Өндірісі өркендеген Солтүстік Қазақстан облысының әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны жылдан-жылға ілгерілеп келеді. Осы оң өзгеріс тұрғындардың әлеуметтік жағдайына әсер ететіні анық. Өңірде үйлесімді іске асып жатқан осы және өзге де межелі міндеттер жөнінде облыс әкімі Айдарбек Сапаров Орталық коммуникациялар қызметі алаңында баяндады.
Аграрлық салада алға басу бар
Солтүстік Қазақстан облысындағы өзекті мәселелер жыл басынан айқындалып, соның ішінде кезек күттірмейтін және кезең-кезеңімен іске асатын жұмыстардың жоспары қабылданған. Көп ұзамай әр ауданның даму жоспары әзірленген. Облыс әкімдігі алға қойған межелі міндеттерді жыл соңына дейін орындауға бекініп отыр. Солтүстік Қазақстан облысы әуелден аграрлық өңір саналады. Ондағы шаруалар республика бойынша дәнді-дақылдардың төрттен бір бөлігін өсіреді. Әрине, ауыл шаруашылығы саласын шалқытып отырған өңірлердің басты міндеті – импортқа тәуелділікті азайтып, өңірді өзінің азық-түліктерімен қамтамасыз ету екені белгілі. Солтүстікте ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы шығарылымы бес айда шамамен 101 млрд теңгені құраған. Нақты көлем индексі – 103,6%. Ол аз десеңіз, мал басымен қатар өнімді қайта өңдеу ісі ілгерілеген. Биыл облыста ауыл шаруашылығы дақылдары егістігінің аумағы 4,5 млн гектарды құраған. Яғни көлем 90 мың гектарға ұлғайған. Оның ішінде майлы дақылдар жобамен 1 млн гектар аумақты алып жатыр. Айталық, бұл көлем – ел бойынша ең жоғары көрсеткіш саналады. Биыл ішкі нарықты әлеуметтік маңызы бар өнімдермен қамтамасыз ету үшін қарақұмықтың егіс алқабы 3 есе, картоп, сәбіз және қырыққабат өнімдерінің аумағы 2 есе ұлғайыпты.
Жайылым мен егістік кеңейеді
Облыс әкімдігі өңірдегі барлық ауыл шаруашылығы жерлерін түгендеуден қол үзбеген. Мысалы, жергілікті билік жыл соңына дейін 330 мың гектарға жуық жерді мемлекет меншігіне қайтаруды жоспарлап отыр екен.
– Бұл жерлер болашақта егіс алқаптары мен жайылымды кеңейту үшін тұрғындарға пайдалануға беріледі. Сонымен қатар облыстағы 223,4 мың гектар жер қор жерлеріне жатады. Біз ол жерлерді халыққа малын жаю үшін және конкурс арқылы ауыл шаруашылығы өндірісімен айналысуды көздеген еңбеккерлерге беруді жоспарлап отырмыз. Біз ауыл тұрғындарына жыл бойы жұмыс пен табыс әкелетін мал шаруашылығын дамытуға ерекше назар аударамыз. Облыста жыл сайын мал басы өсіп келеді. Нәтижесінде, кейінгі бес айда ет өндірісі 7,1%-ға (37,3 мың тонна) өсті. Сүт 4,4% өсіммен өндірілді. Бұл меже 30 заманауи жоғары өнімді сүт фермаларын ашу арқылы орындалды. Биыл 13 мың бас малға шақталған 17 ферманың құрылысы басталды. Оның 9-ы жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деп күтіліп отыр. Фермалар ауылдық елді мекендерде салынуда. Бір кешен кем дегенде 50 адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді. Фермалардың құрылысы Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясымен қанатқақты жобаны іске асырудың арқасында мүмкін болғанын атап өтемін. Жоба бойынша пайыздық мөлшерлеме 2,5% құрайды. Биылдан бастап біздің облыстың тәжірибесі еліміздің басқа өңірлеріне таралғанын атап өткен жөн, – дейді А.Сапаров.
Өнеркәсіпке – кең өріс
Солтүстік Қазақстан облысында Индустриялық саланы дамыту жұмыстары жалғасып жатыр. Бес айдың қорытындысы бойынша өнеркәсіп өндірісінің көлемі 234,6 млрд теңгені құраған. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 120%-ға өскенін аңғартады. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібінің үлесі 192 млрд-тан астам теңгеге жеткен. Өсім машина жасау саласы, Петропавл қаласында ашылған әлемге танымал «CLAAS» компаниясының техникасын құрастыру кәсіпорны, «Урал» мотоциклдері, трансформатор өндірісі, жолаушы вагондары және тамақ өнімдері есебінен шығып отыр. Облыс әкімі Айдарбек Сапаровтың айтуынша, жылдың соңына дейін өнеркәсіп өндірісінің көлемі 595 млрд теңгеге дейін ұлғаяды. Яғни мұнда жұмыс істеп тұрған кәсіпорындармен қоса жаңа кәсіпорындарға да сенім артылмақ.
