдық пайыздық мөлшерлемесі – 21,5, «Банк ЦентрКредитте» – 23,6, «Еуразиялық банк» – 23,7, Kaspi bank АҚ – 24,4, Home credit bank-те 28,5 екені айтылған. Бұған банктердің сақтандыру және тағы басқа міндеттерін қоса есептегенде 4-5 жылға рәсімделген несиенің банк алдындағы өсімі екі-үш есеге дейін қымбаттап кетеді.

А.Құспанның айтуынша, Ұлттық банктің несие пайызы жылына 56% па­йыздан аспауы керек» деген шектеу шешімі халықтық емес, халықты қабырғаға тіреп қоятын шешімге айналып, бұрын ел-жұрттан жасырып келген кедейлік деңгейін жалаңаштап қойды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Экономиканың нақты секто­рын несиелендіруді кеңейту және халықтың борыштық жүктемесін азайту шарала­ры туралы» Жарлыққа қол қойды. Құжат­та, басқалармен қатар, шағын несие­лер бо­йынша мөлшерлемелерді рет­теу­ді қатайту және 90 күннен астам кешік­тірілген азаматтардың борыштық жүктемесінің өсуін шектеу туралы айты­ла­ды. Сарап­шы­лардың сөзіне сенсек, бұл құжат несие сегментіндегі жағдайды өз­герте алмаса да Банкроттық туралы Заң­ды және кепілсіз тұтынушылық несиелер бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін 56 пайыздан 44 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік беруі мүм­кін» деген болжамды да жоққа шығар­май­ды.

Сарапшы Ерлан Ибрагимнің сөзінше банк қайырымдылық қоры емес – бизнес. Ол халықтың талабымен санасуға міндетті емес. Тек біздің елде ғана емес, посткеңестік елдердің банктерінің ойын ережесі дамыған елдерге қарағанда өзге­ше­леу. Үкімет пен банктің бір-біріне деген «ықыласы» қаржы секторының ешбір халық­аралық тәжірибеге ұқсамайтын «посткеңестік» үлгісін қалыптастырып, ішкі нарықпен арадағы сенімсіздік синдромын қалыптастырды.

Елдегі кедейлік деңгейінің тым қатты тамырланып кетуінің себебі мен салдары сарапшылар үшін зерделене қоймаған тақырып: Кейбір сарапшылар кедейлік деңгейіне банк несиесінің түк те қатысы жоғын айтады. Ал екінші топ «пайыздық мөлшерлемені төмендетсе, банктер қосымша табысынан айырылып қалады. Бұған жол бермей отырған лобби топтар бар» дейді. Осы тақырып туралы сөз болса, ел-жұрттың назары Ұлттық банк пен базалық мөлшерлеменің деңгейіне аударылады. Базалық мөлшерлемедегі өзгерістер экономикадағы ақшаның құ­нын­ қымбаттату үшін жасалады. Бірақ сарап­­­шылардың пайымдауынша, бүгінгі жағ­дай біршама күрделі. Ендігі жерде халықты несиелендіру көлемі едәуір азая­ды. Сонымен бірге несиені өтеу құны қымбаттайды.

«Тәуелсіз сарапшылар Ұлттық банк Үкімет пен нарықтың арасындағы оператор міндетімен шектеліп отыр»дегенді жиі айтады. Бұл да – шикізатқа бағдар­ла­н­ған елдердің экономикасына тән ортақ құбылыс.

 

Халықты қанаудың «сауатты-мәдениетті» схемасы

«Ұлттық банк маржасы инфляция деңгейінен 2 пайызға жоғары жүреді. Қазіргі көрсеткіш 16.5 екенін өткен аптадан бері жазып жатырмыз. Демек дәл қазір бас банктің ЕДБ-ға арналған маржасы 18 па­йыздан асып жығылады», дейді Е.Ибрагим.

Бірер жылдан бері коммерциялық банктер саясатында бір жылымық барын сезіп жүрміз. Мұны сарапшылар­ оли­гар­хиялық топтардың Үкімет арқылы эконо­микаға қысымының әлсірей баста­ғанымен түсіндіреді. Бір кездері «эко­номика түзеуші банктер» ретінде мем­ле­кеттің алақанында отырған банктердің бі­разы 2009 жылдардағы Үкіметтен ал­ған­ несиесін қайтаруға ниеттеніп жатыр.

Ішкі нарық үшін пайыздық мөлшер­ле­менің кенеттен емес, нарықтың ың­ға­йына қарап төмендегені маңызды. Ұлт­тық банктің нарықты соған дайындай бастағанын біраздан бері байқап жүрміз. Базалық мөлшерлемедегі оң өзге­рістердің әсерін нарық араға айлар салып қабылдайтыны белгілі. Өткен аптада Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пір­матов екінші жарты жылдықта база­лық мөлшерлемені төмендетудің мүм­кін­діктерін қарастыратынын айтты.

