• RUB:
    4.73
  • USD:
    511.22
  • EUR:
    540.05
Басты сайтқа өту
Пікір 21 Маусым, 2023

Халықтың мүддесін ескерген жиын

229 рет
көрсетілді

Ұлттық құрылтайдың тарихи ма­ңызы зор аймақтарда өтуі – ежелгі дәстүрдің жаңғыруы. Түркістанда елдік мәселелер қозғалып, нақты шешімдер қабылданды.

Тарихымызда ұлт ұстындарының Күлтөбе, Мәртөбе мен Ордабасыда жиналып, кеңес құрғаны белгілі. Былтыр Ұлытауда басталып, араға жыл салып Түркістанда жалғасын тапқан Ұлттық құрылтай сәтті өтті.

Президент өз сөзінде «Әбіш Кекіл­баев «Қазақ рухының қағбасы», деп атаған Ордабасы осы жерге тиіп тұр. Осынау әйгілі төбелерде халқымыздың игі жақсылары сан рет бас қосқан. Болашақта да осы мәртебелі миссиясын атқара береді», деп бұл істерді үйлестіру міндеті мен жауапкершілігі өңірді бас­қа­рушы азаматтарға жүктелетінін баса айтты. Сондай-ақ Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне ұлттық мәдени-тари­хи ес­керткіш мәртебесін беру туралы ен­гі­зілген ұсынысты қолдайтынын білдірді.

Мемлекет басшысы Ұлттық құрыл­тайдың екінші отырысына «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» атаудың берілу мәні бар екенін атап өтті. «Әді­летті Қазақстан» мен адал қызмет ету – егіз ұғым. Жуырда орын алған зардабы мол оқиғаны тілге тиек етіп, біз үшін сабақ болғанын жеткізді. Ауыр сынақтарды тек бірлік арқылы жеңетініміздің тағы бір айғағы болды.

Азаматтардың сана-сезімі жаңғыр­май реформа немесе бастаманы іске асты деу бекер екенін де сөз етті. Расы­мен азаматтардың дүниетанымы, ұста­нымы мен пиғылы бір арнада тоғыспа­са және өзгермесе нәтиже күту де бос сөз. Мем­лекет пен қоғам ортақ іске жұ­мыл­ғанда ғана өміршең идеология қалыптаса бастайды.

Қ.Тоқаев ортаға салған мәселелер және негізгі бағыттарды шешімдерімен бірге мәлімдеді. Ең әуелі мемлекеттік нышандардың алар орнына тоқталып, аймақтық нышандарды біркелкі етіп ретке келтіруді тапсырды. Мем­ле­кеттік наградаларды беруде халық­тың ықыласы ескеріліп, тарихи тұлға­ларымыз Әл-Фараби, Абай, Ахмет Бай­тұрсынұлы атындағы сыйлықтар беріледі. Республикада енді «Еңбек күніне» орай ең үздік мамандар мемле­кеттік деңгейде ұлықталады.

Президент Қожа Ахмет Ясауидің туғанына 930 жыл толуына орай, «Ясауитану» ғылыми орталығын немесе институтын құру бастамасын көтерді. Бұл шешім ғұламаның түркі халық­тарына қалдырған еңбегіне жаса­латын құрмет деп есептеймін. Жағымд­ы жаңалық мұнымен біткен жоқ. Пре­зидент жақында Марал ишанның Кене­сары ханға сыйлаған Құраны табыл­ғаны туралы ақпаратпен бөлісті. Екі ғасыр бойы қолдан-қолға көшкен Құран қалпына келтірілген соң Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне қойылғаны жөн деген байламға келіпті. Мемлекет бас­шысы: «Бұл оқиға Қазақстанның жаңа дәуі­рінің берекелі бастауы болсын деп тілейік», деп жақсы ырымға балады.

Қазақстанда бұған дейін түрлі спорт­тық олимпиадалар өтті. Деген­мен ұлттық спортты насихаттайтын жарыс­тар ұйымдастырылмаған еді. 2024 жылы елімізде V Дүниежүзілік көшпелілер ойындары өтеді. Бұл сайысқа Түркістан облысының спортшылары қатысады.

Ұлттық құрылтайда ақпараттық саясат, кино өндірісі, архив ісі, балалар кітапханасы бағдарламасы, шекаралас аудандарды қалпына келтіру және ауылдарды дамыту жайында тапсырмалар жүктелді. «Президент – әулие емес, халықтан биік тұлға емес», деген Қ.Тоқаев өзін мадақтаудан гөрі мемлекет пен халық мүддесі үшін адал қызмет ету керектігін ескертті.

 

Бейсен ТӘЖІБАЕВ,

Түркістан облысы әкімінің орынбасары