Кейінгі жылдары жергілікті атқарушы органдар инвестиция тартуға көбірек көңіл бөлетін болған. Осы ретте инвестиция игілігінен Солтүстік Қазақстан облысы да құр қалған жоқ. Ашып айтар болсақ, жыл басынан облыс экономикасына 109 млрд теңгеден астам инвестиция тартылған. Жергілікті әкімдік жыл соңына дейін инвестиция көлемін 496,5 млрд теңгеге жеткізуді жоспарлап отыр.
Тұрғын үй мәселесі тұраламауға тиіс
Әрине, облыс әкімдігі ең бірінші кезекте тұрғындардың жайлы өмір сүруіне қолайлы жағдай жасауды алға қойып отыр. Мұның ішінде халықты тұрғын үймен, жұмыспен қамтуға ықпалдасып, инфрақұрылымды дамыту, білім деңгейін арттырып, медициналық қызмет көрсету сапасын ілгерілету сынды бірнеше бағыт бар.
– Өкінішке қарай, былтыр өңірде жоспарланған тұрғын үйлер толық берілмеді. Біз кемшіліктерді ескердік және мәселені шешу үшін мүмкін болатын шараларды қабылдадық. Құрылысты аяқтап, бюджеттік үйлердің инженерлік желілерін жүргізу үшін қосымша қаржы бөлінді. Бүгінде 36 көппәтерлі тұрғын үй салынып жатыр. Оның 16-сы – коммерциялық. Құрылыс сапасына нұқсан келтірмей, тұрғын үйді мерзімінде тапсыруды қамтамасыз ету үшін барлық шараларды қабылдаймыз. Жыл соңына дейін пәтерлер кілті 3 мың отбасыға табысталады. Оның ішінде 702 пәтерді халықтың әлеуметтік осал топтары арасында бөлеміз. 140-ын жетім балалар алады.
Бірақ бұл да жеткіліксіз. Себебі облыс бойынша тұрғын үй алуға кезекте 20 мыңнан астам адам тұр. Сондықтан біз осы бағыттағы жұмыстарды жалғастырамыз, – деді А.Сапаров.
Осыдан соң, БАҚ өкілдері облыс әкіміне өңірдің әлеуметтік-экономикалық ахуалына қатысты сұрақтар қойды. Орайы келгенде біз Айдарбек Сапаровтан Петропавлдағы апатты жағдайдағы 2 көпірдің қашан жөндеуден өтіп, қай жылы пайдалануға берілетінін сұраған едік.
– Петропавлда екі апатты жағдайдағы көпір бар. Бірі, темір жолдың үстінен, екіншісі, Есіл өзенінен өтеді. Темір жолдан өтетін көпірдің жобасы дайын. Конкурс жариялап, жұмысты бастап кеттік. Осы мәселе жөнінде Премьер-министрге кірдім. Өзіміз жұмысты бастауға жергілікті бюджеттен 500 млн теңге бөлдік. Енді келер жылы республикадан қосымша қаржы қаралады. Сондықтан жұмыс биыл басталса, осы көпірдің мәселесі шешілді деуге болады. Ал енді екінші көпірдің жайына тоқталайын. Бұған дейін бірнеше рет конкурс өткен. Бірақ уақытында орындалмады. Сондықтан ол көпірдің сметалық құжаттарына өзгерістер енгізу керек. Оның жобасы 30 млрд-қа шығады. Келер жылы осыны реттесек, құрылыс басталуы керек. Ол көпірдің ұзындығы – 345 метр. Сондықтан келер жылы құрылысты ірі компанияны жүргізген күннің өзінде, кемі екі жылда салып бітіреді.
Ізінше, Петропавлдағы тозығы жеткен қоғамдық көліктер қашан жаңартылатынын сұрадық.
– Қалада 180 автобус жүреді. Оның 100-ін жаңарттық. Биыл 20-сын жаңартуды жоспарлап отырмыз. 2025 жылға дейін автопарктерді 100% жаңартуға бел буып отырмыз. Автопарк басшыларымен кездесіп, оларға қажетінше қолдау көрсетіп, субсидия төлеп отырмыз. Сонымен қатар автобустарды лизинг арқылы алып беру мәселесін бақылауға алдық, – деп жауап берді әкім.