Синоптиктер 23 маусымға арналған ауа райы болжамын ұсынды, деп хабарлайды Egemen.kz «Қазгидрометке» сілтеме жасап.
Республиканың барлық дерлік аумағы әлі де атмосфералық фронтальды учаскелердің ықпалында болады. Соған байланысты найзағай ойнап, жаңбыр жауады. Тек республиканың оңтүстік-батысында және оңтүстігінде ауа райы жауын-шашынсыз болады.
«Республиканың басым бөлігінде жел күшейіп, бұршақ жауады, оңтүстік-батысында — шаңды дауыл тұрады, Солтүстік Қазақстан облысында түнде және таңертең тұман түседі», деп хабарлады синоптиктер.
Астанада – көшпелі бұлт шығады, күндіз ауық-ауық жаңбыр жауады, найзағай ойнайды. Солтүстік-батыстан соғатын жел солтүстік-шығысқа ауысады, түнде 2-7, күндіз 9-14 м/с болады. Ауа температурасы түнде +6+8°С, күндіз +19+21°С. Алматыда – көшпелі бұлт шығады, өткінші жаңбыр жауады, найзағай ойнайды. Солтүстік-батыстан 3-8 жел соғады, найзағайдың екпіні 13 м/с. Ауа температурасы түнде +16+18°С, күндіз +29+31°С. Шымкентте – көшпелі бұлт шығады, жауын-шашынсыз. Солтүстік-батыстан 8-13 м/с жел соғады. Ауа температурасы түнде +18+20°С, күндіз +32+34°С.