«Біздің шешімдеріміз негізінен баға­­­ның­ нақты өсуінің болжамды баға­лау­лар­ға сәйкестігіне, жанар-жағармай мен ком­муналдық қызметтерге баға­ның жоға­ры­лауының жанама әсер­ле­рінің қалып­­ты әсері аясында база­лық­ инфля­ция­­­ның баяулауының тұрақ­ты­лы­ғына, инф­ляциялық күту динамикасына, сон­дай-ақ 2024-2025 жылдарға арнал­ған бюд­жетті қалыптастыру кезін­де­ бюд­жет­тік ере­же­ні сақтау», деп түсін­дір­ді Ғалымжан Пірматов.

Сарапшы-талдаушы Петр Своиктің айтуынша, Қазақстанның қазіргі жағ­дайы әлемдік қаржы дағдарысына себеп болған құбылыстардың кері, қисынсыз жаңғырығы. Өнеркәсіптік несиелеуден тұтынушылық несиелеуге қайта бағдарланғаны АҚШ президенті Рейганның тұсында байқалыпты. Жаңа үлгі капиталистік өндірісті ұстап тұруға және дамытуға көмектесті, бірақ қоғамды қарызға белшесінен батырып жіберді. Содан әлемдік қауымдастық бұл жүйені кедейлік деңгейін көтеріп жіберетін фактор ретінде қарастырады. Стратегиялық тұрғыдан Үкіметте «экономиканы нелік­тен жақсарту керек деген сұраққа жауап бар,бірақ іс жүзінде бұл сұраққа жауап іздеп, бас қатырып жүргендердің аз екені байқалып қалады. Сарапшы айтып өткендей, кедейлік деңгейі қызыл сызықтан асып кетсе, халық Ұлттық банкке, Ұлттық банк Үкіметке қарайды. «Біздің елде кедейлікті бағалау әдісі өзгермейді. Табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен жоғары адам кедей емес. Бұл тәсіл кедейлік деңгейін ресми түрде төмендетуге мүмкіндік береді. Бүгінде әрбір оныншы азамат кедейлік шегінде өмір сүреді», дейді П.Своик

Осы тұста сарапшы біздегі жағдай халқын қанаудың «сауатты-мәдениетті» түрде ойластырылған схемасы деген пікірге басымдық беретінін қаперге салды. Экономиканы несиелендірмесе де шикізат экспорты жүріп, бюджетке қаржы түсіп жатыр. Біздің ел сыртқы нарыққа тиімді – шикізатты экспортқа шығаруды және елде өндірілмейтіннің барлығын импорттауға басымдық беретін жобаларды ғана қаржыландырады», дейді П.Своик.

 

Несие статистикасы зерделенбейді

Сарапшы айтып өткендей, кедейлік – өте субъективті құндылық. Елдің эконо­ми­калық даму деңгейі, орташа және ең төменгі жалақыға, тұтыну қоржыны да ке­дейлік деңгейіне қарап анықталады.

«Біздің экономика арқылы тұр­мы­сы­мыз да шетелдік экономикамен интег­ра­цияланып кетті. Дамыған елдердің экон­о­микасын жел шайқаса, бізде дауыл­ тұрады. Сондықтан «экспорттық» экономиканы тезірек қайта құруға кірісу керек еді. Біз осының шеңберінде ғана кедей­ліктен құтыламыз», дейді П. Своик.

Қарыздық жүктемені азайту шаралары туралы қаулы мәселені шешуге жеткілікті емес екенін сарапшы-экономист Рахым Ошақбаев та құптайды. Оның пайымдауынша, бұл мәселе – экономикада аз зерттелген және қауіп-қатері тиісті деңгейде бағаланбаған бағыт.

Сарапшы 2016 жылдан бері жеке тұлға­­ларды несиелендіру 340 пайызға, яғни 4,2 триллионнан 14,2 триллион теңгеге дейін өскенін, ал заңды тұл­ға­ларды несиелеу 8,5 триллионнан 8,7 триллион теңгеге, 1,7 пайызға өс­кенін келтірді. «Бізде тауарлық не­сиені, тұтыну тауарларын артық төлем­сіз­ бөліп-бөліп алуға болады деген түсі­ні­к қалыптасқан. Тауардың құнына комис­сиялық платформалар немесе сатып­ алу жүзеге асырылатын экожүйе кіре­тінін қапер­ге алынбайды. Ұлттық банк мұны ет пен терінің арасындағы жел сияқты назар аударуға тұрмайтын мәселе ретін­де қарастырғысы келеді. Ал шын мәнін­де­ мұндай жүйе банктердің пайдасына­ жұ­мыс істеп жатыр», дейді Рахым Ошақ­­­­баев.

Оның айтуынша, ЕДБ-ның пайдасына да, кедейлік деңгейінің бақылаудан шы­ғып­ кетуіне де қас пен көздің арасында жасы­ры­нып қалатын осындай ұсақ-түйектер де әсер етеді екен.

 

АЛМАТЫ